12 желтоқсан күні 18.30-да «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында филармония төрінде «Екі жұлдыз» жобасының гала-концерті өтеді.
Бұл жобаның ерекшелігі - еліміздің өркендеуі жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан әр саланың жұмысшылары филармонияның кәсіби солистерімен бірге, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде өнер көрсетуінде. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге, мәртебесін көтеруге, маңыздылығын және қоғамдағы рөлін насихаттауға, шығармашылық пен еңбек адамы арасындағы байланысты нығайтуға, ынтымақтастықты арттыруға, жұмысшы мамандық иелеріне өзін сахнада көрсетуге мүмкіндік беруге, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар мекемелер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және әртүрлі мамандық иелері арасынан дарынды орындаушыларды анықтауға арналған жоба. «Екі жұлдыз» жобасының гала-концертіне алдағы өткен екі концертте үздік өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленген Көкшетау қаласының алдыңғы қатарлы кәсіпорындары мен мекемемелерінің жұмысшылары қатысады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп отырған жоба қатысушылар үшін де, көрермендер үшін де керемет әсерлі болатыны сөзсіз. Кәсіби әртістер мен халық өкілдері шығармашылық дуэт құрып, өз өнерлерін ортаға салатын ерекше кештің куәсі болыңыздар!

