3 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Көрермендерге арналған бұл кеш нәзіктік пен шабытқа, әсем әуен мен көркем биге толы ерекше музыкалық тарту болды.
Концерт шымылдығы «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы «Сылқылдақ» биімен ашылып, кеш бойы көрермендер ұлттық және әлемдік музыканың әсем туындыларын тамашалады. Камералық оркестрдің орындауындағы Қазақстан композиторларының әндерінен попурри мен Карл Дженкинстің шығармасы кештің көркемдік бояуын арттырды.
Сахна төрінде филармонияның танымал солистері өнер көрсетті. Аякөз Қалмағанбетова, Саида Сағди, Алан Бектеміров, Анастасия Мельник, Алтынбек Бектемір, Аманғали Жұматаев, Арай Букаева және Марина Зяблинцева секілді өнерпаздар көрерменге жүрекке жылы тиетін әндерді тарту етті. Сонымен қатар «Гәкку» би ансамблі дайындаған хореографиялық нөмірлер концерттің көркін аша түсті.
Мерекелік кеште шырқалған танымал әндер мен әсерлі шығармалар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлап, көктемнің алғашқы күндеріндегі шуақты мерекенің шырайын келтірді.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1191-khaly-araly-jelder-k-nine-arnal-an-birlesken-is-shara.html#sigProIdddb36289a6

