25 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің «Солистер шеруі» атты концерті өтті.
Концерттік бағдарлама сан қырлы музыкалық бағыттарды тоғыстырған мазмұнды туындылардан құралды. Кеш шымылдығы халық жүрегінен орын алған «Гәкку» әуенімен түріліп, одан әрі әлемдік классика мен заманауи эстраданың жауһар туындыларына ұласты.
Кеш барысында бас дирижер «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалинның жетекшілік етуімен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде талантты аспапшы-музыканттар шыңдалған орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, жеке солист ретінде өз өнерлерін ортаға салды. Олардың орындауындағы әрбір шығарма — еңбек пен ізденістің, шабыт пен талғамның жемісі екені анық сезілді.
Тың әрі мазмұнды концерттік бағдарлама аясында көрермен назарына эстрада әлемінде хитқа айналған танымал әндер, әуезді эстрадалық шығармалар мен ырғаққа толы джаз композициялары ұсынылды. Әрбір туынды оркестрдің жанды орындауында жаңа тыныс алып, жаңаша реңкке бөленді.
Бағдарламаға филармония әншілері: «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин, Марина Зяблинцева, Арай Букаева, Инара Мукушева мен «Гәкку» би ансамблі қатысты.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1185-solister-sherui.html#sigProId1a0580e199

