10 маусым күні   белгілі қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші аясында «Абылай хан және ұлттық бірегейлік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан Республикасы Қоғамдық Ғылымдар академиясының академигі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілерінің иегері, Ш.Уәлиханов және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің Құрметті профессоры Мұрат қажы Ыдырысұлы – саналы ғұмырын ұлттық тарихты зерделеуге, рухани мұраны насихаттауға және жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған көрнекті тұлға. Оның ғылыми-зерттеу еңбектері мен ағартушылық қызметі ел тарихын танытуда ерекше маңызға ие. 

Халықаралық конференция барысында   ғалымдар, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері ұлттық тарих, рухани сабақтастық және елдік сана мәселелері төңірегінде ой өрбітті. Қазақ халқының тарихына үңіліп, Көк Түрік қағанатынан Қазақ хандығына дейін  тоқтала,   Абылай хан дәуірінің елдік мұратын қазіргі қоғаммен сабақтастыра насихаттады.

Конференцияның алғашқы бөлімі Абылай ханның туғанына 315 жыл толуына орай Абылай ханның тарихи рөлі, қазақ мемлекеттілігін нығайту жолындағы қызметі, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар хан дәуірінің тарихи маңызы мен оның тәуелсіздік идеяларымен үндестігі ғылыми тұрғыда сараланып, «Абылай хан және ұлттық бірегейлік», «Абылай хан тұсындағы Орталық Азиядағы  көшпелі халықтардың интеграциясы», «Абылай ханның қара жолы»: тарихи деректер мен өңірлік зерттеулер»,   Абылай ханның қара жолы» экспедициясының  тәрбиелік мәні, «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ және өзбек  халықтарының өзара қарым-қатынасы», «Мыңжылдық тарихы бар Көкшетау» сынды мазмұнды баяндамалар жасалды.  

 Екінші бөлімде Мұрат қажы Ыдырысұлының шығармашылық жолы, ғылыми еңбектері, өлкетану саласына қосқан үлесі мен рухани-ағартушылық қызметі кеңінен таныстырылып, мерейтой иесінің ел мәдениеті мен ғылымына сіңірген еңбегі туралы баяндамалар жасалды. Сонымен қатар Мұрат қажы Ыдырысұлының Қазақстанда баламасы жоқ «Абылай ханның қара жолы» тарихи-танымдық экспедициясының ұйымдастырушысы ретіндегі қызметі, 2018–2023 жылдар аралығында республикалық және халықаралық деңгейде жүзеге асқан іргелі экспедициялары және сол зерттеулер нәтижесінде жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» атты 4 томдық еңбегі ерекше аталып өтті.

Іс-шара соңында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Абылай ханның «Шаңды жорық» күйін, К.Күмісбековтің «Вальс», М.Бексейітовтің «Көкшетау маршы» туындыларын, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола  облыстық  музыкалық-драма театры «Абылай ханның монолігін», Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжі Қ.Сақайдың «Қарайлама қарағым», С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндерін орындады.

Конференция аясында филармония фойесінде арнайы кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге Мұрат қажы Ыдырысұлының еңбектері мен тарихи-танымдық материалдар ұсынылды.

Онлайн кім

Қазір 434 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр