2016 жыл да аяқталды. Облысымыздың басты концерттік ұйымының жұмысын қорытындылап, кезекті есеп беретін кез туды. Кәсіби өнерді дамыту - мемлекеттік мәдени саясаттың маңызды басымдылықтарының бірі. Атап айтқанда кәсіби өнердің ахуалы барлық облысымыздың мәдениетін дамытудағы индикатор болып табылады.

Ақмола облысының мәдениет басқармасы жанындағы «Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-ның шығармашылық, қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметіне талдау жасасақ, осы өткен есеп кезеңінде біздің ұжымымыздың барлық бөлімдері жұмыстарына баса назар аударып, табысты жұмыс істеп, басшылықтың алдына қойған міндеттерін толықтай орындап шықты.

Соңғы жылдары филармония жарқағаздары алуан түрлі атауларымен және жанрларымен өнерді ерекше бағалаушы тыңдармандарының өзін таңқалдырды. 2016 жыл да осының куәсі.

Филармонияның концерт залында көкшетаулық әртістердің, гастрольмен келгендердің және шақырылған әншілер мен ұжымдардың концерттері табысты өтті. Оның ішіндегі есте қаларлықтай, ерекше өткендері қаламыз бен облысымыздың музыкалық өмірінің парақтарына жазылып, тарихында қалары сөзсіз.

Кадр ресурстары

2015-2016 жылдар кезеңінде «Ақмола облыстық филармониясы» МКҚК-ның кадр құрамы қатты өзгерді. 2016 жылы барлық қызметкерлер саны – 179 адамды құрады, (2015 жылы - 167 адам). Оның ішінде шығармашылық қызметкерлер саны – 142, (2015 жылы - 129 адам), жоғарғы білімі бар қызметкерлер саны - 93 адам, (2015 жылы - 93 адам), арнайы орта білімі бар 42 адам, (2015 жылы - 31 адам), орта білімі бар 7 адам, (2015 жылы - 5 адам).

Әкімшілік бөлімде -15 адам, (2015 жылы - 13 адам). Шаруашылық-техникалық бөлімде 22 адам қызмет істейді, (2015 жылы - 23 адам). Жұмысқа орналасқан барлық жас мамандар саны - 26 адам, (2015 жылы - 17 адам).

Марапаттау

2014 жылы филармонияның әншісі Абсалық Салық ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

2015 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісіне ие болған филармонияның қызметкерлері: Валерия Хаджиумаровна Болиева, Илья Иванович Федоров, Марат Бисембаевич Бектасов.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында филармония әншісі ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева «Құрмет» орденінінің кавалері атанды.

  1. ҚР Мәдени саясатының аясында өткізілген іс-шаралар мен

облыстық және өңірлік іс-шараларға қатысу және өткізу

«25 игі іс» республикалық акциясының аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына Ақмола облысының мәдениет басқармасының бастамасымен басталған «Өнерлілер өңірлерде» облыстық акциясы облысымыздың барлық ведомстволық бағынысты мәдениет мекемелерімен және кәсіпорындарымен де қолдау тапты.

22 қаңтарда облыстық филармонияның әртістер труппасы мәдениет басқармасының қызметшілер десанты құрамында мәдениет ошақтары жоқ Зеренді ауданының ауылдарына барып өнер көрсетті. «Өнерлілер өңірлерде» акциясының қатысушылары өнер көрсеткен бірінші елді мекен Бөгенбай би мен Чаглинка ауылдары болды. Құрамында ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова, Мереке Бекмағамбетов, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, Сәрсенбай Хасенов, Рашида Галимова, Ләззат Едрисова, Алмаз Оразалин сынды әншілері бар облыстық филармонияның 70 аса әртісі ауыл тұрғындарының назарына ғажап концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар «Ару» қобызшылар триосы мен «Гәкку» би ансамблі, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі де әсем көңіл-күй сыйлап, көрермендерін тәнті етті. Мерекелік бағдарламада Иран Тасқараның «Кербез Көкше» әні әнші Сәрсенбай Хасеновтың орындауында, «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауында «Балбырауын» күйі, грек халқының «Опа», «Русские наигрыши» шығармалары орындалса, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова Ақан серінің «Ләйлім шырақ» әнін, Мереке Бекмағамбетов Е.Үсеновтың «Сырлы Көкше», Рашида Галымова халық әні «Ариайдай», Махаббат Мұхамеджанова Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан Адель әнін және тағы басқа да нөмірлерді нақышына жеткізе орындап, халықтың көңілінен шықты, олар барлық шығармаларды ыстық ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. «Гәкку» би ансамблі «Шашу», армян биі «Зартунг», «Жылқышы биі» сынды әсем хореографиялық композицияларын орындады. Концерттік бағдарлама патриоттық нотадада әнші Алмаз Оразалинның орындауында Б.Әлімжановтың «Қазақстан» әнімен аяқталды.

2016 жылы 24 қаңтарда «25 игі іс» республикалық акциясының аясында Ақмола облыстық филармониясының «РИО» сауда-ойын-сауық орталығында өткізген «Чудеса рядом» музыкалық флешмобы - Ақмола облысының мәдениет басқармасының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған ең алғашқы іс-шарасы еді. Сауда-ойын-сауық орталығының форматынан өзгеше бұл қызықты бағдарлама сол кезде «РИО-да» болған адамдардың назарын өзіне аударып, көңіл-күйлерін көтеріп тастады. Көкшетаулықтарға шағын, бірақ есте қаларлық бұл мерекені облыстық филармония қызметкерлері - бас дирижер «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен әншілер: ҚР еңбек сіңірген әртістері Шолпан Дүкімбаева, Ғазиза Жұмекенова, сонымен қатар Жанат Есов, Мереке Бекмағамбетов, Гүлжан Ахметова, Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Төлеубаева, Серікболсын Бекмолдин, Эльмира Нысанбаева, Абсалық Салық, Сарсенбай Хасенов, Марина Зяблинцева, Алмаз Оразалин, Қайрат Мырзаболатов ұсынды.

Іс-шара сауда орталығының үшінші қабатында сағат 12.00-де acapella ойналып, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенованың орындауындағы «Армандастар» әнімен басталды. Әсем әнді қалықтата орындап, үшінші қабатты әнге толтырып келе жатқан әншіге жан-жақтан филармония әншілері:Жанат Есов, Салық Абсалық, Қайрат Мырзаболатов және т.б. қосыла бастады. «Армандастар» әнін біріге орындаған әншілер қауымы біртіндеп бірінші қабатқа түсті. Осы кезде жақын орналасқан бутиктерден оркестр әртістері шығып, сахнаға орналасып, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» шығармасын ойнай бастады, ал әншілер: Шолпан Дүкімбаева, Махаббат Мұхамеджанова, Гүлжан Ахметова, Эльмира Нысанбаева бұл әнді ғажап орындап шықты. Келесі орындалған Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» композициясына барлық әншілер қосылды. Бұл шағын концерт Нұрғиса Тілендиевтің патриоттық әні «Өз елім» шығармасымен аяқталды.

Ақмола облыстық филармониясының әртістері «25 игі іс» республикалық акциясының аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Өнерлілер өңірлерде» акциясын жалғастыруда. 29 қаңтарда олар Целиноград ауданының Қоянды ауылына концертпен барып, тұрғындарға халық әндері мен заманауи әуендерге толы ғажап концерттік бағдарламаны ұсынды. Гүлмира Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» би ансамблінің хореографиялық композициялары музыкалық бағдарламаны ажарландыра түсті.

Концерт филармония әншісі, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Жанат Есовтың орындауындағы Ақан серінің «Балқадиша» әнімен ашылды. Әнді халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты «Айнакөл» фольклорлық ансамблі (жетекшісі Руслан Қойшыбаев) сүйемелдеді. Сонымен қатар көрермендер ансамбльдің орындауында ұлы күйші Құрманғазының өлмес туындысы «Балбырауын» күйін тамашалады. Иран сал Тасқараның «Кербез Көкше» әнін Сәрсенбай Хасенов, Нияз серінің «Ой гөк» әнін «Мәдениет қайраткері» Мереке Бекмағамбетов, халық әні «Гүлдариғаны» халықаралық байқаулардың лауреаты Эльмира Төлеубаева орындады. Ақмола облыстық филармониясының әртістері көпшілік назарына Л.Хамидидің, Ш.Қалдаяқовтың шығармаларын, Абай әндерінен алынған попурри, М.Магомаевтың репертуарынан алынған әндерді ұсынды. Сахна төрінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева, Алдияр Ерғали, Ләззат Идрисова, Алмаз Оразалин, Серікболсын Бекмолдин да өнер көрсетті. Концерт Б.Әлімжановтың «Қазақстан» патриоттық әнімен аяқталды.

15 ақпанда Ақмола облыстық филармониясының залында «Времен связующая нить» атты бірегей, теңдесі жоқ, ауқымды республикалық қайырымдылық жобасы өтті. Ол 2011 жылы Қамқорлық кеңесі қорының төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен «Дегдар» гуманитарлық қорымен құрылды. Бұл жоба Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбекшілеріне, сондай-ақ еңбек ардагерлеріне, бүгінгі азат Қазақстанның іргетасын қалаушылардың бәріне ризашылық білдірудің дәстүрі іспетті.

Концертке танымал қазақстандық орындаушылар қатысты. Олар аспаптық трио: «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаты Еркебұлан Сапарбаев (скрипка) және Ермек Құрманаев (виолончель). Сонымен қатар, осы қайырымдылық жобасына әр жылдарда ҚР халық әртісі Гаухар Мырзабекова және өзі жетекшілік еткен «Қазақстан Камеретасы» мемлекеттік камералық оркестрі; «Астана Опера» театрының жетекші әншілері Сүндет Байғожин, Медет Чотабаев, Альфия Каримова, Меир Байнеш; Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі Андрей Трегубенко, ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, атақты ресей виолончелисі және дирижер Денис Шаповалов пен тағы басқа да танымал орындаушылар ат салысып, қатысқан болатын.

«Времен связующая нить» – қоғамдағы маңызы салмақты жоба. Республикада үлкен резонанс тудырды. Ұйымдастырушылардың атына Ардагерлер кеңесі мен қала әкімдіктерінен үнемі алғыс хаттар мен шақырулар келіп жатады. Бұл қайырымдылық концертіне көкшетаулықтар да көп жиналып, облыстық филармонияның концерт залына лық толды.

Тыл еңбекшілері, еңбек ардагерлері, классикалық музыканы сүйіп тыңдайтын қала тұрғындары, классикалық сахна жұлдыздары мен шеберлерінің концертін тегін тамашалауға ғажап мүмкіндік алған музыкалық оқу орындарының студенттері Моцарт, Брамс, Гайдн, Массне сынды ұлы ғұлама авторлардың өлмес туындыларын тамашалады.

Сонымен қатар әртістер қалыптасқан дәстүр бойынша Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенттеріне шеберлік дәрістер берді.

27 ақпан сенбі күні таңертең көкшетаулықтар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындалу аясында ұйымдастырылған «Мәңгілік Ел» мамандандырылған поезд жолаушыларын тосып алды. Көкшетауға әр салалар бойынша ақмолалықтарға кеңестер беріп, көмек көрсету мақсатында құрамында ғалымдар, қоғам қайраткерлері, әртүрлі салалардың жетекші мамандары бар 98 адамнан құралған өкіл делегация келді. «Мәңгілік Ел» поезымен келгендердің жұмысы күні бойы жалғасты, ал кешке облыстық флармоняның әншілері мен ұжымдары қонақтармен бірге көкшетаулықтарды концертке шақырды.

Ең үздік нөмірлерден құралған мерекелік бағдарламаны «Гәкку» би ансамблі «Шаттық» биімен ашты. Одан соң Руслан Қойшыбаев жетекшілік еткен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі көпшілікке танымал Құрманғазының ұлы күйі «Балбырауынды» ойнады. Дарынды музыканттардың орындауында көрермендер «Русские наигрыши» композциясын тыңдады. Филармония әншілері де өнер сүйер қауымның назарына халық әндерін ұсынды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова Е.Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Мәдениет қайраткері» Мереке Бекмағамбетов Нияз серінің «Ой гөк», Валерия Болиева И.Дунаевскийдің «Заздравную», Серікболсын Бекмолдин «Р.Фальвоның «Скажите девушки», Махаббат Мұхамеджанова И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан «Куплеты Адель» шығармаларын орындады. Бұл кеште заманауи әндер де әуеде қалықтап тұрды. Әнші Жанат Есов И.Крутойдың «Все цветы» әнін, Марина Зяблинцева «Зажигай сердце» әнін орындаса, Алдияр Ерғали француз тілінде ән шырқады.

Камералық музыка ансамблі (концертмейстері Жұмабике Омарова) тыңдармандарына Абайдың «Көзімнің қарасы» әуенін, Д.Малаттың «Серенада» композциясын, «Ару» қобызшылар триосы Иоганн Пахельбельдің «Канон» шығармасын ұсынды.

Концерт «Мәңгілік ел» поезы жолаушыларының құрметіне Алмаз Оразалиннің орындауындағы Б.Әлімжановтың патриоттық «Қазақстан» әнімен аяқталды.

Көктемнің шырайлы, шұғылалы мерекесі - 8 наурыз – сыйлықтар мен ізгі істердің мезгілі. Ақмола облыстық филармониясы көктемнің алғашқы мерекесінің құрметіне 5 наурыз күні салтанатты жиналыспен аяқталған, арнайы эффектілермен безендіріліп, дайындалған ғажап концертке көрермендерді шақырып, тосын сый сыйлады. «Көкшетау» МС залына жиналған көрермендер кәсіби ұжымдар мен әншілердің орындауындағы ғажайып музыкадан ләззат алып, ойын-сауыққа толы бағдарламадан, оның жаңашылдығына, ұсыну стилінің өзгешелігіне таң қалды. Тек әрбір әртіс ғана өзінің даралығымен және орындау шеберлілігімен мерекені ажарландырып қойған жоқ, сонымен қатар 3d-маппинг-технологиясының көмегімен қабырғаларда, сахнада, кез-келген жерлерде өрнектелген оюлар, гүлдердің бүр ашуы, көздің жауын алатын көбелектердің ұшқанын бейнелеп көрсету эффектілері көрермендерді таң қалдырып, таңдай қақтырды.

Ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған бағдарлама көптің көңілінен шықты, себебі онда режиссерлік амал-тәсілдер қырланған, реттелген, таза әрі әдемі көрінді. Концерттік бағдарлама көктемнің жаңғырығы мен жеңіл, көңілді музыкаға, махаббат сезіміне лық толы болды. Себебі залға ардақты апаларымыз, аяулы аналарымыз, нәзік жанды қыз-келіншектеріміз жиналған болатын. Сахнада орналасқан лед-экраннан өзінің қамқорлығымен, махаббатымен, қолдау көрсетумен жүректерді жылтып жүрген ақмолалық әйелдердің: батыр аналардың, бизнесвумендердің, белсенді әжелердің, ансамбльдерде өнер көрсетіп жүрген өнерлі тұлғалардың бейнесі бейнеленген сурет галереясы көрсетілді.

Концертті облыстық филармонияның симфониялық оркестрі П.И.Чайковскийдің танымал, нәзік, шабыттандыратын «Щелкунчик» балетінен «Танец Феи Драже» шығармасымен ашты. Мерекеге шақырылған тыңдармандар оркестрдің орындауындағы «Севильский цирюльник» операсынан алынған увертюраны сүйсіне тыңдады.

Әнші Серікболсын Бекмолдиннің орындауындағы Р.Фальвоның «Скажите девушки» шығармасы мен халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанованың көрсеткен өнері ғажап, естен кетпес сый болды.

«Скрипач на крыше» атты жеке скрипкаға, гитараға, контрабасқа және оркестрге арналған кантри стиліндегі пьесканы көрермендер назарына солист-аспапшылар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Балта Жандәулет ұсынды.

Мерекелік концертіміздің қонағы халықаралық байқаулардың лауреаты Болат Есімханов Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Мефистофельдің куплеттерін керемет орындап шықты.

«Дни Турбиных» көркем фильмінен алынған В.Баснердің «Белой акации гроздья душистые» шығармасын «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева орындады. Сонымен қатар бағдарламада Х.Родригоның, Дж.Бизенің шығармалары орындалды, ал ерлер вокалдық тобы Ғ.Құрманғалиевтың «Он алты қыз» шығармасын орындап, көзге түсті. «Тақиялы періште» көркем фильмінен алынған А.Зацепиннің «Мама» әнін ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева көрермендер назарына ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, мерекелік бағдарлама көрермендер қошеметпен қарсы алып, сүйсіне тыңдайтын ғажап нөмірлерге толы болды. С.Михайловтың «Все для тебя» әнін әнші Алдияр Ерғали нақышына жеткізе шырқаса, «Ару» қобысшылар триосы «Сыған рапсодиясын» беріле орындады, «Start Аll Оver Аgain» композициясын Дмитрий Петюльдің саксафонда сүйемелдеуімен Эльмира Камарницкая, «KeshYou» тобының репертуарынан алынған «Қуыршақтар» әнін Бота Қалиева мен Арай Абжанова орындады. Мерекелік бағдарлама Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Эльмира Нысанбаева орындауындағы А.Зацепиннің «Весенний вальс» әнімен аяқталды.

Әсем музыка мен әдемі әндерге толы көктем мерекесінің жақсы өткенін әр нөмірді қошеметпен қарсы алып, шығарып салған, жүздері бал-бұл жанған көрермендердің күлімдеген көздерінен тануға болады.

2016 жылдың 21-24 сәуір аралығында филармония қабырғасында «Көкшетау – тал бесігім» классикалық және халық музыкасының ІІІ музыкалық фестивалі өтті. Бұл мәдени шара ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқан іс-шараларға ақмолалықтардың қосқан елеулі үлесі болды. Көлемді музыкалық форумның ерекшелігі – шығармашылық жолын біздің облысымызда бастаған, қазіргі таңда әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз-танымал музыканттардың басын қосып, жинағанында. Әр алуан, жан-жақты қамтылған үш күндік бағдарлама мен кәсіби деңгейдегі солистер көпшіліктің көңілінен шығып, қоғамның оң көзқарасына ие болды.

Үш күнге созылған фестиваль аясында көкшетаулықтар мен қала қонақтары ең үздік әлемдік және отандық классикалық шығармаларды, танымал эстрадалық және джаз композицияларын ләззаттана тыңдап, бір сергіп қалды. Фестивальдің өзіндік ғажайыптылығы мен дарынды сахна жұлдыздарының өнеріне тәнті болған халықтың қошеметі залды жаңғыртып тұрды.

Фестивальдің алғашқы күнін кеш қонағы, Халықаралық джаз ассоциациясының (АҚШ) құрметті мүшесі, «Астана-Блюз» халықаралық джаз фестивалін ұйымдастырушы, «Казахстан – перекресток Европы и Азии» жобасының авторы, пианиношы Гүлдана Жолымбетова дирижер Илья Федоров жетекшілік еткен филармонияның симфониялық оркестрімен бірлескен фортепианодағы ғажап ойынымен ашты. АҚШ-та тұрып жатқанына қарамастан, майталман пианиношы туған жері-Қазақстанға жиі келеді. Г.Жолымбетова С.Еркембаевтың «Саржайлау» шығармасы мен С.Рахманиновтың «All by myself» композициясын орындады.

Одан кейін сахна төріне Грецияның Салоники қаласынан фестивальге арнайы келген қонақ, халықаралық байқаулардың лауреаты, барабаншы Владимир Афанасьев шықты. Музыкант ерекше өнерімен таңдай қақтыртып, кештің сәніне айналды. Музыканттың орындау арсеналында барлығы 180 ұрмалы, шулы музыкалық аспаптар бар. Көкшетаулықтарды ол оркестрмен литаврға арналған екі шығарманы және оркестрмен ұрмалы қондырғыда «Галоп» композициясын (Pierre Dervaux) аса шеберлікпен орындап, таң қалдырды. Л.Андерсонның «Sandpaper Ballet» шығармасы – егеуқұм қағазының биі өте әсерлі шықты. Музыканттың қолында бір-біріне үйкелген егеуқұм шөткелері музыкалық аспапқа айналып, оркестр музыкасын толықтыра түседі. Осы автордың «Баспа машинкасы» шығармасын Владимир Афанасьев оркестрдің сүйемелдеуінде баспа машинкасында шебер орындап шықты.

Фестиваль қонақтарымен қатар бұл кеште сахна төрінде облыстық филармонияның әншілері: Валерия Болиева, Жанат Есов, Махаббат Мұхамеджанова, Марина Зяблинцева, Ләззат Едрисова да өнер көрсетті.

Бағдарламаның екінші бөлімінде дирижер Ерназар Уразалин жетекшілік еткен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі көрермендер назарын өзіне қаратты. Бұл бөлімде музыкалық композициялар орындалып, солист-аспапшылар өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды. Петропавл қаласынан келген қонақтар, музыканттар – Игорь Пищур (труба) мен Марат Жакупов та (дирижер, сыбызғы) өнерлерін ортаға салды. Олардан кейін ақмолалық музыканттар: Дмитрий Петюль саксофон аспабында, Роман Гомозов кларнет аспабында жеке шығармалар орындады.

Фестивальдің алғашқы күні ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында әлемнің әр бұрышынан өз достары мен ниеттестерін қанатының астына жинаған Е.Ынтықбаевтың патриоттық «Қазақ елі» әнімен аяқталды. Бұл мазмұны бай, таланттар бас қосқан концерт үш күнге созылған музыкалық форумның бастамасы еді.

22 сәуір күні классикалық және халық музыкасын бағалаушы көкшетаулықтар дарынды жас жерлесіміз, опера әншісі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметованың жеке концертіне жиналды. Фестивальдің екінші күні де бірінші күнінен асып түспесе, кем түскен жоқ. Әншінің жеке концертін тамашалаған және тыңдаған халық дарынды жас қыз бен оның әріптестерінің өнеріне сүйсініп, риза болды.

Әнші танымал, көпшілік сүйіп тыңдайтын опера хиттары мен әндерін жан-тәнімен беріле орындады. Ол Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан каватина, Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Інжулі Маргарита ариясын, «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульетта вальсін, Л.Ардитидің «Поцелуй», Л.Хамидидің «Бұлбұл» және т.б. да шығармаларды ғажап орындап шықты. Салтанаттың ашықтығы, сезімталдығы, жоғары кәсібилілігі көрермендердің үмітін ақтады. Әншімен бірге осы кеште Астаналық әріптестері – Талғат Галеев пен Дина Хамзина және жерлесіміз, классикалық әнші, 18 жылдан бері келісім-шарт бойынша Германияда тұрып, жұмыс істеп жүрген Қайыржан Жолдыбаев та өнер көрсетті. Дирижерлік пультта фестивальдің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов тұрды. Салтанат пен оның әріптестерінің өнеріне тамсана қараған көпшілік концерттің соңына дейін сахнадан көз алмай, бар ынталарымен құдіретті ән ырғағын, музыканы тыңдап, ләззат алды.

24 сәуір, жексенбі күні көкшетаулықтар К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің негізінде өткен фестивальдің гала-концертіне жиналып, қатысушыларды қошеметке бөлеп, қарсы алды. Өкінішке орай үш мерекелік күн көрермендер үшін қас қағымда өте шықты. Бұл музыкалық мерекелік кештер қызықты кездесулерге, дарынды тұлғалардың өнерімен танысуға, сырлы әуездерге, ғажайып сезімдерге, көтеріңкі көңілдерге толы болды.

Фестивальдің соңғы концерті тыңдармандарын аспапта ойнау, ән-жыр әлемінің тұңғиығына жетеледі. Сахнада облыстық филармонияның К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Дирижерлік пультта бірін-бірі кезектесе ауыстырып дирижерлер Тұрлыхожа Базаров пен Руслан Қойшыбаев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің түлегі Руслан Баймурзин және фестивальдің қадірлі қонағы, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Айтқали Жайымов тұрды. Осы кеш А.Жайымовтың өңдеуіндегі Абылай ханның «Қара жорға» шығармасымен ашылды және оның «Шаттық елі» туындысы орындалды. Қазақ әндерін классикалық әндер алмастырды, оларды облыстық филармонияның әншілері – ҚР еңбек сіңірген әртістері Ғазиза Жұмекенова, Шолпан Дүкімбаева және де Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, «Астана Опера» театрының әншісі Талғат Галеев орындады. Көрермендер дарынды классикалық әнші, жерлесіміз Қайыржан Жолдыбаевтың ғаламат дауысына сүйсініп, сахнадан жібергілері келмей, құшырлана қол соғып биске шақырды. Әнші бағдарламаға енгізілген екі шығармадан басқа көрермендер алдында үлкен ықыласпан тағы екі ән орындады.

Бұл концерт те әсерлі өтіп, есте қаларлық кездерге толы болды. Мысалға, Астаналық аспапшы трио – Арман Жайым фортепианода, Алмат Сайжан қыл қобызда, Ғалымжан Нарымбетов сырнайда А.Пьяцолланың «Либертанго» шығармасын ғажап орындап шықты. Келесі нөмірде қыл қобыз аспабының орнына домбыра аспабы қосылып (домбырашы Саят Бабаев) музыканттар үштігі Күй тартыс өткізді. Өз аспаптарын жетік меңгерген хас шеберлер бір-біріне ойнау кезегін әдемі ұсына отырып, халықтың қошеметімен, қолпаштауларымен өнерлерін ортаға салды. Әртістердің, әншілердің, музыканттардың шыңдалған шеберліктері мен кәсібиліктеріне риза болған көрермендердің буырқанған сезімге толы қол соғулары, қошеметтеулері үш күнге созылған концерттердің бәрінде де жалғасты. Бұл сал-серілер мекендеген, қасиетті өнер ордасы –Көкше жерінде 3 рет дүбірлетіп өтіп жатқан «Көкшетау –тал бесігім» фестивалінің табынушылары көбейе түскенін көрсетеді.

Фестиваль соңында сахнаға шыққан фестивальдің көркемдік жетекшісі, ұйымдастырушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының шығармашылық мәселелер бойынша директорының орынбасары Абзал Мұхитдинов «Фестиваль міндетті түрде жалғасады» - деген әдемі нотамен музыкалық форумды аяқтады. Классикалық және халық музыкасының жарқын бұл мерекесі табынушыларын әлі де жинай отыра жалғасады және қатысушылары да көбейе түседі. Келешекте бұл музыкалық фестивальге хореографиялық және опералық спектакльдер де кіреді деп жоспарлануда.

7 мамырда Көкшетау қаласының Абылай хан алаңында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күн Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихына қазақстан армиясының күні ретінде кірді, сондықтан да бұл күні барлық Отан қорғаушыларды, осы қайырымды іске қатысыбарлардың бәрін де құттықтады.

Мерекелік бағдарламаның дәстүрлі музыкалық бөлігіне басқа әртістермен қатар облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілері де қатысты. Ерейментау ауданының барабаншы қыздар ұжымының сүйемелдеуінде әскери бөлім мен Көкшетау техникалық институты, «АРЛАН» мамандандырылған бөлімшесінің әскери қаруларымен көрсеткен өнері қандай қызықты, тартымды болса, патриоттық рухтағы концерт те сондай ғажап болды. Музыканттар мен әншілердің жоғары орындау шеберліктері осы күні алаңға жиналған көрермендердің-қала тұрғындарының көңілінен шықты. Құттықтау мерекелік бағдарламасында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің репертуарындағы ең үздік шығармалар орындалды, филармония әншілері де көрермендерге әсем, патриоттық, эстрадалық әндерін сыйлады.

Әртістердің жоғары кәсіби біліктіліктері мен әдемі музыка алаңдағы мерекелік көңіл-күйді әсерлендіріп жіберді. Көрермендердің көпшілігі әншілерге қосыла шырқап, оларды қошеметтеп жатты. «Гәкку» би ансамблі де «Көкше» тобының орындауындағы «Батырлар ұраны» әніне қосыла билеп, осы іс-шараға өз үлестерін қосты. Ал облыстық филармонияның эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен әскери бөлімшелер әдемі, салтанатты маршпен алаңда жүріп өтті.

Астана күніне арналған жарқын мерекелердің бірі - 5 шілде күні «Көкшетау» МС өткен мерекелік концерт. Ерекше атап өтілетін мереке күніне қатысқан қатысушылардың арасында шығармашылығымен көкшетаулықтарға көңілді көңіл-күй сыйлап жүрген облысымыздың негізгі концерттік ұйымының әртістері мен әншілері болды. Әншілердің орындаған шығармалары патриоттық тақырыпта болды. Эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде облыстық филармонияның әншісі Марина Зяблинцева «Желаю тебе, земля моя» әнін жан-дүниеңді тербете орындаса, дуэт Ләззат Едрисова мен Алмаз Оразалин «Астана – моя первая любовь» әнін нақышына жеткізе, ғажап орындап шықты. Ал әнші Алдияр Ерғали көрермендерге «Благодарю тебя» әнін тарту етті.

Әдемі шығыс биін билеген «Гәкку» би ансамблі де көптің ықыласына бөленді.

18 тамызда Бурабай ауданының аумағында Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесіне қатысатын ақсақалдар алқасы мүшелерінің кездесуі өтті.

Түркі тілдес елдер ынтымақтастығы кеңесі – мемлекеттер мен мүшелер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды басты мақсаты санайтын, қазіргі заманғы түркі мемлекеттерінің басын біріктіріп тұрған халықаралық ұйым.

Кеңеске Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыстан және Түркия кіреді.

Аса маңызды салтанатты іс-шараның концерттік бағдарламасын Ақмола облысының мәдениет басқармасы дайындады, оған Ақмола облыстық филармониясы белсенді қатысты. Қонақтарды «Гәкку» би ансамблімен бірге «Айнакөл» фольклорлық ансамблі де қарсы алды. Барлық түркі тілдес елдердің шығармалары орындалды. Ғазиза Жұмекенова, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин, Алдияр Ерғали, Марина Зяблинцева, Ақан Қамыров, Марат Бектасова Қазақстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыстан және Түркия елдерінің әндерін орындады.

Ақсақалдар құшақ жая қарсы алуларға дән риза болды, сонымен бірге өз елдерінің музыкаларын тыңдап, таң-тамаша болды.

Көптеген жылдардан бергі әдетіміз бойынша облысымыздың кәсіби және көркемөнерпаз әртістерінің күшімен облысымыздың басты сахнасы – «Көкшетау» МС-да ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік концерт өтті. Бір сағатқа созылған музыкалық марафон аясында туа біткен табиғи дарынды тұлғалар халық әндері мен өткен ғасырдың сезімге толы эстрадалық композицияларын, сұранысқа ие заманауи хиттарды орындап, кең диапазонды ғажап дауыстарымен көпшілікті баурап алды. Ал облысымыздың алдыңғы қатарлы, ең үздік би ұжымдары көз тартарлық әсем, кербез билерімен халықты таң қалдырды.

Осы 26 тамыз күні өткен салтанатты мерекеде көкшетаулықтар мен қала қонақтарына өз шеберліктерін көрсетіп, өнерлерін паш еткен өнерлі жандардың қатарында Ақмола облыстық филармониясының әншілері де болды. Осы ерекше күннің тақырыбына сай келетін «Желаю тебе, земля моя» танымал әнін орындаған әнші Марина Зяблинцеваны көрермендер сахнадан қолпаштап, үлкен қошеметпен шығарып салды. Эльмира Нысанбаева «Звездный вальс» шығармасын, ал Жанат Есов «Я люблю тебя, жизнь» әнін керемет орындап шықты.

29-30 қазан аралығында Астана қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрлі Ақмола облысының мәдениет күндері өтті. Ақмолалықтар өз кезегінде астанамыздың қонақтары мен тұрғындарына арнап облыс өңірлерінде өсірілген ауыл шаруашылық өнімдерін ғана алып барған жоқ, сонымен қатар көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлайтын шығармашылық ұжымдардың ғажап концертін де ала барды. Үш күн бойы ақмолалық делегация астаналық көрермендерді өз өңірінің жетістіктерімен, тарихымен және мәдениетімен таныстырды.

Осы ақмолалық шығармашылық ұжымдардың қатарында Ақмола облыстық филармониясының үлкен құрамдағы ұжымы да болды. Олар 30 қазан күні астаналық өнер сүйер қауымды Бейбітшілік және келісім сарайының опера залында өткен «Жер жұмағы – Көкшетау, Ел жүрегі – Астана» концерттік бағдарламасына шақырды. Өнерді бағалай білетін кез-келген әлеуметтік қауымның назарына филармониялықтар дарынды, хас шеберлердің өнерін тамашалауды ұсынып, олардың жүрегіне жол таба біледі. Бұл жолы да осылай болды. Әр алуан репертуары бар бүгінгі концерт қызықты, мәнді-мағыналы болды. Бағдарлама атақты, опера өнеріне табынушы көпшіліктің жүрегін баурап алған М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Біржан мен Сараның айтысын әншілер Бейімбет Танарықов пен Анастасия Медетова Біржан сал атындағы музыкалық колледждің құрама хорының сүйемелдеуінде орындап шықты (жет.Галина Колесникова мен Марина Даутова). Орындаушылардан кейін сахна төріндегі екінші басты тұлға - бас дирижер, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі. Дирижерлік пультта маэстроны жас дирижерлар - республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев, Руслан Баймурзин, «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин ауыстырып, оркестрге жетекшілік етті. Сәрсенбай Хасенов, Гүлім Құдысбек, Айнаш Мүсипова, Асқар Мұқият, Мақсат Әбзеловтан құралған квинтет домбырада «Арқа әуендерін» асқақтата салды. Ал солист Руслан Баймурзин оркестрдің сүйемелдеуімен Н.Тілендиевтің «Ақсақ құлан» шығармасын домбырада орындады.

Концерттік бағдарламаның вокалдық бөлімі ғажап, көздің жауын алатын нөмірлерге толы болды. Әншілер көрермендердің назарына бай ән жанрының қырларын ашып көрсетуге және жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысты. Теңдесі жоқ әртістеріміз «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері Валерия Болиева Л.Хамидидің «Бұлбұл» шығармасын, халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Галеев «К.Күмісбековтің «Менің далам» әнін, Махаббат Мұхамеджанова И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан Адель куплетін жан-тәнімен беріле орындады. Сахна төрінде Бота Қалиева, Эльмира Камарницкая, Батыр Бағдат, Данияр Жолбарысов, Санжар Балташ, Эльмира Нысанбаева, Алдияр Ерғали, Татьяна Ким де өнер көрсетті. Елена Новак жетекшілік еткен вокалдық топ пен қобызшылар квартеті – Олжас Құрманбек, Алмат Сайжан, Әділет Азбаев, Аян Омаров та көпшіліктің ықыласына бөленді.

Облыстық филармонияның «Гәкку» би ансамблі «Жұбановтың музыкасына жазылған «Би күй», «Арулар» шығармаларын орындап, бағдарламаны әдемі, ырғақты би тілімен жалғастырды. Одан кейін хореографиялық ұжымдар арасында танымал, дарынды «Көкшетау»МС «Көкшетау» халық би ансамблі «Алтынай» биін мың бұрала орындады. Облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының барлық хореографиялық ұжымдары сахнаға «Достық» хореографиялық сюитасымен шықты. Ләззат Едрисованың орындауындағы Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі» патриоттық әніне барлық әншілер қосылып, концерттік бағдарламаны тамаша аяқтады.

Астаналықтардың көңілінен шығып, немқұрайлы қалдырмаған концерттік бағдарлама – ақмола жері дарынды тұлғаларға бай, қасиетті өлке екендігін тағы бір дәлелдеді.

2016 жылдың 13 желтоқсанында «Көкшетау» МС Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Дәстүрге сәйкес жиналыс облыстық филармонияның қызметкерлері дайындаған мерекелік концертке ұласып аяқталды.

Концерттік бағдарлама Тәуелсіз Республикамыздың аяғынан тік тұрып, қалыптасуы туралы 3 D mapping шоумен ашылды. Одан кейін К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестрдің бірлесе сүйемелдеуінде Біржан сал атындағы музыкалық колледждің бірлескен хорының орындауындағы «Елім-ай» әні орындалды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кантатаның авторы әрі дирижері - «Құрмет» орденінің кавалері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Одан соң қазақ және шетел музыкалық шығармаларынан алынған композицияларды ғажап орындаған әншілер - халықаралық байқаулардың лауреаттары: Талғат Галеев, Махаббат Мұхамеджанова, Серікболсын Бекмолдин, «Мәдениет саласының үздігі» құрмет белгісінің иегері Валерия Болиева көпшілікті тамсандырып, олардың назарларын өздеріне қаратты. «Гәкку» би ансамблі мен «Көкшетау» халық би ансамблінің сахна төрінде көрсеткен әр өнері шығармаларды ажарландырып, қанықтыра түсті.

Махаббат Мұхамеджанова мен Талғат Галеев А.Жұбанов пен Л.Хамидидің

«Абай» операсынан «Тойбастар» шығармасын дуэт болып орындаса, Серікболсын Бекмолдин Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесін» нақышына жеткізе орындады.

М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан алынған «Мереке биі» хор мен оркестрдің, «Гәкку» және «Көкшетау» халық би ансамбльдерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды. Оркестр Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» күйін шебер орындап, көрермендеріне ұсынса, бұл шығарманы «Гәкку» би ансамблі әдемі би өрнегімен толықтыра түсті.

Попурри жанрын халық әрдайым жақсы қабылдайды. Осы жолы да «Тарантелла», «Страна улыбок», «На качелях»,«Травиата» операсынан алынған «Застольная» шығармаларын орындаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, Валерия Болиева, Махаббат Мұхам

Онлайн кім

Қазір 220 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр