4 маусым күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Folk-Symphony Kokshetau» фестивалінің жабылуы аясында симфониялық оркестр мен «ТURAN» этно-фольклорлық ансамблінің  концерті өтті.

Бағдарламаның бірінші бөлімінде  «ТURAN»  этно-фольклорлық ансамблі «Той думан», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Сырласу», «Қазақ елі» және т.б. шығармаларды орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Гүлмира Ордабаева жетекшілік еткен «Гәкку» ансамблінің  би қойылымдары әр нөмірді безендіріп, ажарландыра түсті.

Бағдарламаның екінші бөлімінде «ТURAN»  этно-фольклорлық ансамблі симфониялық оркестрмен бірлесіп,  дирижер, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілік етуімен «Ұлы Тұран мәңгілік» шығармасын, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері  Берік Сарыбайдың жетекшілігімен «Ер Тұран», «Қара жорға» туындыларын,  дирижер Абай Ақбужуровтың жетекшілігімен «Қилы заман», «Көроғлы»   шығармаларын өнер сүйер қауымның назарына ұсынды. Екі ұжымның тандемінен төгілген  әр туынды тыңдарманын ерекше әсерге бөлеп, жүректерін баурап алды. Шығармашылығы шыңдалған, орындау мәнері ерекше ұжымдардың бірлесе берген концерті көкшелік көрермендер үшін нағыз отшашу болды.

Кеш фестивальге қатысушылар мен  арнайы шақырылған қонақтарға,  дирижерлерге    дипломдар мен естелік кәдесыйлар табыстаумен аяқталды.

Онлайн кім

Қазір 184 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр