Көкше төрінде алғаш рет өткен «FOLK SHOW» жобасы қала мәдениетіндегі айрықша оқиғалардың бірі болды. Қазақстан бойынша 20 000-нан астам көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген Фольклорлық шоу бағдарламасы 4-5 наурыз күндері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өтті.

Жобаның авторы әрі дирижері «Мәдениет саласының үздігі» Әділет Азбаевтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ұлттық нақыш пен заманауи музыкалық бағыттарды шебер тоғыстырып, музыкалық туындыларға жаңа тыныс берді. Бағдарлама барысында орындалған саундтректер, әлемдік хиттер, рок, халық күйлері мен кең тынысты әндер көрермендерге ерекше эмоция сыйлады. Әр шығарма оркестрдің қуатты үнімен жаңаша өрнектеліп, сахна мен зал арасындағы рухани байланысты тереңдетіп, шабыт берді. «Шал» фильмінің саундтрекін қылқобызда Олжас Құрманбек, басты кейіпкерді Санжар Акмағанбетов сомдады. Бағдарламада Республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдин, Инара Мукушева, Саида Сағди, Мария Петрова, Аманғали Жұматаев, Алтынбек Бектеміров, Алан Бектемір, «Гәкку» би ансамблі, камералық хор, "Балақай" өнер студиясының балалар хоры, «Реверанс» спорттық-бал би клубы өнер көрсетті. Кеш әсерлі жарық шешімдерімен, сахна динамикасымен және орындаушылардың кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Осылайша, Көкшетау төрінде алғаш рет ұсынылған «FOLK SHOW» жобасы жоғары деңгейде өтіп, қаланың мәдени өмірінде жарқын із қалдырды және тыңдарман қауымның қошеметі мен қолдауына ие болды.

Онлайн кім

Қазір 242 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр