23 мамыр күні филармония залында биші, педагог, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған «Қазақ биі – бидің төресі» атты Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің дипломдық жұмысы өтті. Педагог «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаевадан тәлім алып, би өнеріне қадам басқан жас өрендердің алғашқы маңызды қадамдары - дипломдық жұмыстары көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен қатар бұл кешке «Гәкку» би ансамблі мен «Аманат» би студиясы да қатысты.
Қазақ биі – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері. Бағдарлама барысында өнер көрсетушілер қазақ биінің мазмұнын ашып көрсетуге тырысты. Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Би-педагог» тобының студенттері кәсіби би ұжымы «Гәкку» би ансамблімен және өнерге жаңа қанат қаққан «Аманат» би студиясының балдырған бишілерімен жұмыс жасап, өз өнерлерін, алған білімдері мен тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Бағдарламада қазақ биінің сахналық алғашқы үлгілерінің бірі Шара Жиенқұлованың «Айжан қыз» биі мен алтын қорға еніп, мұра болып қалған билерінің бірі «Былқылдақ» орындалды. Сонымен қатар тақырыбы әралуан, көздің жауын алатын «Қыз көркі», «Шаттық», «Қызғалдақ», «Текемет тігу», «Көкпар», «Бүркіт қанаты» және т.б. да билер көрермендердің назарына ұсынылды.