11 қараша күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өнерсүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлаған «Италия музыкасы» атты музыкалық кофехана кеші өтті.
Әлемдік музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, опера жанрының алтын бесігіне айналған Италия елінің музыкасы камералық музыка ансамблінің, хор ұжымының, филармония солистерінің орындауында сахна төрінен төгілді.
Концерттік бағдарламада концертмейстерлер: Наталья Грицаева мен Ольга Гергельдің сүйемелдеуімен «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, халықаралық байқаулардың лауреаты Эльмира Камарницкая, Аманғали Жұматаев, Серік Тасмұқамбетов, Ақылжан Амангелді өнер көрсетіп, кештің мазмұнын байытып, тыңдарманына ерекше әсер сыйлады. Майталман музыканттар Әлібек Ахмалишев, Айзада Кемел, Балжан Зұлқарнай, Жұмабике Омарова және Яромир Бевзовойдың кәсіби орындаушылық шеберлігі мен шығармалардың сырлы сазы үйлесім тауып, Италияның бай музыкалық дәстүрі мен қайталанбас өнер әлемін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Кештің мазмұндық әрі танымдық қырын дәрісші-музыкатанушы Юлия Никитенко аша түсті. Ол әрбір музыкалық шығармаға тоқталып, оның тарихы мен көркемдік сипаты жөнінде қызықты мағлұматтар берді.
Ерекше форматта ұйымдастырылған музыкалық кофехана кеші көрерменге концерттік бағдарламаны өзгеше жағдайда тамашалап, жанды музыканың құдіретін жақыннан сезінуге жол ашты.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1290-italiya-muzykasy.html#sigProId03874ad2b0

