Халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі - «Мәдениет саласының үздігі»  Гүлмира Ордабаеваның жетекшілік етуімен талай асуларды бағындырып, жетістіктерге жетіп жүрген кәсіби би ұжымы. Ансамбльдің репертуары өте бай, қазақ халық  билерінен бастап, басқа халықтардың биі мен заманауи би үлгілері де бар.

«Шақырады көктем»  концерті әсемдік пен нәзіктіктің, үйлесім мен сұлулықтың шынайы көрінісін ашып, көрермендеріне көктемгі көңіл-күй сыйлап, керемет сезімдерге бөледі.

«Гәкку» би ансамблінің солистері  Қазбекова Райхан Е.Үсеновтің «Кербез сұлу» шығармасына, Чубарова Дарья «Хассак» ансамблінің «Аңсау» музыкасына мың бұрала билеп, жеке өнер көрсетті. Сонымен қатар өнер сүйер қауым қазақ билерімен қатар, «Сыған рапсодиясын», «Қырғыз биін»  тамашалады.

Көктем лебі есіп тұрған әдемі кеште Бекмұхамбетова Камиланың орындауындағы «Көңілді бикеш» биі мен «Қыз ойыны», «Қазақ вальсі» билерінің тұсауы кесіліп, көрермендердің назарына ұсынылды.

Қанықты жарқын нөмірлермен қамтылған мерекелік концерттік бағдарламаға «Айнакөл» фольклорлық ансамблі (жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі»  Әнуарбек Файзуллин) мен «Аманат» би мектебінің  ортаншы және  ересектер тобы да қатысты.
Сонымен қатар көпшілік би өнерінің қазіргі заманғы  тарландары: А.Шәмшиев, З.Әжібекова, А.Тати туралы, «Гәкку» би ансамблі жайындағы бейнебаяндарды  ықылас қоя тамашалады.

Онлайн кім

Қазір 145 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр