«Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаеваның жетекшілік етуімен талай асуларды бағындырып, сахна төрлерінде өнер көрсетіп жүрген Халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі бүгінгі есептік концертінде қазақ халық билерінен бастап, басқа халықтардың билері мен заманауи би үлгілерімен толысқан бай репертуарын өнер сүйер қауымның назарына ұсынды.

Концерттің шымылдығы К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында биыл 100 жылдығы атап өтіліп отырған композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» негізінде қойылған «Аққу» биімен ашылды. Сонымен қатар өнер тарланының «Көш керуен» (қоюшы Меңтай Тілеубаев), «Көңілді бикештер» шығармалары ансамбльдің мың бұралған бишілері Айдана Нұрланова, Камила Бекмұхамбетованың жеке орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Кеш барысында А.Жайымның «Сағыныш» (қоюшы Г.Ордабаева), «Аян» қырғыз биінің, «Парящие девушки» әзірбайжан биінің, «Думанды дала» биінің тұсауы кесілді. Көрермендер қазақ би өнерінің алтын қорына енген Шара Жиенқұлованың «Айжан қыз», Дәурен Әбіровтің «Қоштасу», Заурбек Райбаевтың «Қос алқа», Айгүл Татидің «Сылқылдақ» билерін бірегей бишілер Тұраханова Аружан мен Нұрғожина Динара, Жанабаева Елдананың және ансамбльдің орындауында тамашалады. Дәстүр мен жаңашылдық тоғысып, бір арнаға құйылып төгілген концерттік бағдарламаға ұлы өнерге нық қадам басып келе жатқан «Аманат» би мектебінің ізбасар бишілері де қатысып, өнерлерін ортаға салды. Әсемдік пен нәзіктік, үйлесім мен сұлулық шынайы көрініс тапқан концерт көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 94 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр