5  мамыр күні   филармонияның  концерт залында «Мәдениет қайраткері» Жанат Есовтың 50 жылдық мерейтойына арналған  «Әрайна» атты шығармашылық кеші өтті.

Жастайынан  өнердің ортасында жүрген   Жанат Есовтың  қазіргі таңда өзінің сүйікті тыңдарманы, көрермені бар.  Филармонияның барлық оркестрлерімен жұмыс істей отыра,   өзінің вокалдық репертуарын байытып, толықтырған әнші халық әндерінен бастап, эстрадалық және классика бағытындағы әндерді де шарықтата шырқап  жүр.

Концерттік бағдарлама К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Жанат Есовтың орындауында Ж.Тезекбаевтың «Әрайна» әнімен ашылды. Сонымен қатар жез таңдай әнші Жаяу Мұсаның «Ақшашақ», Естайдың «Құсни-Қорлан» әндерін көрермендеріне тарту етті. Ал эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі мен Жанат Рашиттың домбырада, Расул Жанабековтің шаңқобыз аспабында сүйемелдеуімен әншінің орындауындағы А.Бексұлтанның «Қазақтың қара баласы» атты термесі ерекше әсерлі шықты. Тал шыбықтай майыса, мың бұрала билеген «Гәкку» би ансамблі де кешті ажарландырып, сәнін кіргізді.

Бүгінгі кеште әкесінің жолын қуған, өнер жолына қадам басқан әншінің ұлы Абзал Ес те әннен шашу шашып, өз репертуарынан бірқатар әндер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал әншінің қызы Сәбира Есова Пабло Бельтран Руистың «Sway» әнін орындады. Сонымен қатар Жанат Есовпен бір өнер ордасында, бір сахна төрінде өнер көрсетіп  жүрген үзеңгілес әріптестері: «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, Ләззат Едрисова, Серікболсын Бекмолдин, Марина Зяблинцева да әншіні мерейтойымен құттықтап, әсем әндерімен қолдады. Ал көкшелік ақын Қуаныш Оспанов   Жанат Есовтың 50 жылдық мерейтойы арнап шығарған жыр маржанын төгілте оқыды.

Онлайн кім

Қазір 188 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр