21 мамыр күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің «Айнакөл айдынында» атты концерті өтті.

Халық әуезі мен этно сарынның терең иірімдерін тыңдаушы жүрегіне шебер жеткізе білген «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің өнер жолы тағылымға толы. Жылдар бойы ансамбль Көкшенің қасиетті өнер кеңістігін ұлттық нақыштағы асыл мұралармен байытып, төл мәдениетіміздің тамырын тереңнен тартқан жауһар дүниелерін көрерменмен қауыштырып келеді. Ансамбльдің атауы сұлу Бурабайдың табиғат көркін айшықтайтын Айнакөлінің мөлдір болмысымен үндесіп, қазақ өнерінің тазалығы мен рухани тереңдігін бейнелейді.

Ансамбль репертуарында халық ән-күйлерімен қатар, заманауи композиторлардың этно бағыттағы шығармалары да кеңінен орын алған. Көнеден жеткен күй сарыны мен бүгінгі музыкалық ізденістерді үйлестіре білген ұжым ұлттық өнердің өміршеңдігін айқын танытып келеді. 

   Кеш барысында өзіндік ерекше қолтаңбасы қалыптасқан ансамбль Мадиар Абайдың жетекшілігімен мазмұны бай, ұлттық нақышқа қанық концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Ансамбль орындауында М.Бердіғұловтың «Құлагер», Қ.Нүкішевтің «Дала жыры», А.Ануардың «Қазақ хандығы», Т.Жахиннің «Күзгі сезім», халық әні «Нақ-нақ», Т.Шөкеновтің «Самғау», А.Еңсеповтің «Әке толғауы» шығармалары сахна төрінен төгілді.

Өнер сүйер қауым «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы Дәулеткерейдің «Қосалқа», А.Мұздахановтың «Тархан баба» шығармаларын ерекше әсермен тамашалап, ұлттық музыка мен би үндестігіне тәнті болды. Сонымен қатар филармонияның күміс көмей әншілері: «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаева Е.Үсеновтің «Меруерт моншақ» әнін нәзік иіріммен орындаса, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов халық әні «Он алты қызды» кең тыныспен шырқап, көрермен қошеметіне ие болды. Саида Сағди халық әні «Әгугайды» әуелете орындап, ұлттық ән өнерінің терең бояуын сезіндірді. Алтынбек Бектемір «Нақ-нақ» халық әнін өзіндік нақышпен әсерлі орындап, көрермен  ықыласына бөленді.

Әртіс-аспапшылар қатарында Айзада Кемел Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін сырлы нақышпен орындаса, Бауыржан Балтин авторлық «Дала әуені» шығармасын, Алмас Омаров та өзі шығарған   «Сәйгүлік» туындысын,   Саят Бабаев Н.Сағнайдың «Номад» шығармасын тыңдарманға тарту етті. 

    Көненің көзін жаңғыртып, ұлттық туындыларымызды халқымыздың сырлы, сазды аспаптарына салып жеткізген, өткен мен бүгінгі ғасырды жалғаған фольклорлық ансамбльдің «Айнакөл айдынында» концерті халқымыздың мәдени байлығын, дәстүрлі өнерінің сұлулығын көрсететін ерекше концерт болғаны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 10 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр