Жайнаған көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз - сыйлықтар мен игі істердің кезі. Тіршіліктің оянып, табиғаттың жаңарған, жасарған маусымы, гүл көктемнің шешек атқан, бүр жарған өмір мерекесі, көңіл мерекесіне арналған салтанатты іс-шараның соңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы көрермендерге тосын сый істеп, әдемі концерт берді. Бағдарлама арнайы эффектілерге толы болды.

«Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған көпшілік кәсіби әншілер мен музыканттардың орындауындағы сырлы музыкадан ләззат алып, ән мен жырға, әсем биге толы бағдарламаның өзіндік ерекшелігі мен қанықтылығына дән риза болды.

Әр әртіс өзінің қайталанбас орындау шеберлігімен, табиғи дарынымен концерттің сәнін кіргізіп, қыздыра түсті. Бүге-шігесіне дейін ойластырылған, қырланған бағдарлама көздің жауын алып, таңдай қақтырды. Көктемнің лебі есіп тұрған, махаббат пен сезімге толы әдемі әуен мен әсем саз, көңілді музыка өз көрерменін баурап алды.

Бас дирижер Берік Сарыбайдың жетекшілік етуімен симфониялық оркестрдің орындауында концерттік бағдарламаны ашқан Иоганн Штраустың «Весенние голоса» шығармасы «Гәкку», «Көкшетау» би ансамбльдерінің ғажап биімен ұштасып әуе қалықтады. Фархат Сағымбай, Ринат Нұрмұхан, Мерғали Хамит, Валерия Болиева, Эльмира Камарницкая, Жанат Есов, Алмаза Оразалин сынды әншілер мен «Muz band» вокал тобының сахна төрінде көрсеткен өнері керемет сый болды.

Арнайы шақырылған қонақтар, Армения Республикасының халық әртісі Барсег Туманян А.Лараның «Гранада» операсын шарықтата шырқаса, ал Алматы қаласы Мемлекеттік циркінің әуе гимнастары сақтандырусыз қауіпті элементтерді керемет орындап шығып, көпшіліктің назарын өздеріне қаратты.

Сонымен қатар «Формат» тобы да өнерімен көрермендерді шабыттандырып, кешті қыздыра түсті. Астана қаласынан келген «Viva» ағашаяқтылардың жарық шоуы мен жауын жіптері проекциясы түріндегі арнайы эффектілер де кештің сәнін кіргізе түсті.

Экраннан көрсетілген «Бала көңіл-балғын шақ» атауымен берілген балақандардың аналарын, әжелері мен әпкелерін құттықтау бейнеролигі де концертті ерекшелендіре түсті. Әдемі музыка мен әсем әнге толы көктем мерекесі көпшілікке ұнағанын олардың күлімдеген көздері мен қошеметтері көрсетіп тұрды.

Онлайн кім

Қазір 138 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр