12 желтоқсан күні «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында филармония төрінде «Екі жұлдыз» жобасының гала-концерті өтті.

Бұл жоба – еңбек адамының қоғамдағы рөлін айқындап, түрлі салаларда тер төгіп жүрген жұмысшылардың беделін арттыруға, еңбегін бағалауға, өнерлі, табиғи талантты дара тұлғаларды анықтауға, шығармашылық пен еңбек адамы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері филармонияның кәсіби солистерімен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық пен еңбектің өзара үйлесімін айшықтай түсті. Эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған дуэттер көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жобаның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсету, олардың мәртебесін көтеру, еңбектің қадірін ұлықтау, әрі өнер мен өндіріс саласының өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, шығармашылық ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар, бұл бастама еңбек адамдарына өз талантын ашуға, сахнада өзін еркін сезініп, жаңа қабілеттерін байқауға мүмкіндік берді. Гала-концертке алдыңғы кезеңдерде үздік өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болған Көкшетау қаласының кәсіпорындары мен мекемемелерінің жұмысшылары қатысты. «Көкшетау жолдары» АҚ-дан Максим Тимоховец, «Қазақстан Теміржолы» АҚ-дан Нұрбек Әбілқасымов, «Енки plus» ЖШС-дан Олжас Сеитов, «Altyntau Kokshetau» АҚ-дан Арлан Машранов, «База Восток Строй» ЖШС-дан Даниэль Ишмухаметов өз өнерлерін ортаға салды. Кәсіби әртістермен бірлескен шығармашылық тандем көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әр нөмір ерекше қошеметке ие болды. Концерт соңында жобаға қатысқан еңбек адамдары арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізіліп отырған жоба қатысушылар үшін де, көрермендер үшін де керемет әсерлі болғаны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 40 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр