13 наурыз күні сағат 19.00-де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстанның жас композиторларының қатысуымен композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың «Ұлы дала жастары» атты шығармашылық кеші өтті. Концерттік бағдарламада К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында қазақ композиторларының «Бұлбұл», «Ұлы дала», «Желдірме», «Қосбасар», «Махамбет», «Биші қайың», «Қара жорға» және тағы басқа да шығармалары орындалды. Көрермендер аудиториясы он саусағынан бал тамған дирижерлар: Әділет Азбаев, Нұрлан Бекеновті және Айтқали Жайымовты қошеметтің астына алып, өнерлеріне жоғары баға беріп, сүйсіне тыңдады.

Айтқали Тілепқалиұлы Жайымов – советтік, қазақ дирижері, композитор, ұстаз, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Айтқали Тілепқалиұлы (С.Бүркітовпен, Б.Исқақовпен бірге) «Шалқыма», «Шаттанамын», «Домбыра ойнау өнері», «Домбыра үйрену мектебі» атты жинақтардың авторы, сонымен қатар (Б.Исқақов, Ж.Еңсепов, Ж.Сәрсенбековпен бірге) жалпы білім беретін мектептердің 5-6 сыныптарына арнап «Музыка» оқулығын шығарды. Айтқали Жайымов АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Аустрия, Франция, Норвегия, Куба, Чехословакия, Қытай, Түркия, Ресей сынды алдыңғы қатарлы елдерде өнер көрсетіп, концерт берді.

Өз ісінің маманы, табиғи туа біткен дарын иесі, маэстро Айтқали Жайымовтың шыңдалған шеберлігіне куә болған көпшіліктің жүрегінде жалын маздап, концерттен көңілді қайтты.

Онлайн кім

Қазір 39 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр