2022 жылғы 27  мамыр күні Көкшетау қаласының Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің «Қазақстаным, менің» атты концерті өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов.

         Оркестр құрамындағы әрбір музыкант өз ісінің майталман шеберлері, нағыз кәсіби мамандар. Әрқайсысы ерекше талант иесі болумен қатар, композиторлық қырынан да танылып үлгерген жандар. Бүгінгі таңда олар елімізде және алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетіп, қазақ музыкасын кеңінен танытуда.

         Концерттік бағдарламада оркестр құрамында көптеген жылдар еңбек етіп, ұлттық өнер мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосып келе жатқан композиторлардың: Мәдениет саласының үздіктері Н.Бекенов, Д.Әбілдинов, А.Жайым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Мұздаханова, «Құрмет» орденінің иегері Ж.Жүсіпованың шығармалары орындалды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық әртісі, профессор, көрнекті композитор  Кенжебек Күмісбековтің  бірнеше шығармасы көрермен назарына ұсынылды.

Концертте оркестрмен бірге филармонияның классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншілері – халықаралық байқаулардың лауреаты Ә.Ораз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері А.Әбілда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Мұқашев, А.Рахымқызы өнер көрсетті. Аталған ұжымдар елордадан әсем ән мен күмбірлеген күйді сыр мен сымбаттың, сұлулықтың мекені, ән мен жырдың бесігі, сал­дар мен серілер елі – Көкшетауға тарту етті.

Онлайн кім

Қазір 105 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр