28 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасы ақпарат және мәдениет саласының үздігі, ақын, жазушы-журналист Байқал Байәділдің «Жақсылығын Көкшенің жайдым елге» атты шығармашылық кеші өтті.
Байқал Байәділ – қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер ретінде танылып, ұзақ жылдар бойы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, өңірдің өзекті мәселелерін батыл көтеріп жүрген журналист. Ол көптеген өткір мақалалар мен журналистік зерттеулердің, телехабарлардың авторы ретінде оқырманға кеңінен танылды. Қаламгердің елуден астам кітабы жарыққа шыққан.
Бұл кеш – қаламгердің шығармашылығы, өмір жолы, толғаныстары мен тың туындыларына көз жүгіртетін, сөз өнерінің құдіретін сезінетін тағылымды жүздесу.
Кеш шымылдығы дара тұлға Байқал Байәділ туралы деректі фильммен ашылды. Концерттік бағдарламада К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен филармония әншілері: «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісі мен «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Төлеубаева, “Шапағат” мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Саида Сағди, Инара Мукушева, Алтынбек Бектемір, Алан Бектеміров, Аманғали Жұматаев, «Гәкку» би ансамблі, камералық хор және «Астана опера» театрының солисі Талғат Галеев өнер көрсетті.
Кеш барысында ақын Мұхаммед Қоңқаев Байқал Байәділге арнауын орындаса, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері Қорғанбек Аманжолдың «Байқалдың байтағы», Кәрібай Мұсырманның «Көкшенің көп тауының бірі – өзің ғой», Тортай Сәдуақастың «Елі үшін туған елгезек» өлеңдерін оқып, қаламгер тұлғасын сахналық көрініспен әсерлі жеткізді.
Сонымен қатар кеш аясында Байқал Байәділдің кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев пен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Жұмағалиұлы Ахмет сөз сөйлеп, қаламгер шығармашылығына жоғары баға берді.
Шығармашылық кеш соңы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызының құттықтауымен аяқталды.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1209-baj-al-baj-dilovty-shy-armashyly-keshi.html#sigProIdff99e0725b

