9 сәуір күні дирижер Алихан Идрисовтың жетекшілік етуімен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде композитор, «Мәдениет саласының үздігі» Болат Есмұхановтың «Жарығым-ай» атты шығармашылық кеші өтті.
Қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан композитордың кеші көрермендерді оның бай да мазмұнды шығармашылық әлеміне жетеледі. Кеш барысында Алтынбек Бектемірдің орындауында Болат Есмұхановтың «Арман», Арай Букаева мен Алан Бектеміровтың орындауында «Сағыныш» әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Сонымен қатар композитордың танымал ақын-жазушылардың өлеңдеріне шығарған әндері филармония әншілері: «Мәдениет қайраткері», «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, «Мәдениет саласының үздігі» Ләззат Едрисова, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Саида Сағди, Инара Мукушева, Аманғали Жұматаевтың орындауында сахна төрінен төгілді. Әрбір орындалған ән мен әуенде өмірдің нәзік иірімдері, адам жанының терең толғаныстары мен туған жерге деген ыстық сүйіспеншілік айқын сезілді.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – композитордың жан жары Еңбек ардагері Мара Есмұханова көрермен көңілін тербеп, Т.Молдағалиевтің «Сен кінәлі емессің», Жанат Есовпен бірлесе Алмас Темірбайдың «Ауылға кеткім келеді», Е.Баятұлының «Қызғалдақ» әндерін орындуы болды. Бір әулеттің өнерге деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық үндестігі бұл кештің мазмұнын байыта түсіп, тағылымды көрініске айналды.
Әсем ән мен шынайы сезімге толы бұл шығармашылық кеш көрерменге ерекше әсер етіп, рухани ләззатқа бөлегені сөзсіз.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1216-bolat-esm-khanovty-zhary-ym-aj-shy-armashyly-keshi.html#sigProIde5cced5ed0

