17 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында күй құдіретін ұлықтаған тағылымды кеш өтті. Күйші, Қазақ КСР-ның Халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Ұлы күйшіге тағзым» атты концерті көрерменге рухани серпіліс сыйлады.
Кеш барысында қазақ музыка өнерінде өшпестей із қалдырған, Құрманғазыдай дәулескер күйшіден тәлім алған Дина Нұрпейісованың жауһар мұрасы кеңінен насихатталды. «Той бастар», «Кербез», «Ол алтыншы жыл», «Жеңіс», «Сегізінші март», «Әсемқоңыр», «Өттің дәурен», «Науысқы» сынды төл туындылары оркестрдің орындауында жаңаша тыныс алып, көрермен көңілін тербетті. Әр күйден халықтың тағдыры, ананың жүрек лүпілі, дәуір үні мен ел рухы айқын сезіліп тұрды.
Кеш қонағы - майталман күйші, халықаралық байқаулардың лауреаты Дарын Құдайбергенов Динаның «Жігер», Құрманғазының «Терісқақпай» күйлерін төгілте орындап, тыңдарманды күй әлемінің тылсым тереңіне жетеледі. Сонымен қатар көпшілік «Тарту сәлемдеме», «Көгентүп», «Қара қасқа ат», «Бұлбұл», Сауыншы», «Домалатпай», «Байжұма», «Күй» анасы» сынды Динаның асыл туындыларын Алмас Омаров, Бауыржан Болат, Арман Макенов, Қайырбек Карбаев, Самал Аубакирова, Айнабек Оразалы, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілсерік Камашев, Бауыржан Балтинның жеке орындауында тыңдады.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1179-ly-k-jshige-ta-zym.html#sigProIdce51e860d0

