А.С.Пушкин айтқандай: «Жастық шақ – ұлы әзәзіл», сондықтан да  жасампаз шығармашыл тұлға  көптеген қызықты да  батыл  қадамды сол албырт шағында жасайды. Аңсаған арманның түстен өңге айналып орындалғаны деп 28 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өткен  Данияр Жолбарысовтың жеке эстрадалық  шоу-концертін айтуға болады. Бұл концерт эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің, камералық музыка ансамблінің, «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуімен және  Владимир Лигайдың,  Яна Евтухованың, Біржан сал атындағы музыкалық  колледж  студенттерінің, филармония әншілері: Лаура  Қайралапова, Арнұр  Нұрғалиев, Виталия  Яныков, Михаил Кислицкийдің, «Muz band» және «Melody» эстрадалық топтарының қатысуымен өтті.

          Бұл кеш  құпияға толы, театрланған шағын қойылыммен басталды: Ұлы Талант (мима-джентельмен кейпінде) сахна төріне шығып көрермендермен амандасып, мерекелік  концерттің шымылдығын ашты, «Muz band» эстрадалық  тобы  «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде жалынды, заманауи, сонымен қатар патриоттық рухқа толы  Көкшетау жері туралы попурриді орындады,  әннің соңында  кештің иесі Данияр Жолбарысов шықты. Кешті Данияр Жолбарысовтың өзі және өнер жолында  жүрген әріптесі, жолдасы  Владимир Лигай  жүргізді, Данияр кеш бойы өзіне үлкен сахнаға шығуға көмектескен, қолдау көрсеткен, сенім артқан  достарына,  ұстаздарына,  ата-анасына, туған елі мен жеріне алғысын білдіріп, жүрек жарды әндерін арнады.  А.Төлепбергеннің репертуарынан алынған  лирикаға, сезімге толы, жүрек қылық қозғайтын  «Туған жер» әнін алғаш орындады.

          Концерттің келесі бөлімі «Мәдениет  қайраткері» Ерназар  Уразалин  жетекшілік еткен  эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің  сүйемелдеуімен өтті.  Данияр Жолбарысов А.Вознесенскийдің  сөзіне жазылған Арно Бабаджанянның «Верни мне  музыку»  әсем композициясын орындады. Әріптесі  Лаура Қайралаповамен    дуэт болып Джеймс Браунның «I feel good» әнін жан-дүниесімен беріле шырқады, ән желісінде сүйіктіңнің қасында әрдайым болғанын сезіну қандай  тамаша, ғанибет екендігі баяндалады.

          Жүрек жарды ерекше алғыс сөздері өзі әншісі болып табылатын  «Muz band»  триосының  жетекшісі  Елена Новакқа арналды,  эстрадалық топтың мүшелері  «Рондо» тобының репертуарынан М.Литвинның  «Я буду помнить» тамаша әні мен  британдық автор әрі орындаушы  Марк Ронсон мен  американдық  әнші Бруно Марстың «Up town funk» атты динамикалық, шабытты әнін нақышына жеткізе шырқады.

          Данияр келесі әнін әріптесі, жан досы Владимир Лигаймен қосыла орындады. Олардың орындауындағы  Э.Ньюли мен Л.Брикасстың «Feeling good» әні көптің көңілінен шықты.  Одан әрі кеш қонағы Владимр Лигай Данияр мен көрермендерге музыкалық сыйлығын тарту етті, ол Айқын Төлепбергеннің репертуарынан алынған көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әні «Асылымды» орындады және «Х-фактор» байқауына Данияр  екеуінің қатысқан сәттерінен алынған қызықты оқиғаларды ортаға салды.

          Концерттің келесі бөлімі әлемдегі әдемі, іңкәр сезім – махаббатқа арналды, Данияр Жолбарысов  камералық музыка ансамблінің сүйемелдеуінде рояль аспабында «Ты вернешься» (Л.Агутин) сезімге толы әнін беріле орындады. Одан әрі заман талабына сай  өңделген әндерге кезек берілді, Данияр Яна Евтухова мен Битбоксшының  сүйемелдеуінде «Есіңде ме»  заманауи өңделген әнін орындады. Бұл орындау көрерге көзге, естір құлаққа жат, тосын болса да, көрермендердің көңілінен шығып, жоғары баға алды. «Muz band»  эстрадалық тобы Риккардо Коччантенің «Notre Dame de Paris» мюзиклынан алынған 1998 жылы жарыққа шығып, бұрын-соңды болып көрмеген табысқа қол жеткізген, елужылдықтағы ең үздік ән деп танылған, қазіргі таңда да сұранысқа ие «Belle» композиясын орындады. Бұл қарапайым орындау болған жоқ, хореографиялық элементтері бар театрланған қойылым болды,  бас кейіпкердің рөлін  «Гәкку» би ансамблінің  бишісі  Айжан Талапкерова сомдады. Әннің соңында  топ әншілері сахнаға шығып,  Біржан сал атындағы  музыкалық колледж студенттерімен бірге М.Насыровтың «Кто-то простит», Б.Макферриннің «Don,t  worry», «Гимн», А.Пахмутованың  «Добрая сказка» әндерін  орындады, «Гәкку» би ансамблінің  кіші топтары да қатысты (жетекшісі Гүлмира Ордабаева), ал Данияр анасына гүл шоғын тарту етті. Сонымен қатар Данияр  «Гәкку» би ансамблінің   сүйемелдеуінде «Supremacy» әнін, Арнұр  Нұрғалиевпен Джон Мерфидің  эстетикалық, сезімге толы «Кіss» әнін орындады.

          Концерттің соңғы бөлімінде камералық музыка ансамблі  Даниярға музыкалық  сыйлық жасады, барлық концертке қатысушылар  бірігіп «Я благодарю» әнін  орындады.

          Концерт достыққа бағытталған әдемі  нотада  өтті, көрермендер әр орындаушыны қошеметке бөлеп, жақсы қарсы алды. Әртүрлі жанрда орындалған композициялар көрермендерге жас дарын иесінің  санқырлылығы мен шыңдалған шеберлігін көрсетті.

Онлайн кім

Қазір 52 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр