4 ақпан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында алғаш рет камералық қобызшылар ансамблінің «Шамдардың жұмсақ жарығы – музыканың терең тынысы...» атты концерті өтті.Камералық форматтағы бұл кеш көрерменді тыныштық пен ойға жетелейтін ерекше атмосферасымен, қобыздың қоңыр терең үнімен сахна төрінен төгілген жауһар туындыларымен баурап алды.
Ішекті аспаптардың нәзік үнімен үндесе төгілген классикалық музыка мен заманауи туындылар тыңдарманына ерекше әсер сыйлап, музыканың ішкі иірімі мен бояуын ашуға, жүрекпен сезінуге мүмкіндік берді. Бағдарламада Республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдин, Алан Бектемір, Гәкку» би ансамблінің әртістері Альмира Жолдаңғар мен Айдана Нұрланова өнер көрсетті. Сонымен қатар Мадиар Абай жеке баянда Joseph Cosma «Autumn leaves», Richard Galliano «Tango pour Claude» шығармаларын шеберлікпен, тамылжыта орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Бұл кештің басты ерекшелігі — қобыздың мүмкіндігін кеңінен ашып, оны тек дәстүрлі аспап ретінде ғана емес, камералық музыканың толыққанды әрі әмбебап тілі ретінде таныта білуінде. Әуендер бірде сырлы тыныштыққа, бірде құштарлық пен еркіндікке толы сезімдерге жетелеп, музыка мен жарық, қозғалыс пен дыбыстың үйлесімі арқылы көрерменге ерекше эмоциялық әсер сыйлады. Камералық форматтағы бұл концерт музыканы терең сезініп, әр дыбыстың ішкі тынысын естуге мүмкіндік берген мазмұнды әрі әсерлі өнер кеші ретінде есте қалары сөзсіз.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/1170-shamdardy-zh-msa-zhary-y-muzykany-tere-tynysy.html#sigProId25e050aad7

