7 қазан күні Көкшетау қаласында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді.

Өңіріміздегі өнердің қара шаңырақтарының бірі саналатын филармонияның 80 жылдық мерейтойы өнер ордасының қалыптасуы мен кемелденуін, бірнеше буын өнер иелерінің кәсіби ізденісі мен шығармашылық еңбегін айшықтаған тарихи белеске айналды. Осы жылдар ішінде филармония еліміздің мәдени-рухани өмірінде өзіндік орны бар кәсіби өнер ордасы ретінде қалыптасты.

Мерейтойлық іс-шаралар бағдарламасы сағат 11:00-де «Таза Қазақстан» – мәдениет кеңістігінде» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен басталды. Оған Қазақстан филармонияларының директорлары, мәдениет саласындағы жетекші ұйымдардың басшылары, арнайы шақырылған қонақтар мен спикерлер қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы – Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов болды.

Сағат 16:00-де еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға Көкшетау қаласының мәдениет және өнер нысандарына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжіне арнайы барып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен, оқу үдерісімен және мәдениет пен өнер саласына кәсіби мамандар даярлау бағыттарымен танысты.

Кешкі сағат 19:00-де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық ұжымдардың гала-концерті өтті.

Мерейтойлық кеш бағдарламасында К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі, камералық хор мен филармония солистері өнер көрсетті. Шығармашылық ұжымдар филармонияның негізгі өнер бағыттарын бір сахнада тоғыстырып, көрермендерге мазмұнды әрі әсерлі музыкалық кеш сыйлады. Әрбір шығарма мен әрбір орындау уақыт пен ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықты айқындады.

Филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт тағылымды тарихтың жалғасы, бүгінгі өнердің жарқын көрінісі және өнер ордасының болашақ белестеріне бастайтын жаңа шығармашылық кезеңнің бастауы болды.

Онлайн кім

Қазір 40 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр