«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – өз мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.»
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан
Ақмола облыстық филармониясының жұмысы Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы мен бес институционалдық реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға сәйкес классикалық, халық және хореографиялық шығармашылықты жаңғыртып, таратуға, сақтауға және дамытуға бағытталған. Тек дамыған инновациялық мәдениет қана қоғам алдындағы жауапкершілік пен толықтай қауіпсіздікті бақылауға негізделген сауатты инновациялық саясатты қамтамасыз етеді.
Статистикалық деректер мен негізгі көрсеткіштерін талдау
Осы есеп кезеңі бойынша филармония ұжымдарымен 202 концерт берілді (ал 2016 жылдың осы кезеңінде 201 концерт). Концерттерден түскен қаражат сомасы 15287,5 теңгені құрайды (2016 жылы 15215,1 теңге), 43170 көрерменге қызмет көрсетілді (2016 жылы 43128 көрермен).
Кадр ресурстары
2016-2017 жылдар кезеңінде «Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-ның кадр құрамы қатты өзгерді. 2017 жылы барлық қызметкерлердің саны – 195 адамды құрады, (2016 жылы - 179 адам). Оның ішінде шығармашылық қызметкерлер саны –155, (2016 жылы - 142 адам), жоғарғы білімі бар қызметкерлер саны - 121 адам, (2016 жылы - 93 адам), арнайы орта білімі бар 52 адам, (2016 жылы - 42 адам), орта білімі бар 22 адам, (2016 жылы - 7 адам).
Әкімшілік бөлімде -13 адам, (2016 жылы - 15 адам). Шаруашылық-техникалық бөлімде 23 адам қызмет істейді, (2016 жылы - 22 адам). Жұмысқа орналасқан барлық жас мамандар саны - 26 адам, (2016 жылы - 26 адам).
- 1. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген іс-шаралар мен
облыстық және өңірлік іс-шараларға қатысу және өткізу. Өңіраралық фестивальдер
21 сәуір күні «ЭКСПО-2017» қарсаңында және облыстық филармонияның 70 жылдығы аясында өткен «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалінің алғашқы күні өз көрермендерін жинап, ақмолалықтар үшін тағы бір есте қаларлық сый болды. «Астана Опера» театры мен Ақмола облыстық филармониясының дирижері Руслан Баймурзин көкшетаулықтарды өзінің шығармашылық кешіне жинады. Бұл кеш музыканттар мен көрермендердің рухани кездесуі ғана емес, жас та болса талантымен халықты таң қалдырған, өнерімен елді дүр сілкіндірген дарын иелері - еліміздің белгілі кәсіби дирижерларының бас қосқан буырқанған кеші еді. Олар кезектесіп сахна төріне шығып, облыстық филармонияның камералық, симфониялық, қазақ халық аспаптар оркестрлерімен бірге өнерге көрсетті. Халық әндері мен классикалық музыкадан ләззат алған көрермендер дирижерлік пультта бірін-бірі алмастырған дирижерлар мен филармония әншілерін ыстық ықыластарына бөлеп, сахна төрінен қошеметпен шығарып салып жатты.
Бағдарламаны камералық музыка ансамблі Абылай ханның «Қара жорға» және Б.Қыдырбектің «Балғын» шығармаларымен ашты, ал дирижерлік пультта – музыкант, он саусағынан бал тамған домбырашы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Ақмола облыстық филармониясының дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзин тұрды.
Фестивальге Русланның әріптестері дирижер-музыканттар да келді. И.Бахтың фортепиано мен оркестрге арналған шығармасы орындалған кезде дирижерлік пультта Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері, пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Ернар Нұртазин тұрды.
Қазіргі таңда Руслан Баймурзин «Астана Опера» театрының қабырғасында еңбек етіп жүрсе де, жан-дүниесімен туған жері Көкшетауда, облыстық филармонияның ұжымдарымен жұмыс істеуге көп уақыты мен күш-жігерін жұмсауда. Дегенмен оның сүйікті аспабы – қазақтың қара домбырасы. Ол музыка әлеміне алғаш қадам басқан музыка мектебін ұмытпай, домбыра аспабында ойнауды үйреткен тәлімгері Серік Сәрсенбаевты жиі есіне алады. Бүгінгі кешке Русланның тағы бір ұстазы өнертанушы, майталман домбырашы, зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Айтжан Тоқтаған ағамыз жұбайы Гүлперизат Ұлтараховамен бірге келіп, кештің қадірменді қонағы болып, шәкіртінің жеткен жетістігіне сүйсінді.
Руслан Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Махамбеттің «Қайран, Нарын» шығармаларын домбырада шебер орыдап, көрермендерін тәнті етті.
Талантты музыканттың өсіп-жетілу жолында ата-анасы үлкен роль атқарғаны баршаға аян. Баласының жеткен жетістігіне риза болып, көзін ақ жаулығымен сүртіп отырған анасына дирижер Р.Баймурзин оркестрдің сүйемелдеуінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаеваның орындауында А.Зацепиннің «Мама» әнін тарту етті және әннің соңында залда отырған анасына ризалығын білдіріп, гүл шоғын тарту етті.
Әрі музыкант, әрі дирижер мамандығын қатар алып жүрген дарын иесінің шығармашылық қоржынында отандық және шетелдік композиторлардың шығармалары бар. Оркестрдің орындауында Арман Жайымның «Әз Тәуке» М.Тіналинның «Классикалық вальс» шығармалары төгілді, ал дирижерлік пультта Русланның әріптесі республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев өнер көрсетті. Оркестрдің сүйемелдеуімен солист Серікболсын Бекмолдин көрермендерге классикалық шығарманы тарту етті.
Сонымен қатар сахна төріне Русланның досы, әріптесі Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Жүдебаев шықты. Дирижердың жетекшілігімен оркестр Құрманғазының «Серпер», И.Штраустың «Марш Радецкого» сиқырлы әуендерін құбылта ойнады. Оркестрдің сүйемелдеуінде облфилармонияның әншісі Махаббат Мұхамеджанова И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан Адель куплеттерін шырқады. Одан соң дирижер Ернар Нұртазинның жетекшілік етуімен оркестр И.Брамстың №1 Венгер биін орындады.
Концерттік бағдарлама Әсет Бейсеуовтің «Ән шашу» және «Күй шашу» шығармаларымен аяқталды. Оркестр бар күшіне мініп төгілсе, төрт дирижер аспаптарының құлағында ойнап, шеберліктерін көрсетті.
Руслан Баймурзинның бұл шығармашылық кешін дирижерлар шеру деп те атауға болады. Дарынды төрт дирижер бірінен-бірі асыра сахна төрінде өнер көрсеткен кеш - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов көркемдік жетекшісі болып табылатын «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалінің аясында өтті.
26 сәуірде Ақмола облыстық филармониясының сахнасында «Көкшетау – тал бесігім» классикалық және халық музыкасының ІV музыкалық фестивалі «ОПЕРЕТТА» гранд-отелінің бес жұлдызды бағдарламасы» атты әдемі классикалық концертімен екінші күнін ашты. Опереттаны тамашалауға келген халық залға лық толды. Бес жұлдызды бағдарламаға қатысып, классикалық оперетта өнерінің қыр-сырын аша көрсете білген музыканттар мен әншілердің, «Мюзикл» театралдық студиясы әртістерінің шеберлігіне риза болған көрермендер ұзақ қол шапалақтап, қатысушыларды қошеметке бөлеп жатты.
Челябі қаласынан келген қоюшы режиссер РФ еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Александр Мордасов, танымал дирижерлар: «Көкшетау – тал бесігім» фестивалінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов пен Сергей Баукин, қоюшы режиссер Болат Әбдірахманов, балетмейстер Гүлмира Ордабаева, сахнаны безендіруші суретші Игорь Литасов сынды өзіндік ерекше қолтаңбасы бар өнерлі жандардың қоластынан шыққан туынды көздің жауын алатын, өзара үйлесім тапқан, ғажап қойылым болды. Әрбір нөмірі, әрбір бөлігі жүз ойланып, мың толғанудың нәтижесінде сомдалған туынды көптің көңілінен шықты.
Бес жұлдызды бағдарламаның желісі бойынша барлық әншілер - отель қонақтары. Оларды барлығынан хабары бар білгіш портье қарсы алады. Кеш батады, отель түн қойнауына шомады, міне осы кезде қойылым басталады. Режиссердің сценарийіне сәйкес жарық эффектілерімен әрленген, жеңіл, көңілді, тосын жағдайлар мен қызықты оқиғалар - осы музыкалық қойылымның негізі болып табылады. Дыбыстар палитрасы да әсерлі, қанық әрі күшті. Ал облыстық филармонияның әншілері де музыкалық, вокалдық орындау, әртістігі жағынан әдеттегінше жоғарыдан көріне білді.
Бағдарлама симфониялық оркестрдің орындауындағы Ф.Лоудың «Моя преккасная леди» мюзиклімен ашылды. Одан соң облыстық филармонияның әншілері танымал классикалық шығармаларды көрермендеріне тарту етті. Халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанова И.Кальманның «Принцесса цирка» опереттасынан Теодор ариясын орындады. Көтеріңкі көңіл-күйді Валерия Болиева мен Серікболсын Бекмолдин И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасының «Часы» бөлімінен Розалинда мен Генрих дуэтін үлкен құштарлықпен, лирикаға толы сезімде жалғастырды. Штраус сахна төрінен тағы да құйқылжып төгілді. Бұл жолы «Летучая мышь» опереттасынан Чардаш Розалинданы Валерия Болиева, Тост Орловского шығармасын Жанат Есов орындады.
Оперетта көрермендерге шынайы сезім сыйлайтын жанр деп тектен-текке айтылмағаны сөзсіз. Ғажап классикалық музыка, сюжеттердің өзара қарапайым байланысы, классикалық оперетталардағы кейіпкерлердің сүйкімді бейнесі көрермендерді әрдайым тәнті етеді. Ф.Легардың «Страна улыбок» опереттасынан «Лишь ты в моем сердце» ариясын орындаған Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин көпшілікті қанаттандырды. Махаббат Мұхамеджанова мен Серікболсын Бекмолдин И.Кальманның «Сильва» опереттасынан Стаси мен Бонидің дуэтін, ал Дания Жолбарысов Бонидің «Без женщин жить нельзя» әнін орындады. Сонымен қатар Эльмира Нысанбаева, Лаура Қайралапова, Арай Абжанова, Ләззат Едрисова, «Muz band» тобының (жет. Елена Новак) орындауларын сахнаның сәніне айналған «Гәкку» би ансамблі өз нөмірлерімен толықтырып, ажарландыра түсті.
Қорыта келгенде «ОПЕРЕТТА» гранд-отелінің бес жұлдызды бағдарламасы»
филармония әншілеріне шыңдалған шеберліктерін, ұшталған әртістік қабілеттерін жан-жақты көрсете білулеріне мүмкіндік берді. Бұл әсерлі спектакль барысында көрермендер күнделікті күйбең өмірден арылып, оперетта әлеміне сүңгіді. Бұл кеш оптимистік көңіл-күй сыйлайтын, жанды жадыратын кеш болды. Оперетта жанрын сүйіп тыңдайтын шынайы табынушылары әрқашанда көп болған, олар оперетта орындаушыларын өздерінің ыстық ықыластарына бөлеп, қошеметтеп, осындай ғажап туындыларды дүниеге әкелуіне әсер етеді. Бүгінгі қойылым да осының куәсі.
Үш күнге созылған «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестиваль марофоны 28 сәуір күні халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған концертпен шымылдығын жапты.
Би өнерін қадірлеп сақтаумен айналысып, оны дамытып, байытып келе жатқан Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Гүлмира Ордабаева ансамбльдің жетекшісі болып табылады. «Гәкку» би ансамблі жыл сайын өз көрермендерін қайталанбас жаңа би қойылымдарымен қуантып, жадыраңқы көңіл-күй сыйлап келеді.
Кәсіби мәртебеге ие «Гәкку» би ансамблінің репертуры әр алуан. Бұл облыстық мәдениет колледжінің хореографиялық бөлімінің студенттері билейтін Көкшетау қаласындағы жалғыз ұжым.
Ансамбль 2014 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Х Халықаралық би мен музыка фестиваліне қатысты, ал екі жылдан кейін 2016 жылы Қазақстан-Ресей-Болгария елдері арасында өткен «Розы Казахстана» атты ІІ Халықаралық хореографиялық өнер фестиваль-байқауына қатысып, «Жоғары кәсіби ұжым» номинациясы бойынша 1 орынды жеңіп алды.
Ұжым мерейтойлық концертіне әр репертуарын жан-жақты мұқият ойластыра, бар күш-жігерін жұмсап дайындалды. Ансамбль репертуарындағы би қойылымдарының үлкен бір бөлігі - жетекшісі Гүлмира Ордабаеваның қиялынан туындаған туындылар.
Мерейтойлық фестиваль бағдарламасы Н.Тілендиевтің музыкасына жазылған «Гәкку» биімен ашылды. Әріптестерін қолдап, құттықтау үшін «Көкшетау» мәдениет сарайының дарынды бишілерінен құралған «Көкшетау» халық би ансамблі келіп, «Атадан мұра» әдемі биін сыйға тартты (жет.Мадина Тілеулина). Жанды жадырататын бағдарлама аясында бір биді бір би алмастырып, көздің жауын алды. «Сыйлық» биі хореографиялық қойылымында мың бұралған биші Перизат Серғалиева өнер көрсетті.
Елена Новак жетекшілік еткен облыстық филармонияның «Muz band» вокалдық тобы «Алау» тобының репертуарынан «Welkome to Kazakhstan» композициясын ғажап орындап, көрермендердің жүрегін баурап алды.
«Гәкку» би ансамблі хореографиялық попурримен тағы да сахна төріне шықты. Одан соң «Айнакөл» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Бұл екі ұжым көп жылдар бойы шығармашылық байланыста тығыз жұмыс істеп келеді. Би ансамблінің негізгі репертуары «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен қойылады. Бұл жолы да «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде «Гәкку» би ансамблі «Орамал тастау» биін керемет орындап шықты.
Ансамбльдің кішкентай топтарының құрамындағы жас бишілер де үлкендерден қалмай әдемі «Көктем көңілі» биін орындады. Осы кеште «Толғау», Қос алқа», «Ханшайымдар вальсі», «Сирень», «Долан машрап» билері де көрермендерге тарту етілді. Гүльмира Ордабаева да жеке өнер көрсетіп, көрермендерін риза етті. Облыстық филармонияның саксофонистер квартеті мен солистер: Алмаз Оразалин, Жанар Найманбаева да жеке өнер көрсетіп, көптің көңілінен шықты.
Қатысушылар саны өзгермейтін ұжым өзінің 10 жылдық мерейтойына арналған концертке жақсы шығармашылық формада келді. Дарынды хореографтың ізденісі мен көп еңбектенуінің арқасында жаңа қойылымдар дүниеге келіп, ансамбльдің мәртебесі артуда. Ансамбль жетекшісінің алдына қойған басты мақсаты - хореография өнеріне жас буынды тартып, әлем халықтарының мәдениетімен, шығармашылығымен таныстыру, құдіретті би өнеріне деген махаббаттарын ашып, дамыту.
2017 жылғы 7 мамырда Абылай хан алаңында Отан қорғаушылар күніне арналған дәстүрлі салтанатты іс-шара өтті. Қазақстан армиясының күні ретінде Тәуелсіз Қазақстанның тарихына енген бұл күн осы жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толғандығымен де ерекшеленеді.
Алаңда тақырыптық патриоттық музыка ойнап тұрды. Сахнаға облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен әлеуетті және әскери құрылымдардың ресми тұлғалары көтерілді.
Мереке Астана қ. өткен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери шеруін тікелей эфирден тамашалаумен басталды. Шеру басталмас бұрын барлық қазақстандықтарды Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.
Одан кейін өңіріміздің басшысы Мәлік Мырзалин Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының жасаған баяндамасын қабылдап, облысымыздың әлеуетті құрылымдары мен Көкшетау қаласының әскери-патриоттық клубтарының жеке құрамын, Қарулы күштер құрлымында жұмыс істеген ардагерлер мен жауынгер-интернациолистерді мерекелерімен құттықтады. Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен Астана қаласында өткен мерейтойлық әскери шерудің тәрбиелік мәні зор екендігін атап өтті. Қазіргі таңда 2000 ақмолалық отан алдындағы борышын ақтап, әскерде жүрсе, 40 астамы әскери оқу орындарында білім алуда.
Өңіріміздің басшысы Ұлы Отан Соғысының ардагерлері мен Ауғанстан соғысына, сондай-ақ тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік іске қатысушыларға, Чернобыль АЭС апатты басуға қатысқан ержүрек жандарға және барлық солдаттар мен офицерлерге алғысын білдірді. Көп ұлтты тату Қазақстан Республикасының гүлденіп, өркендеуі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Әскери борышын адал атқарып, мінсіз қызметі үшін облыс әкімінің алғыс хатымен, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалімен құқық қорғау құрылымдарының әскери бөлімшелерінің әскери қызметкерлері, ТЖ қызметінің қызметкерлері, әскери-патриоттық клубтардың өкілдері марапатталды.
ҚР Ұлттық гвардия жауынгерлерінің қарумен көрсеткен көрнекі қойылымдары көрермендердің қошететіне ұласты. Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы полковник Жанат Ережеповтың басшылық етуімен салттанатты шеру жүріп өтті. Барлығы алаңда 519 адам 14 бөлімшенің құрамында сап түзеп, маршпен жүрді.
«Қазақстан – менің Отаным!» мерекелік бағдарламаның дәстүрлі музыкалық бөліміне «Көкшетау» МС хореографиялық ұжымдары, «Гәкку» би ансамблі, КТИ курсанттары, «Томирис» әскери- патриоттық клубының тәрбиеленушілері, Ерейментау ауданынан келген барабаншы қыздар тобы, облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілері қатысты. Жауынгерлердің көрсеткен көрнекі қойылымдарынан кейін берілген патриоттық тақырыптағы концерттік бағдарлама да жоғары деңгейде болды. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің репертуарынан ең үздік шығармалар орындалса, филармония әншілері көрермендерін әсем әндеріне бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй тарту етті.
Әртістердің жоғары кәсіби біліктілігі мен әдемі музыка алаңға жиналған көпшіліктің көңілінен шықты, олар да әншілерге қосыла ән шырқап, оларды қошеметке бөлеп жатты, бұл алаңдағы мерекелік атмосфераны жандандыра түсті. Концертті Батыржан Бағдат Қ.Нұртастың репертуарынан алынған «Жаса, Қазақстан» әнімен ашса, одан кейін сахнаға шыққан Арай Абжанова М.Садвақасованың репертуарынан «Сарбаздар» әнін орындады. Дирижер «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин жетекшілік еткен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі Дирижер «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин жетекшілік еткен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі Gene Krupa «Drummin Man» композициясын, ал Жанат Есов «Жүрегім қазақ», Марина Зяблинцева мен «Melody» вокалдық тобы Ю.Саульскийдің «Счастья тебе, земля моя», Алдияр Ерғали А.Зацепиннің «Надо мной небо синее», Ләззат Едрисова Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі», Серікболсын Бекмолдин А.Пахмутова, Н.Добронравовтың «Как молоды мы были», «Muz band» триосы «Welcome to Kazakhstan» әндерін нақышына жеткізе орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Абылай хан алаңында өнер көрсеткен филармония әншілері бұл күні көпшілікке таныс басқа да әндерді орындап, тыңдармандарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
26 мамырда облыстық филармонияның концерт залында Тұңғыш Президент қоры лауреаттарының концерті өтті. Онда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері Мейр Байнеш, Гаухар Тасбергенова, Татьяна Вицинская, Болат Есімханов пен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Ермек Құрманов жиналған көпшілік алдында өздерінің жетістіктерге жету жолындағы қиындықтар мен қызықты оқиғаларын баяндап, өз шеберліктерін көрсетті. Көрермендер хас шеберлердің берген концертіне риза болды, сонымен қатар осы концертте Көкшетау қаласының білім беру мекемелерінің студенттері де өнер көрсетіп, өз бағаларын алды және майталман өнер иелерінің ақыл-кеңестерін тыңдап, шеберлік дәрістер алды.
20 маусымда сағат 21.00-де «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі алаңындағы амфитеатрда Ақмола облысының мәдениет күндері аясында барша көрермендерді қазақстандық және шетелдік композиторлардың классикалық шығармаларымен, көздің жауын алатын би қойылымдарымен риза еткен «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты Ақмола облысының шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтті. Бұл концерттік бағдарламаның құрметті қонақтарының қатарында облыс әкімі Мәлік Мырзалин, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, мәжілісмен Владислав Косарев, Ақмола өңірінің экс-әкімі Сергей Кулагин болды.
Ашық аспан астында орналасқан сахнаға шыққан жүргізушілер үш тілде көрермендерді қарсы алды. Гала-концерт дирижер Руслан Баймурзин жетекшілік еткен облыстық филармонияның бірлескен оркестрінің, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің бірлескен хорының, әншілер Махабат Мұхамеджанова мен Талғат Галеевтің орындауларындағы Қазақстан композиторларының шығармаларынан алынған попурримен басталды. Бұл пәрменді, ғажап нөмір барысында үлкен ледэкраннан кең байтақ қазақстан жерінің сұлулығы бейнеленген, оның қойнауында жайылған киелі жылқы малының, сәйгүлік-арғымақтардың шабысы үйлесімді көрініс тапқан бейне клип берілді. Ән мен жырдың тұңғиығына бойлап, ләззатқа бөленген халық аптап ыстық пен кешкісін жауын мен желге ұласқан ауа райына қарамастан концертті тамашалады. Ал ұйымдастырушылар алдын-ала ойластырғандай жауыннан қорғайтын сулықтарды көрермендерге таратты. Ақмолалық әртістердің мұқият дайындалған концерті жалғасып, сахна төріне танымал, дарынды музыканттар мен әншілер шығып, өнерлерін ортаға салып жатты. Сарыарқаның дүлдүл ұлы ақындарының әндерін орындаған Сәрсенбай Хасенов, Азат Әбдіғалым, Төлеген Аманов, Асқар Мұқият, Эльмира Төлебаева, Айзат Қарабекова сынды дәстүрлі әншілерді халық қошемет астына алды. К.Күмісбековтің «Менің далам» әнін орындаған Талғат Галеев те көрермендерін тәнті етті. Қазақстан және шетел композиторларының классикалық шығармаларынан дайындалған попурриді орындаған опера әншілері Салтанат Ахметова, Валерия Болиева да астаналық өнер сүйер қауымның алғысына бөленді. Мың бұралған «Гәкку» би ансамблі мен республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген «Реверанс» спорттық би клубының өнерлеріне де тәнті болып, таңдай қақты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Төлеген Мұхамеджановтың жас қала, бас қала - Астанаға арнаған «Город мой» әнін үш тілде орындаған Марина Зяблинцева, Жанат Есов, Алдияр Ерғали, Эльмира Камарницкаяны қонақтар үлкен ықыласпен тыңдап, әннің ырғағына елтіп, орындаушыларды ыстық ықыластарына бөледі. Көкшетау туралы әндерден попурри орындаған «Muz band», көкшетаулық ақын Алмаз Темірбайдың «Жастар» әнін орындаған «Melody» топтары да өнерлерін көпшілік алдында паш етті.
Көлемді гала-концерт бағдарламасының соңында бірнеше ұжым қатысқан «Халықтар достығы» хореографиялық сюитасы орындалды, кеш барлық әншілердің орындауындағы Ерболат Баятұлы мен К.Қалқатаевтың «Алға, Қазақстан» әнімен аяқталды.
Осындай маңызды, жауапкершілігі зор, ауқымды іс-шараға ақмолалық әртістер жыл бойы дайындалды, жас, дарынды орындаушылардың өздерін көрсете білуге жол берілді.
Жүргізушілер құшақ жая қарсы алған Астанаға алғысын білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарының Ақмола облысының мәдениет күндеріне қатысқандары үшін зор алғыс білдіріп, қоштасты. Ал бүгінгі концерттен ләззат алып, дем алып, сергіп қалған көрермендер өздеріне ұнаған нөмірлерді талқылап, алған әсерлерін өзара бөлісіп жатты.
22 маусымда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндері аясында Этноауылда өткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті мазмұны жағынан қанықты болып, өз көрермендерін жинады.
Руслан Баймурзин жетекшілік еткен шеберлігі шыңдалған, дарынды музыканттардан жинақталған ұжымның сүйемелдеуінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенованың орындауындағы Е.Ибраһим мен Б.Сәуекеновтің «Көкшетау кестелері» шығармасы концерттің басталғанын жария еткендей болды. Ал оркестр Абылайханның «Шаңды жорық» шығармасын орындаған кезде көрермендер саны арта түсті.
Жиналған астаналықтар мен қала қонақтарының назарына керемет шығармалар ұсынылды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева көпшілік сүйіп тыңдайтын Ш.Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін орындаса, қазақ халық аспаптар оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа» күйін төгілте ойнады.
Халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанованың өнеріне көрермендер тәнті болды, одан кейін оркестр К.Күмісбековтің «Биші қайың» шығармасын орындады. Дирижерлік пультта Әділет Азбаев өнер көрсетті.
Жаяу Мұсаның «Ақшашақ» әнін «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов орындаса, Валерия Болиева, Серікболсын Бекмолдин, Сәрсенбай Хасенов Сарыарқа композиторларының шығармаларын орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы шығармалар концерттің сәнін кіргізіп, әдемі хореографиялық безендіру болды.
21 маусымда филармония әртістері Астана қ. әкімдігінің алдындағы алаңда өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаға «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» би ансамблі, Валерия Болиева, Жанат Есов, Алдияр Ерғали қатысты.
24 маусымда «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі, әншілер Қытайдан келген қонақтарды қарсы алды. Мазмұнды ұлттық колоритті нөмірлер орындалды.
25 маусымда «Қазанат» ипподромында өткен ашық бәйге іс-шарасына «Гәкку» би ансамблі «Шашу» хореографиялық қойылымымен қатысты.
Осы жылы «Ақмола облысының білім беру, спорт және мәдениет ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» 2017 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №261 қаулысымен Ақмола облысының мәдениет басқармасы жанындағы «Ақмола облыстық филармониясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Үкілі Ыбырайдың есімі берілуі біз үшін үлкен сый, қуаныш болды.
Немістердің ұлттық күні аясында 14 шілде күні сағат 18.30-да филармонияның концерт залында Бавария үрмелі аспаптар музыкасы қауымдастығының үрмелі аспаптар оркестрінің концерті өтті. Көрермендер аудиториясына ұлттық музыкалық бағдарлама ұсынылды. Концерт барысында Баварияның мәдениет министрі мен Қазақстандағы Бавария елшісі құттықтап, сөз сөйледі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облыстық филармониясында екі күн бойы 12-13 қыркүйек күндері халқымыздың ұлы ақыны, асқақ әншісі Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» ІІ өңіраралық фестивалі өтті. Жылдағы жақсы дәстүрге айналған музыкалық форумға ақын әндерін орындаушылар ғана емес, сонымен қатар ақын өнеріне табынушылар да жиналды. Фестиваль қонақтарының қатарында Үкілі Ыбырайдың немересі - Елемес апай да болды.
Осы жылы өткен «Гәккулеткен, аққу жеткен - Көкшетау» ІІ Өңіраралық фестивалінің ерекшелігі оның алғашқы күні ақынның туған елі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында өткендегінде.
Концерттік бағдарламаның шымылдығын Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі Абылайханның «Қара жорға» шығармасымен ашты.
Фестивальге қатысушылардың арасында Үкілі Ыбырайдың шөбересі – Беркімбек Зарапұлы да болды. Жас музыкант атасы салып кеткен дара жолды жалғастырып, оның өлмес мұрасын насихаттап, халықты шығармашылығымен қуантып жүр. Ол домбыра, қыл-қобыз, сазсырнай сияқты көне қазақ аспаптарында шебер ойнайды.
Беркімбек Зарапұлы сазсырнай аспабында С.Бәйтерековтің «Кішкентай» шығармасын жеке өзі орындап шықты. Ал «Айнакөл» фольклорлық ансамблі «Қойшы» күйін көрермендеріне тарту етті. Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі «Шашу» биімен сахнаның сәнін келтірді. Және бұл тек фестивальдің бастамасы ғана еді.
Музыкалық марафонды Үкілі Ыбырайдың әндерін орындаушы, облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Хасенов Сәрсенбай бастады. Оның орындауында Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», «Желдірме» әндері шырқалды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова көрермендерге ақынның «Қалдырған» әні мен Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» шығармасын сыйлады.
Сол күні Саумалкөл ауылындағы мәдениет үйінің сахнасында тек Үкілі Ыбырайдың әндері ғана емес, сонымен қатар Біржан сал, Ақан сері, Сейтжан сал, Балуан Шолақ, Иса және т.б. композиторлардың әндері де орындалды. Жергілікті халықтың қошеметіне бөленіп, белгілі композиторлардың шығармаларын сахнада орындаған әншілер: «Мәдениет саласының үздігі» Абсалық Салық, Халықаралық байқаулардың лауреаттары: Нәзира Бейсенова (Астана қаласы), Әділ Құсайынов (Көкшетау қаласы) Азат Әбдіғалым (Қарағанды облысы), Республикалық байқаулардың лауреаттары: Перизат Тұрарова (ШҚО), Рахат Бегасылов (Жамбыл облысы), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәкенова Бисара.
Дәстүрлі әншілерді жинаған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» фестивалінің екінші күні Ақмола облыстық филармониясының қабырғасында өтті. Бұл музыкалық форум облыс мәдениетінің тарихи беттеріне алтын әріппен жазылып, оның дамуына елеулі үлес қосқаны сөзсіз.
Іс-шараның басында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрі Құрманғазының ұлы туындысы «Сарыарқа» күйін орындады. Оркестрдің дирижері - «Мәдениет қайраткері» Базаров Тұрлыхожа.
Е.Брусиловскийдің «Гәкку» операсын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Дүкімбаева Шолпан көреремендерге тарту етті.
Ұлы ақынға арналған фестивальге ақынның немерелері мен шөберелері де келді. Жүргізуші фестивальдің қонағы, Үкілі Ыбырайдың немересі - Елемес апайды көпшілікке таныстырды, ал атақты композитордың шөбересі, Беркімбек Зарапұлы С.Бәйтерековтің «Кішкентай» күйін оркестрдің сүйемелдеуімен сазсырнай аспабында жеке орындап, халыққа өзін таныстырды. Оның шығарманы асқан шеберлікпен құйқылжыта орындауы барша халықты таң қалдырып, таңдай қақтырды.
Мемлекет және Қоғам қайраткері, ақын К.Салықовтың шығармашылығында Үкілі Ыбырайдың әндері де ерекше орында. К.Салықов пен Үкілі Ыбырайдың «Аққу жеткен» әнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова орындады.
Ал күйші Әбілсерік Камашев Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін тыңдармандарына тарту етті.
Екі күнге созылған фестиваль аясында орындаушылар өздерінің қайталанбас өнерлерін ортаға салып, шыңдалған шеберліктерін көрсетіп, ұлан-байтақ Сарыарқа жерін әуелеткен әндердің қаншалықты зор, диапазондарының кең екендігін көрсете білді. Орындаушылар қатарында Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әнін орындаған Кенжебай Мұқышев, композитордың «Қызыл асық» әнін орындаған Абсалық Салық, К.Салықовтың «Сарыарқа» және Сейтжан салдың «Қанатталды» әндерін орындаған Нәзира Бейсенова, Үкілі Ыбырайдың «Он саусақ» әнін орындаған Әділ Құсайынов, «Гәкку» әнін орындаған Сәрсенбай Хасенов, «Гәкку» (Күләш Байсейітованың нұсқасы) және халық әні «Жиырма бесті» орындаған Перизат Тұрарова, ақынның «Аңшының әні» және Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әнін орындаған Азат Әбдіғалым, Үкілі Ыбырайдың «Ер Көкше» әнін орындаған Бисара Мәкенова, «Толқын» және «Нартайдың термесін» орындаған Рахат Бегасылов болды.
Барлық қатысушылар мен әншілерге қазақтың аяулы ақын ұлы, асқақ әншісі Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» ІІ Өңіраралық фестивалінің дипломдары мен буклеттері табыс етілді.
5 қазан күні 71 концерттік маусымның ашылуы қарсаңында Ақмола облыстық филармониясына ресми түрде ақын Үкілі Ыбырайдың есімі берілетінін және халқымыздың дәстүрлі музыкалық өнерін сақтауға ықпал ететін «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп тұратындылығын жүргізушілер атап өтті.
Жыл сайын басты мемлекеттік мерекелеріміздің бірі - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, әртістері, шығармашылық ұжымдарымен естен кетпес, ғажап мерекелік концерт беріледі. Ал осы жылы концерттік бағдарлама «Туған жер» арнайы жобасының «Рухани жаңғыру» ішкі бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» негізгі жобасы аясында өтті. Концерттің салтанатты бөлімінде Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин барлық жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады және әкім еңбегі бағаланған ең үздік ақмолалықтарды марапаттау рәсіміне қатысты. Ал іс-шараның концерттік бөлімі заманауи өзіндік ерекшелігі бар бейне-тарихи меппингпен ашылды, онда жер бетінің жаратылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан елінің тарихы әп сәтте көрсетіліп шықты.
Көрермендер кең даланың пайда болу тарихын, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін тамашалап, тарихымыздың негізгі беттерін парақтап, тәуелсіздікке дейінгі Қазақстанның жүріп өткен жолын еске алды. Концерттің кіріспе бөлімінде «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева мен Шығармашыл-дарынды балалармен жұмыс істеу бойынша облыстық оқу-әдістемелік орталығы «Жұлдыздар» үлгілі студиясының әншісі Диляра Серікова «Гәкку» би ансамблімен бірге «Ұлы дала тарихы» шығармасын орындады., Халықаралық байқаулардың лауреаты, дирижер Әділет Азбаевтың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі ақмолалықтарды бірінші болып құттықтау үшін сахна төріне шығып, көпшілік сүйіп тыңдайтын Түркеш Қалқаұлының динамикалық, әсерлі «Көңіл ашар» күйін орындады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті Айтбек Нағызбаевтың орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» шығармасы көрермендер үшін естен кетпес сый болды. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрімен жоғары деңгейде орындалған Дж. Уильямстың «Виктория» композициясы тыңдармандарының жүрегін жаулап алды. Филармония әншілері: «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов, халықаралық байқаулардың лауреаты: Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева, Серікболсын Бекмолдинның орындауларындағы танымал классикалық шығармалар тақырыбындағы попурри концерттік бағдарламаны патриоттық жағынан байыта түсті, қазақ халқының музыкалық өнерінің тұңғиығын аша көрсетті. Қазақ халық аспаптар оркестрі «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде халқымыздың ұлан-ғайыр кең даласын суреттейтін, Құрманғазы шығармашылығының шарықтау шегі болып табылатын «Сарыарқа» күйін көпшіліктің назарына тарту етті. Марина Зяблинцева мен Алдияр Ерғали режиссер Е.Шынарбаевтың «Астана – менің махаббатым» кинофильмінен алынған композитор А.Райымқұлованың әнін орындаған кезде залда романтикалық атмосфера орнап, патриоттық-махабат тақырыбындағы композиция тыңдармандарын баурап алды. «Muz band» тобының Көкшетау туралы әндер тақырыбында орындаған попурриі ақмолалық өнер сүйер қауымды бір серпілтті. А.Ивенина (электроскрипка) мен С.Бабаевтың (домбыра) дуэті сондай ерекше, әсерлі шықты, олардың орындауындағы Д.Пуччинидің «Tosca Fantasy» ұлттық нақышта өрнектеліп өрілді. «Melody» тобы «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде Қ.Қалтайдың сөзіне, А.Темірбайдың музыкасына жазылған жалынды ғажап әнді орындап, концертті жандандырып, қыздыра түсті. Өнерімен талайдың таңдайын қақтырған бұлбұл дауысты, шығыстың сұлуы Кәмшат Жолдыбайдың сахна төрінде көрсеткен өнері кеш қонақтары үшін тосын сый болды. Сахна жұлдызы заманауи хит әндер: «Сүйіктім» (Д.Бахаров пен К.Бахтиярқызы) мен «Бірге» (Б.Бауыржан мен А.Дүйсенбі) әндерін шарықтата шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Г.Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» би ансамблі мен А.Погорело, А.Ефименко, Л.Сад жетекшілік еткен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенттері «Халықтар достығы» атты вокалдық-хореографиялық сюитаны орындады, бұл нөмірде өңірімізде тұрып жатқан әр ұлттың ұлттық биі жинақталып, ұлттық музыкамен әрленген. Концерттің соңында барлық әншілер мен қатысушылар атақты жерлесіміз, дарынды ақын Е.Баятұлының сөзіне жазылған композитор К.Қалқатаевтың патриоттық әні «Алға, Қазақстан!» әнін орындады. Концерт патриоттық рухқа, мәдениет және әлеумет саласында еліміз бен халқымыздың жеткен жетістіктері үшін мақтанышқа толы болды.
2.Жеке концерттер
2017 жылдың 29 қараша күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облыстық филармониясының концерт залында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертмейстері Әбілсерік Қамашевтың (домбыра) 50 жылдық мерейтойына арналған жеке концерті өтті. Іс-шара дирижер «Мәдениет қайраткері» Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы дәстүрлі «Шашу» биімен ашылды. Жүргізуші – Сәрсенбай Хасенов мерейтой иесін құттықтады. Әрі қарай мерейтой иесі Дәулеткерейдің «Қаражан ханым», Еспайдың «Терісқақпай», Тәттімбеттің «Саржайлау», халық күйі «Ел айрылған» сынды қазақ халық әндерін жеке орындады. Әндерден кейін қазақтың ұлы даласының балалары Үкілі Ыбырай және Сарыарқаның басқа да ақындары жайында біраз ақпарат берілді. Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен қазақ халық аспаптар оркестрі музыкалық шедеврге айналған халық күйі «Ақсақ құлан» шығармасын орындады, күй сазынан қашқан құланның тұяқтарының шабысын анық естуге болады. Оны тыңдаған тыңдаушылар дыбыстың екі ішектен шығып жатқандығына сене алмады, кішкене оркестр ойнап жатқандай сезінді. Беркінбек Зарапұлымен бірге дуэтте Н.Тілендиевтің «Аққу» шығармасы орындалды. Тұрлыхожа Базаровтың дирижерлығымен оркестрдің сүйемелдеуінде өнеріне табынушыларға Әбілсерік Қамашев А.Жайымовтың «Шалқыма» туындысын сыйға тартты. Музыкантты жеке шығармашылық кешімен құттықтауға әріптестері Е.Нысанбаева мен С.Біржанов та келді, олар Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта» әнін орындады.
Мерейтой иесінің анасына алғыс сөзін жеткізуі және әкесі мен баласы Әбілсерік Қамашев (домбыра) пен Санжар Әбілсерік (баян) танымал әуендерден «Поппури» ойнауы концерттің өте бір әсерлі сәті болды. Көрермендер «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуімен Н.Тілендиевтің «Қош керуен», Қ.Ахмедьяровтың «Арпалыс» және Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерінің виртуоздық орындалуына куә болды. Филармония әртісі Серікболсын Бекмолдинның орындауындағы «Рафаэль» операсынан А.Аренскийдің «Песня певца за сценой» және В.Городовскаяның «Калинка» шетелдік шығармалар концерттің көрермендері мен қонақтары үшін таңғажайып ерекшелік болды. М.Тіналинның «Русские потешки» шығармасын оркестрмен орындауы концертке ерекше атмосфера сыйлады. Концерт филармония әртістері Құрмет Сеитов, Азамат Айкишев, Самал Аубакирова, Досхан Қалиенов және Әбілсерік Қамашевтың күй тартысымен керемет аяқталды. Домбырашылардың музыкалық байқауы кезінде қатысушылар танымал күй жеке ойналып жатқанда оған ілесіп отырды және бұл өнерді көрермендер өте жоғары бағалады. Тыңдармандардың қуанышты лебіздері мен тоқтамай соғылған қошеметтеріне күйшілер күйлердің жиынтығын эстафета түрінде тоқтамай орындады. Бардық күйшілер соңына қарай халықтың сүйікті күйі – Құрманғазының «Сарыарқасын» тамаша орындады. Концерт Ақмола облыстық филармониясының директоры Нұргүл Ескендірқызы Шайкенованың және Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің директоры Саян Болатұлы Мұхамедьяровтың құттықтаулары және алғыс сөздерімен өз мәресіне жетті. Тыңдармандар, көрермендер, әншінің жерлестері концерт бойы мерейтой иесінен өз қошеметтерін аямады.
3. Филармонияның концерттік қызметі
Күнтізбелік даталарға арналған іс-шаралар
27 қаңтарда Ақмола облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дирижер әрі композитор, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің алғашқы директоры Манарбек Бексейітовты еске алу кеші өтті.
Қаламыз бен облысымыздың музыкалық мәдени ошақтарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес музыкантты еске алу кешінде Біржан сал атындағы музыкалық колледждің қазақ халық аспаптар оркестрі, «Көкшетау» және «Оқжетпес» ансамбльдері, облыстық филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен әншілері, ақмолалық музыканттар көрермендер назарына көз жауын алатын мерекелік бағдарламаны ұсынды. Басқа шығармаларға қоса осы кеште Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы», «Көкшетау вальсі», «Сен қалайша ұмыттың?», «Анаға тілек», «Аққу әні», «Биші қайың» шығармалары да орындалды. Серік, Бексейітов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, Ғазиза Жұмекенова, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Мереке Бекмағамбетов, Саян Мұхамедьяр, Серікболсын Бекмолдин, Асылтас Исмурзинова сынды жезтаңдай әншілер осы кештің сәнін кіргізді. Он саусағынан өнер тамған, дәулескер домбырашы Әбілсерік Камашев, виолончелист Дастен Ашербеков аспаптарының құлақ күйін келтіріп, майын тамыза орындаған орындаулары көпшіліктің таңдайын қақтырды.
Бұл кеш те хореографиялық композициясыз өткен жоқ. Облыстық филармонияның «Гәкку» би ансамблі «Арулар» биін тарту етті. Барлық орындалған әндер мен композицияларды «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері дирижер Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Сонымен қатар дирижерлік пультқа оның жас әріптесі, республикалық байқаулардың лауреаты дирижер Әділет Азбаев та тұрып, өнер көрсетті.
Универсиада-2017 қатысқан қазақстандық спортшыларды қолдау аясында Ақмола облыстық филармониясының ұжымы «РАСПРАВЬ СВОИ КРЫЛЬЯ» ұранымен таңғы жаттығулар жасады.
Универсиадаға қатысушыларға жалынды сәлем!
Үлкен жетістіктер, табыстар мен жеңістер тілейміз!
Қазақстан, тек алға!
Егер біз біріксек, жеңіс те біздікі!
26 ақпан күні облыстық филармонияның концерт залында әншілер мен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің қатысуымен «Ретро-концерт» өтті. Көрермендер залды кернеп кеткен ғажап музыка әлеміне сүңгіп, 70-80 жылдарда болып қайтқандай көңіл-күйде болды, потифонның үнін естіп, ретро-қабырғаның алдында суретке түсті.
Оркестр ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің бас дирижері, профессор, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Қанат Ахметовтің жетекшілік етуімен Ткаченконың «Фантазия» композициясын орындады. Одан кейін Роман Гомозов кларнет аспабында Гленн Миллердің «Мооnlights serenade» («Лунная серенада») әдемі шығармасын жеке өзі ғажап орындап шықты. Ал Илья Чапаниди көрермендеріне А.Бабаджанянның «Серенада для трубы» шығармасын труба аспабында орындап, тарту етті. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Қанат Ахметов те жеке өзі тромбон аспабында И.Дунаевскийдің «Как много девушек хороших» әнінің тақырыбына жинақталған попурри мен А.Прайердің «Влюбленный тромбон» шығармасын орындады. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі қонағымыз Қанат Ахметов - Дүниежүзілік үрмелі аспаптар оркестрлері мен ансамбльдері ұйымының, Азиялық-Тынық мұхиты оркестр дирижерлері ассоциациясының, Халықаралық тромбоншылар ассоциациясының мүшесі.
Ретро-концертте филармония әншілері де өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова Е.Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», Алмаз Оразалин «Шаттығым менің», Серікболсын Бекмолдин А.Бабаджанянның «Чертово колесо», Жанат Есов А.Пахмутованың «Как молоды мы были» әндерін, ал «Melody» тобы М.Минковтың «За четыре моря» композициясын орындады.
Дирижерлік пультта тұрған қонақ-капельмейстерді Ақмола облыстық филармониясының эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің бас дирижері «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Ерназар Уразалин ауыстырып, Поль Маридің әдемі «Таkа-takata» шығармасын орындады. Филармонияның жас та болса дарынды әншілері мен он саусағынан өнер тамған әртіс-аспапшылары: «Муз бэнд» тобы жанды жадырататын Ю.Антоновтың «Нет тебя прекрасней» композициясымен, Дмитрий Петюль (саксофон), Олеся Станкус (саксофон), Илья Чапаниди (труба) Гленн Миллердің «In The Mood» шығармасымен, Алдияр Ерғали, Батыр Бағдат, Анастасия Мельник, Марина Зяблинцева, Сәкен Біржанов та әдемі әндерімен көрермендерін тәнті етті.
Концерттік бағдарлама аясында көрермендер викториналарға қатысты, ал жеңімпаздары естелік сыйлықтармен үйлеріне қайтты.
Романтика мен махаббатқа толы көктемнің шырайлы да шуақты мерекесі 8 наурыз қарсаңында Ақмола облыстық филармониясы дәстүр бойынша көрермендерін құттықтады.
5,6,7 наурыз күндері филармонияның концерт залында және қаламыздың мекемелері мен кәсіпорындарына барып мерекелік концерттер беріліп, іс-шаралар өткізілді. Әншілер мен музыканттардың орындауында нәзік жанды аруларымыз бен ақ жаулықты аналарымызға арналып әртүрлі композициядағы әсем әндер мен романтикалық музыкалар ойналды, табиғаттың жаңарып, жандануын сездірген жылы сезімге толы шынайы шаттық пен көңілді ән-жыр өз тыңдаушысын тапты. Облыстық филармонияның кәсіби ұжымы дайындаған махаббат пен сезімге толы, көктемнің жылы лебіндей ескен әсем де әсерлі музыкадан тұратын қызықты концерттік бағдарлама көптің көңілінен шықты. Оған «Гәкку» би ансамблінің ең жас орындаушылары да қатысты. Эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі мен филармония әншілерінің орындауында көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндері мен танымал отандық, шетелдік композиторлардың өлмес туындылары сүйікті де қымбат аруларымызға, аналарымыз бен әжелерімізге, қарындастарымыз бен апаларымызға арналды.
Наурыз – Азия халықтарының ең басты төл мерекесі, 5 мың жылдан астам уақыт бойы тойланып келеді. Табиғат жаңарып, тіршіліктің оянып, жаңа жыл бастау алатын көптен күткен көктемнің төл мерекесі әрдайым көпшіліктің жаппай шаттана қуанып, би билеп, ән салып, ұлттық ойындар ойнап, көңілді думандатуымен жалғасады. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары көкшетаулықтар мен қала қонақтарын «Наурыз мейтамы» атты ұлттық нақышқа толы қызықты да жарқын іс-шараға шақырды. Бұл іс-шара 15-19 наурыз аралығында өтті.
Филармонияның табалдырығын аттай сала осы күндері күнде өткізіліп жатқан қызыққа толы іс-шараның куәсі боласыз. Қонақтарды кіреберісте балалар мен үлкендерге де таныс заманауи мультфильмдердің кейіпкерлерін сомдап киініп алған филармония әртістері-аниматорлар қарсы алды. Одан әрі ұлттық нақышта безендірілген филармония фойесі көздің жауын алса, «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауындағы халық композиторларының шығармалары – ұлттық музыка құлақтан кіріп, бойды баурап алды. Ал аниматорлар балаларды безендірілген шағын залға музыкалық ойын-сауыққа толы шоуға шақырады, бұл шоу жас көкшетаулықтардың есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Ұйымдастырушылармен ұсақ-түйегіне дейін жете ойластырылған бағдарламада қызықты конкурстар, музыкалық интерактивтер мен танымдық викториналар бар. Балалар киіз үйдің құрлысын, наурыз көжеге қосылатын 7 түрлі дәмнің атауын естеріне түсірді, «Итеріспек», «Қыз қуу», «Арқан тарту» сынды ұлттық ойындарды ойнап, мәз болды.
Балалар жағы жан-тәнімен беріле ойнап, көңіл көтеріп жатқан кезде ересектер де концерт залына кіріп, филармонияның әншілері мен музыканттары дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Көктемгі көңіл-күйге бөленіп, барлық отбасымен бірге бос уақытты ғажап өткізуге таптырмас мүмкіндік болды.
Көктемнің шұғылалы мерекесі Наурыз мейрамына 19 наурыз күні филармония әртістері барлық көкшетаулықтар мен қала қонақтарын шақырды. Уақыттарын бөліп осы күні концертке келген көрермендер әншілер мен музыканттардың дайындаған керемет концерттік бағдарламасын тамашалап, көктемнің лебін сезінгендей көңілдері шалқып, демалып қайтты.
Әртүрлі жанрдан тұратын концерттің классикалық блогында қазақ халық аспаптар оркестрінің және хордың сүйемелдеуімен Махаббат Мұхамеджанова мен Жанат Есов «Абай» операсынан «Тойбастар» шығармасын, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» шығармасын, Серікболсын Бекмолдин Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» орындады. Хор оркестрдің сүйемелдеуінде «Біржан-Сара» операсын орындаса, Гәкку би ансамблі көрермендеріне «Мереке биін» тарту етті. Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, Жанат Есов сынды жезтаңдай әншілердің орындауындағы классикалық шығармалардан құралған попурри көрермендерге арналған әдемі музыкалық сыйлық болды.
Ал халық әндері блогында көрермендер К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының өлмес туындысы «Сарыарқа» күйін тыңдады. «Аяулы менің мекенім» атты К.Күмісбековтің әдемі әнін секстет - Жанат Есов, Алдияр Ерғали, Сәкен Біржанов, Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева орындады. Мереке Бекмағамбетов Т.Молдағалиевтың «Құстар қайтып келеді»әнін, оркестр Түркештің «Көңіл ашар» шығармасын орындады.
Жанат Есов пен Марина Зяблинцева Н.Назарбаев пен Т.Мұхамеджановтың «Город мой» әнін, ал оркестр Дж.Уильямның «Викория» шығармасын көрермендеріне тарту етті. Барлық әншілердің бірлесе орындауында Б.Тілеухановтың «Кең дала» әні залды жаңғыртып, көрермендердің қошеметіне ұласқан концерттік бағдарлама өз мәресіне жетті.
Дәстүр бойынша Наурыз мейрамында көкшетаулықтар мен қала қонақтарына арналып үлкен концерттік бағдарлама дайындалады. Онда ойын да, демалатын орын да, ән-жыр да бар. Көктем мерекесінің қызыққа толы думанды тойын тойлауға облыстық филармонияның шығармашылық бөлімі де қомақты үлесін қосты. 21 наурызда тыңдармандары мен көрермендерін жинаған қызықты бағдарламаны облыстық филармонияның кәсіби музыканттары мен әншілері де дайындады. Концерттің басы саналатын классикалық блок «Абай» операсының «Тойбастар» шығармасымен ашылды. Бұл шығарманы қазақ халық аспаптар оркестрінің және хордың сүйемелдеуімен Махаббат Мұхамеджанова мен Жанат Есов нақышына жеткізе орындады. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» шығармасын, Серікболсын Бекмолдин Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» орындады. Көрермендер хор мен оркестрдің үйлесімдік тапқан бірлесе орындауында «Біржан-Сара» операсын, Гәкку би ансамблінің орындауында «Мереке биін» тамашалады. Ал классикалық шығармалардан құралған попурриді әншілер Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, Жанат Есов көпшілікке тарту етті.
Классикалық блоктан кейін халық музыкасы блогына да кезек келді. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында халық өлмес туындыларды, құйқылжыған күйлерді тыңдап, бой жазды.
9 мамыр күні Көкшетау қаласында өткен Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қалыптасқан дәстүрге сәйкес облыстық филармонияның эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі қатысты. Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қоюға бару салтанатты шеруі басталғанға дейін Даңқ аллеясында оркестр әскери тақырыптағы әндерді орындады.
Одан кейін эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен халық облыс әкімімен бірге мемориал кешеніне шеру тартты. Салтанатты шеруге қатысушылар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сонау қан майданда қаза тапқан, әлемді фашизмнің қанды тырнағынан арашалаған халқымыздың ержүрек ұл-қыздарын еске алып бір минут үнсіздік сақтады.
21 қыркүйек күні Ақмола облыстық филармониясында «Музыкалық кофехана» инновациялық жобасы аясында әдемі әрі әуезді Романс пен ән кеші өтті. Халық сүйіп тыңдайтын, танымал романс жанрындағы әндерден құралған концерттік бағдарламаға облыстық филармонияның барлық әншілері қатысты. Концерт филармонияның фойесінде өткендіктен, көрермендер үшін кештің форматы сәл өзгешелеу болды. Жылы жайда, иісі бұрқыраған бір шыны кофе ішкен көрермендерді Ғажайып Романс баурап алды.
Филармонияның «Музыкалық кофехана» атты жаңа жобасы Көкшетаулық өнер сүйер қауымның көңілінен шыққанын атап өту қажет. Сүйікті халық әндерімен және қазіргі композиторлардың әндерімен араласа, сахна төрінен төгілген романстарды естігенде қонақтардың қуаныштарында шек болмады.
Концерт бағдарламасында романтикалық, әдемі және мәңгілік өлмес жанрмен біріктірілген 23 шығарма көрермендеріне нағыз музыкалық мейрам сыйлағысы келген әншілердің ниетіне сәйкес төгілді және әртістер көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.
Бағдарламаның шымылдығы өз ісінің үздігі, талантты музыканттардың бірі Әлібек Ахмалишевтің сүйемелдеуімен филармонияның солисі Юрий Храмцовтың «Две плакучие ивы» романсымен ашылды. Гүлжан Ахметованың орындауындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын Бакалейниковтың «Бубенцы» романсы, Сәкен Біржанов пен Жәния Жақанованың орындауындағы «В мире есть краса одна» романсы көрермендер үшін тосын сый болды. Опера ханшайымы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева елді аузына қаратып, Булаховтың «Я тебя с годами не забыла» және Фоминнің «Только раз» романсын керемет орындап шықты.
Ақмолалық белгілі әншілер: Мереке Бекмагамбетов, Валерия Болиева және Махаббат Мұхамеджанова кеш барысында қонақтарға өз шығармаларын сыйлап, сыңғырлаған әдемі дауыстарымен баурап алды.
Лирикаға толы, әдемі, жүрек жарды әндерді орындаған Жанат Есов пен Серікболсын Бекмолдинді көрермендер әдеттегідей жылы қабылдады. Зубовтың «Не уходи» және Петровтың «Я словно бабочка к огню» туындыларын орындаған Эльмира Камарницкаяның және Носковтың «Романс» шығармасын орындаған Батыржан Бағдаттың сахна төрінде көрсеткен өнерлерінен музыка мен әртістік шеберліктің айқаса өріліп, тамаша үйлесім тапқанын көруге болады.
Романстар мен әндерге арналған әдемі ән кеші жез таңдай әнші Валерия Болиеваның орындауындағы Петровтың «Романс о романсе» шығармасымен аяқталды. Қорытынды нөмір көрермендердің буырқанған қошеметіне ұласып, ерекше жылылықпен қабылданды. Бұл тағы да бір рет ұлы музыканың ғаламат күшін растайды.
4. Қайырымдылық концерттері
8 ақпанда Щучье қаласының Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Ақмола облыстық филармониясының әншілері қайырымдылық концертін берді.
Облыс орталығының әртістерінің бастамасымен дайындалған бұл іс-шараның негізгі мақсаты - қызметті тұтынушылардың мәселесіне қоғамның назарын аударып тарту, осы салада тәжірибені талдап қорыту және мұқтаж жандар үшін көрсетілетін қызметтерді дамыту. Филармония әншілері өнер көрсеткен аз уақытының ішінде көрермендерін баурап алып, олардың қошеметіне бөленді. Олар әдемі музыка мен ән-жырдан ләззат алып, күнделікті күйбең тіршіліктен арылып, жан-дүниесімен серпіліп бір демалды. Филармония әншілері Мереке Бекмағамбетов, Марат Бектасов, Гүлжан Ахметова, Ләззат Едрисова көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсем әндері бөледі. Ал көркем сөз жанрының шебері Ғалия Рамазанова бағдарламаны жүргізді.
Ақмола облыстық филармониясының әншілері 6 наурыз күні Щучье қаласында орналасқан Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті «Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі» ММ-де қайырымдылық концертімен болып қайтты. Әртістеріміз бұл кездесуді шуақ шашқан көктемнің алғашқы мерекелері - Алғыс айту күні мен 8наурыз –Халықаралық әйелдер күніне арнап берді.
Халық әндері мен советтік кезеңдегі және қазіргі заманғы композиторларымыздың шығармаларынан құралған шағын концерт көрермендердің көңілінен шығып, бірде езу тарттырса, бірде сағынашқа бой алдырып мұңайтты. Абсалық Салық пен Сәкен Біржанов сынды әншілеріміз халық әні «Нақ-нақ» пен «Аққурайды» орындады. Ал Сәкен Біржанов А.Зацепиннің «Надо мною небо синее» әнін, Гүлжан Ахметова Бакалейникованың «Бубенцы», Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әндерін орындады. Марина Зяблинцева Л.Долинаның репертуарынан «Погоду в доме», С.Ротарудың «Хуторянку» әнін шебер орындаса, Мереке Бекмағамбетов М.Мұнғытаеваның «Іздедім сені» әнін көрермендеріне сыйға тартты.
Әнмен қатар бұл кеште аспаптағы орындауларға да кезек тиді. Он саусағынан бал тамған баяншы Марат Бектасов көрермендердің қошеметіне бөлене отыра орыс халық әндерінен құралған попурриді құйқылжыта орындап, тыңдармандарын тәнті етті.
11 маусымда филармония әншілері мен «Мюзикл» театралдық студиясының қатысуымен «Тенгри» мейрамханасында «Біз біргеміз» қорының мүгедек балаларға арналған қайырымдылық концерті өтті. Ойын түріндегі бағдарламаның жүргізушісі –Татьяна Кирьянова.
- 5. Филармонияның гастрольдік қызметі
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрі 2017 жылдың 21 қарашасында Щучинскіде және 10 желтоқсанда Целиноград ауданының «Родина» МҮ ҚР Тәуелсіздік күніне арналған керемет концерттік бағдарламасын көрермендер назарына ұсынды. Сонымен қатар балалар аудиториясы үшін камералық музыка ансамблі мен «Мюзикл» театралдық студиясы В.Шаинскийдің музыкасы мен М.Пляцковскийдің сөзіне жазылған С.Топелиустың «2х2=4» музыкалық-театрланған ертегісін қойды.
Мазмұны бай, жан-жақты толықтырылған, қанықты концертік бағдарлама, оркестрмен жоғары деңгейде керемет орындалған халық шығармалары мен әлемді тамсандырған танымал композициялар өз көрерменін тауып, оларды тәнті етті. Концерттің басында оркестрдің шекті аспаптар тобы орындаған Абылайханның «Қара жорға», Қыдырбектің «Балғын» шығармалары мен Жанат Есовтың орындауындағы халық әні жиналған қауымды дүр сілкіндіріп, керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады. Филармония әншісі Валерия Болиева Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнін құйқылжыта шырқады. «Гәкку» би ансамблі оркестрдің орындауындағы А.Мұхитдиновтың «Гүлдер биі» шығармасын өрнектеп, әсем биімен ажарландыра түсті.
«Летучая мышь» опереттасынан «Тост Орловского», «Полька на охоте», И.Штраустың «Радецкий марш», «На прекрасном голубом Дунае», Й.Брамстың «Венгерский танец №5» сынды әлем жауһарлары да тыңдарманын баурап алды. Д.Жолбарысовтың орындауындағы И.Кальманның«Сильва» опереттасынан алынған «Песенка Бони» мен М.Мұхамеджанованың орындауындағы «Сильва» опереттасынан «Выходная ария Сильвы» композициялары «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде орындалып, көрермендерін классикалық өнердің ғажайып әлеміне бойлатты. С.Бекмолдин Дж. Россинидің «Севильский цирюльник» операсынан «Фигаро» каватинасын керемет орындап шықты. Концерттік бағдарлама филармония әншілері: В.Болиева, Ж.Есов, С.Бекмолдинның орындауындағы классикалық шығармалардан құралған попурримен аяқталды. Филармония әртістерімен дайындалған музыкалық нөмірлер мен би қойылымдары жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсем ән мен тәтті күйге бөледі.
Тұрлыхожа Базаров, Әділет Азбаев және Руслан Баймурзин сынды дирижерлар жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі және Ақмола облыстық филармониясының әртістері: Жанат Есов, Ғазиза Жұмекенова, Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева, Сәкен Біржанов, Сәрсенбай Хасенов, Әбілсерік Қамашев, Әділет Азбаев, Серікболсын Бекмолдин 2017 жылдың 5 желтоқсанында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жерлесіміз, ұлы композитор Кенжебек Күмісбековтің 90 жылдығына арналған концерттік бағдарламамен Қорғалжын ауылына гастрольге барып, концерт берді. Осы құрам 6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күніне арналған концертпен Целиноград ауданының Ақмол ауылында өнер көрсетті.
Бұл іс-шара К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында «Гәкку» би ансамблі ұсынған «Шашу» көркем биімен ашылды. Оркестр тамаша ұлттық композицияларды орындады. Концерттің бірінші бөлімі Кенжебек Күмісбековтің шығармаларына арналды, онда «Қорқыт туралы аңыз», «Кербезім» шығармалары оркестрдің орындауында, К.Салықовтың сөзіне жазылған «Аққуым, айдыныңа оралдың ба?» әнін Ғазиза Жұмекенова, «Аяулы менің мекенім» әнін Махаббат Мұхамеджанова, Жанат Есов, Эльмира Нысанбаева, Сәкен Біржанов нақышына жеткізе ғажап орындап, көрермендеріне тарту етті. Сонымен қатар қазіргі заман композиторларының да композициялары орындалды. Дуэт Әбілсерік Қамашев (домбыра), Әділет Азбаев (қылқобыз) аспапта Н.Тілендиевтің «Аққу» шығармасын сомдады. Ш.Қалдаяқов «Қайықта», Қ.Ахмедяров «Арпалыс», Л.Хамиди «Қазақ вальсі», С.Мұхамеджанов «Айсұлу» операсы, Н.Тілендиевтің «Көш керуен» шыцғармасы «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде орындалды. Әлемдік композициялар: Дж.Россинидің «Севильский цирюльник» операсынан «Фигаро» каватинасы, Дж. Уильямстың «Викториясы» орындалды. Концерт керемет күй тартыспен аяқталды.
Қазақстан Республикасының төл мерекесі Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында 2017 жылғы 13 желтоқсан күні Елбасы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының атауын Біржан сал ауданы деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Облысымыздың топонимикасы үшін ғана емес, сонымен қатар өңіріміздің мәдени өміріндегі осындай ерекше оқиғаның құрметіне орай Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 25 желтоқсан күні «Степняк» әкімшілік орталығында концерт берді. Филармония әншілері, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі көрермендерін сүйікті халық әндерімен, шығармаларымен қуантты.
Орындалған шығармалардың әр ноталары патриоттық сезімге толы болды. Іс-шара Гүлмира Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» би ансамблінің орындауындағы әдемі «Жыл құсы» биімен ашылыды. Ұлы композитор Біржан салдың танымал, көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармалары орындалды. Сәрсенбай Хасенов «Ақсеркеш» әнін, Абсалық Салық «Жанболат» әнін, Төлеген Аманов «Айтбай», «Бурылтай» әндерін асқақтата шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Жұлдыз Жүзбаева мен Ғазиза Жұмекенова «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде Ақан серінің «Ләйлім шырақ» композициясын тарту етті. Ғ.Жұмекенова Е.Ибраһимнің «Көкшетау кестелері» әнін орындады. «Айнакөл» фольклорлық ансамблі С.Байтерековтің сезімге толы «Кішкентай» әні мен халық күйі «Жайма қоңырды» орындады. Халық шығармашылығына айналған Нияз серінің «Ойгөк» әнін «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде филармония әншісі «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов төгілте шырқады. Одан әрі дарынды, кәсіби ансамбль Ықыластың «Жез киік», Раздықтың сазды да ырғақты «Аңшының зары» шығармаларымен жалғасты, іс-шара Тәттімбеттің «Айдос» композициясымен аяқталды. Концерт өте қызықты, әсерлі өтті, мерекелік көңіл-күйге толы болды.
- 6. Музыкалық қойылымдар
12 ақпанда көкшетаулық жас көрермендер мен қала қонақтары облыстық филармонияның концерт залында «Мюзикл» театралдық студиясының әртістері мен симфониялық оркестрдің қатысуымен өткен С.Прокофьевтың «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісінің алғашқы көрсетіліміне шақырылды. Музыкалық ертегі облыстық филармонияның инновациялық жобасы - «Музыкалық кофехана» жексенбілік отбасылық ойын-сауық бағдарламасының аясында өтті. «Музыкалық кофехана» жексенбілік отбасылық музыкалық-ойын-сауық бағдарламасы - әртүрлі жастағы тыңдармандарға арналған филармонияның әртүрлі жанрдағы, музыкалық ойын-сауық іс-шараларының бірі.
«Музыкалық кофехана» бағдарламасының ерекшелігі айына екі рет жексенбі күндері отбасылық жақсы және жайлы көңіл-күй аясында өтетіндігінде, онда ата-аналарға кофе, балаларға әртүрлі тәттілер ұсынылады.
Сергей Прокофьевтың балаларға арнап 1936 жылы жазған «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісін әлемдегі барлық балалар мен ересектер біледі және сүйіп тыңдайды. Ал ертегі алғаш рет сол жылы Мәскеу филармониясының концертінде орындалды. Автор ертегінің педагогикалық мән-мағынасы туралы өзінің өмірбаянында: «Ертегінің әрбір кейіпкері өзіндік лейтмотивке ие, ол осы кейіпкерге бекітілген аспапта орындалады: үйректі - гобой, атаны – фагот аспабы және т.б. бейнелеп салады. Ертегі басталар алдында балаларға аспаптарды таныстырып, ойнап көрсетеді: орындау кезінде балалар тақырыпты қайта-қайта тыңдайды және аспаптар тембрын танып білуге үйренеді» деп жазды. Проковьев өзіне ертегінің өзі маңызды болмағандығын, балалардың музыканы тыңдай білуі маңызды екендігін, ал ертегі оған желеу ғана болғандығын баса айтты.
Ертегіні кішігірім үзінділерге бөліп оқып тұрған мәнерлеп оқушы, ертегі желісінде болып жатқан барлық оқиғаларды тілсіз, бейнелеп көрсетіп тұрған филармонияның театралдық студиясының әртістері қатысқан ерекше қойылым симфониялық оркестрдің орындауындағы музыкамен ұштасып көрермендердің қызығушылығын арттырды.
2018 жаңа жыл қарсаңында Ақмола облыстық филармониясының «Мюзикл» театралдық студиясының әртістері келе жатқан ит жылына арналған «Күшіктің жаңа жылы» атты қызықты, осы заманға сай ертегіні ең жас көрермендеріне тарту етті. Қойылымдар 21 желтоқсаннан бастап 30 желтоқсан аралығында өткізілді. Бұл мереке кезінде таңғажайыптар болатынына сеніп, тосатын жас көрермендеріміз қойылым барысында жақсылықтың жамандықты қалай жеңгені баяндалатын қызықты оқиғаны тамашалады. Ертегінің басында актерлар балалардың қазір сүйіп көретін Кит Чепманның туындысы «Щенячий патруль» мультфилімінің кейіпкерлері образына еніп сахнаға шықты: Райдер - тентек бала, Күзетші күшіктің командирі, әрі оны баулушы, ол қандай қиын, күтпеген жағдайларда да тез шешім қабылдай алатын, жоғары технологиялық құрылғыларды жетік меңгерген маман. Маршал –өмірге қызығушылығы зор далматинец, өртке қарсы күзет қызметінің жауынгері, ол өзінің табиғи алаңғасар мінезінің кесірінен әрдайым күлкілі жағдайларға тап болып жүреді. Жарыскер Чейз – «неміс овчаркасы» тұқымының жас өкілі, әрдайым жедел көмек көрсетіп, кез-келген кедергіден өтуге жәрдемдеседі. Скай – командадағы жалғыз қыз, «кокапа» тұқымынан, өзі қайрымды, бауырмал. Ертегі кейіпкерлері жаңа жыл белгісі – шыршаны шанамен сүйреп алып шығады, нағыз Жаңа жылдық көңіл-күй орнап, ойын-сауық басталады. Кейіпкерлер көңілді музыкаға билеп, қар атысып ойнай бастайды, ал Райдер, Маршал, Чейз, және Скай зал аралап, көпіршікті шарларды үрлеп балалармен бірге ойнап-күле бастайды.
Дәл осы кезде сахнаға «101 далматинец» диснейлік франшиздің жағымсыз кейіпкерлері: күшік терілерінен өзіне тон тігу үшін бейкүнә күшіктерді ұрлаушы басты қаскөй, жауыз Круэлл Де Виль, оның қызметшісі Анита мен көмекшісі Хорас шығады, мерекелік кеш бұзылады. Олар далматинец Маршалды ұрлап кетеді, ал Маршалдың сенімді, тапқыр достары оны құтқарып, қаскөйлерді қамап тастайды. Мереке жалғасын тауып, аман қалған адал достар көрермендермен қауышып, би билеп шаттанды. Ән әуеніне ере ортаға көптен күткен Аяз Ата да жетті, ол барша халықты Жаңа жылдарымен құттықтап, шыршаны айналып ән салып, ойын ойнауға шақырды. Ертегіден жақсы әсер алып, жүздері бал-бұл жайнаған балалар мерекені жалғастыруға жүгіре жөнелді.
- 7. Байқаулар мен фестивальдерге қатысу
25-27 мамыр аралығында Павлодар қаласында «Палитра Джаза -2017» джаз музыка фестивалі өтті. Фестивальге «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин жетекшілік еткен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі қатысты. Waiter Chick Corea «Armando,s Rhumba», Александр Сухихтың «Коррида» шығармалары орындалды. Сонымен қатар фестивальге филармония әншілері Эльмира Камарницкая, Марина Зяблинцева қатысты.
- 8. Мәселелер мен оларды шешу жолдары
Облыстық филармонияның концерттерінің көбі қаламыздың газеттерінде жарық көреді. Өткізілген концерттер, іс-шаралар және гастрольдік қызметтер туралы есептер филармонияның жеке сайты fil.akmolkz және әлеуметтік желі Facebook беттерінде жарияланады.
Бүгінге дейін кадр мәселесі толықтай шешілмей тұр. Оркестрлер толықтай жинақталмаған. Бүгінгі таңда басқа қаладан келіп, филармонияда жұмыс істегісі келетін музыканттар бар, бірақ оларға тұратын үй-жай берген жағдайда ғана олар келуге келіседі. Музыканттардың жетіспеушілігіне байланысты оркестр репертуарлары да зардап шегеді.
Тағы бір мәселе – ұжымдардың толыққанды дайындалулары үшін бос, жабдықталған жайлардың жеткіліксіздігі. Бұл мәселені шешу мақсатында біз филармония ғимаратына жалғастыра салынатын жайлардың (қосымша құрылыстың) жобасын (нобайы), жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындадық. Осы құрылыс салынған жағдайда ағымдағы екі мәселе шешімін табар еді:
- Ұжымдардың кәсіби жұмыс істеулеріне қажетті жағдай жасалар еді;
- Шақырылған мамандар тұратын тұрғын үй мәселесі ішнара шешілер еді. Жобада жатахана түрінде бір қабат жоспарланған.
Сонымен қатар мекеменің техникамен жабдықталу жағы да ақсап тұр, оркестр музыканттары мен әкімшілік бөлімнің қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қажетті компьютерлер жеткіліксіз. Қазіргі таңда техниканың даму деңгейі бір орында тұрмағаны кімге болса да аян, қазір барлық ноталарды арнайы бағдарламалар арқылы жазуға болады, ал біз болсақ, электронды форматта істеуге мүмкіншіліктің жоқтығына байланысты бұрынғыша қолмен жазып келеміз. Оған қоса әкімшілік бөлімнің көптеген қызметкерлері бір компьютерді екеуі бөлісіп жұмыс істеуде. Ақмола облыстық филармониясының теңгерімінде тұрған компьютерлер әрдайым жөндеуді қажет ететін ескі компьютерлер, оның жартысы заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар гастрольдік турларға жиі шығуға байланысты жолға шығуға арналған тасымалданатын аппаратураны (микшерлік пульт пен 10 микрофон) сатып алу қажет. Көптеген жылдардан бері осындай аппаратураға қол жеткізе алмағандықтан, біз гастрольдерге концерт залында тұрған қымбатты стационарлық аппаратураны алып шығып жүрміз.
2013 жылы облыстық филармонияның ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, дегенмен қайта қалпына келтіру жұмысы тозығы жеткен ішкі кәріз және су құбырлары жүйесін айналып өтті. Ескі, тот басқан құбырлар жиі жарылып, тамшылап тұрады, кәріздің жағымсыз иісі ғимарат ішіне тарап, қолқа қабатын сасық иіс мүңкіп тұрады. Бұл филармония қызметкерлерінің өмірін ғана улап қоймай, сонымен қатар іс-шараларды тамашалауға келген көрермендерді де мезі етті. Сонымен қатар жылу беру жүйелері де ескіріп тұр. Ал қыста ғимараттың іші өте суық, қызметкерлер жұмыс орындарында тоңғандықтарынан, жылытқыш құралдарын қосады.
Қолданыстағы ережелер мен нормаларға сәйкес қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайын жасау үшін үнемді жарықтандыруды орнату қажеттілігі туындады.
Филармонияда екі автомашина бар, «Мерседес-190» автомашинасы (1993 жылы шығарылған – пайдалану мерзімі 22 жыл) және «Форд Транзит» (1996 жылы шығарылған - пайдалану мерзімі 19 жыл). Екеуі де жиі істен шығады, себебі автомобильдердің пайдалану мерзімі барлық рұқсат етілген мерзімдерінен асып кеткен, тозған. Жедел қызмет көрсету мақсатында, атап айтқанда концерттік, гастрольдік іссапарлар кезінде бізге қолайлы автотранспорт (12 орынды «минивэн» микроавтобусы немесе «газель») қажет. Шығармашылық ұжымдар жиі гастрольдік турларға шыққан кезде көп орын алатын, ұқыптап орналастыруды қажет ететін қымбат музыкалық аспаптарды, реквизиттерді тасымалдауға жүк көлігі «Газель» автомашинасы өте қажет.
К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің, симфониялық оркестрдің музыкалық аспаптары 10 жылдан аса жаңартылған жоқ.
Қыс мезгілінде автомашиналарды қою үшін жылы гаражды жалға алу қажет, жалға алу да аз ақша тұрмайды. Сондықтан да автомашиналар мен автобустарды қоюға арналған өзімізге тиесілі жылы гаражды (ангарды) салған дұрыс болар еді.
Жоспар бойынша ұжымдардың репертуарлары жаңартылып отырады, бұл көрермендер назарына әртүрлі жанрдағы бағдарламаларды ұсынуға көмектеседі. Осылайша облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары облысымыздың көрермендер аудиторияларының рухани қажеттіліктерін қанағаттандыра отыра, отандық және әлемдік мәдениеттің ең үздік үлгілерін насихаттайды. Мәдениеттің сапасы өміріміздің сапалы болуының басты индикаторының бірі. Кез-келген экономикалық қайта құру халықтың мәдени қажеттілілігін толықтай қанағаттандырмаса, тиімді болмайды.
- 9. 2018 жылға мақсаттар мен міндеттер
- 1. Елордасы - Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Өңірлер күндеріне арналған концерттік бағдарламаға облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілерінің қатысуы
- 2. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көкшетау – тал бесігім» классикалық және халық музыкасының V музыкалық фестивалі
Фестивальдің негізгі мақсаты – жаңа иновациялық шығармашылық жобаларды дамыту. Фестиваль Ақмола облысындағы музыка мәдениетінің дамуы туралы оң қоғамдық пікірлердің қалыптасуына ықпал етуді, өзара тиімді байланыстарды кеңейтуді, жаңа шығармашылық салт-дәстүрлерді дүниеге әкелуді, әлемдік деңгейге шығу үшін Қазақстанның және біздің өңірдің ең үздік мәдени үлгілерін насихаттауды өзінің мақсаты ретінде қойғандықтан, маңызды беделді жобалардың қатарына жатады. Фестивальдің құрылымдық идеясы отандық және әлем музыкасының асылдарын насихаттайтын облыстық филармонияның кәсіби ұжымдары концерттің негізгі қатысушылары болып табылуында, оркестр репертуарының жаңа шығармалармен толықтырылуында және өнерге деген ұрпақтар сабақтастығын ұштастыруда.
Фестиваль аясында :
- Қазақстанның танымал дирижерлары мен солистері шақырылатын симфониялық оркестрдің 40 жылдығына арналған концерт;
- Қазақстанның танымал дирижерлары мен солистері шақырылатын К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің 35 жылдығына арналған концерт.
- 3. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ғасырлар үні» ІІІ Өңіраралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі
Тарихы сонау ерте замандардан бастау алатын, өзіндік ерекшелігі бар Қазақстанның музыкалық өнері - еліміздің көп ұлтты мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Оның заманауи кезеңдегі жеткен жетістіктері мен табыстары - қазақ халқының өмірінде мәдени-әлеуметтің қайта қалыптасуының нәтижесі. Халық әндері мен күйлерінен бастап, заманауи ғылымға дейінгі жол – қазақ кәсіби музыкасының өткен тарихи қысқа кезеңі. Ең бастысы, ол жаңа әлеуметтік деңгейде халықтың бай музыкалық мұрасының жаңа қалыпта және дәстүрде жаңғыруымен сипатталады.
Фестивальге халықтың музыкалық шығармашылығын насихаттап келе жатқан фольклорлық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысады. Фестивальдің құрылымдық идеясы - өзара тиімді байланыстарды кеңейту, жаңа шығармашылық дәстүрлердің тууына ықпал ету, Қазақстанның мәдени имиджінің ең үздік үлгілерін әлемдік деңгейде насихаттау. Фестивальге қатысу үшін Қазақстанның және шетелдердің фольклорлық ансамбльдері мен жеке орындаушылары шақырылады.
- 4. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» ІІІ Өңіраралық фестивалі
Қазақ ән өнерінің ордасына айналған қасиетті Арқа өңірінің ән мәдениетін дәріптеу, рухани-адамгершілік пен мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру мақсатында жұршылықтың, үкіметтің, кәсіпкерлердің назарын аудартып, тарту; жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік мекемелер мен шығармашылық ұжымдардың ресурстарын шоғырландыру. Фестивальдің негізгі мақсаты шығармашылық байланыстарды нығайту, концерттік ұйымдармен мәдениет және өнер саласындағы мамандардың арасындағы байланысты өрістету әрі арттыру. Бұл фестиваль солтүстік өңір халықының дәстүрлі музыкасын насихаттаушы әншілердің шығармашылық қызметі барысында тәжірибе алмасуға арналған таптырмас өнер алаңы, мәдени аралық байланыстардың дамуына ықпал ететін орта. Музыкалық форум біздің бай мәдениетіміздің інжу-маржандары – халықтың дәстүрлі музыкалық шығармашылығын дәріптеп, кең көлемде насихаттауды маңызды міндетінің бірі санайды.
Фестивальдің құрылымдық идеясы:
- халық әнін дәріптеу, асқақтату, дәстүрлі халық әнін орындаушылардың репертуарын толықтыру.
- Қазақстанның ұлттық мәдени мұраларының ең үздік үлгілерін насихаттау.
- дәстүрлі музыкалық мұралармен алмасу.