26 сәуірде Ақмола облыстық филармониясының сахнасында «Көкшетау – тал бесігім» классикалық және халық музыкасының ІV музыкалық фестивалі «ОПЕРЕТТА» гранд-отелінің бес жұлдызды бағдарламасы» атты әдемі классикалық концертімен екінші күнін ашты. Опереттаны тамашалауға келген халық залға лық толды. Бес жұлдызды бағдарламаға қатысып, классикалық оперетта өнерінің қыр-сырын аша көрсете білген музыканттар мен әншілердің, «Мюзикл» театралдық студиясы әртістерінің шеберлігіне риза болған көрермендер ұзақ қол шапалақтап, қатысушыларды қошеметке бөлеп жатты.
Челябі қаласынан келген қоюшы режиссер РФ еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Александр Мордасов, танымал дирижерлар: «Көкшетау – тал бесігім» фестивалінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов пен Сергей Баукин, қоюшы режиссер Болат Әбдірахманов, балетмейстер Гүлмира Ордабаева, сахнаны безендіруші суретші Игорь Литасов сынды өзіндік ерекше қолтаңбасы бар өнерлі жандардың қоластынан шыққан туынды көздің жауын алатын, өзара үйлесім тапқан, ғажап қойылым болды. Әрбір нөмірі, әрбір бөлігі жүз ойланып, мың толғанудың нәтижесінде сомдалған туынды көптің көңілінен шықты.
Бес жұлдызды бағдарламаның желісі бойынша барлық әншілер - отель қонақтары. Оларды барлығынан хабары бар білгіш портье қарсы алады. Кеш батады, отель түн қойнауына шомады, міне осы кезде қойылым басталады. Режиссердің сценарийіне сәйкес жарық эффектілерімен әрленген, жеңіл, көңілді, тосын жағдайлар мен қызықты оқиғалар - осы музыкалық қойылымның негізі болып табылады. Дыбыстар палитрасы да әсерлі, қанық әрі күшті. Ал облыстық филармонияның әншілері де музыкалық, вокалдық орындау, әртістігі жағынан әдеттегінше жоғарыдан көріне білді.
Бағдарлама симфониялық оркестрдің орындауындағы Ф.Лоудың «Моя преккасная леди» мюзиклімен ашылды. Одан соң облыстық филармонияның әншілері танымал классикалық шығармаларды көрермендеріне тарту етті. Халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанова И.Кальманның «Принцесса цирка» опереттасынан Теодор ариясын орындады. Көтеріңкі көңіл-күйді Валерия Болиева мен Серікболсын Бекмолдин И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасының «Часы» бөлімінен Розалинда мен Генрих дуэтін үлкен құштарлықпен, лирикаға толы сезімде жалғастырды. Штраус сахна төрінен тағы да құйқылжып төгілді. Бұл жолы «Летучая мышь» опереттасынан Чардаш Розалинданы Валерия Болиева, Тост Орловского шығармасын Жанат Есов орындады.
Оперетта көрермендерге шынайы сезім сыйлайтын жанр деп тектен-текке айтылмағаны сөзсіз. Ғажап классикалық музыка, сюжеттердің өзара қарапайым байланысы, классикалық оперетталардағы кейіпкерлердің сүйкімді бейнесі көрермендерді әрдайым тәнті етеді. Ф.Легардың «Страна улыбок» опереттасынан «Лишь ты в моем сердце» ариясын орындаған Валерия Болиева, Махаббат Мұхамеджанова, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин көпшілікті қанаттандырды. Махаббат Мұхамеджанова мен Серікболсын Бекмолдин И.Кальманның «Сильва» опереттасынан Стаси мен Бонидің дуэтін, ал Дания Жолбарысов Бонидің «Без женщин жить нельзя» әнін орындады. Сонымен қатар Эльмира Нысанбаева, Лаура Қайралапова, Арай Абжанова, Ләззат Едрисова, «Muz band» тобының (жет. Елена Новак) орындауларын сахнаның сәніне айналған «Гәкку» би ансамблі өз нөмірлерімен толықтырып, ажарландыра түсті.
Қорыта келгенде «ОПЕРЕТТА» гранд-отелінің бес жұлдызды бағдарламасы» филармония әншілеріне шыңдалған шеберліктерін, ұшталған әртістік қабілеттерін жан-жақты көрсете білулеріне мүмкіндік берді. Бұл әсерлі спектакль барысында көрермендер күнделікті күйбең өмірден арылып, оперетта әлеміне сүңгіді. Бұл кеш оптимистік көңіл-күй сыйлайтын, жанды жадыратын кеш болды. Оперетта жанрын сүйіп тыңдайтын шынайы табынушылары әрқашанда көп болған, олар оперетта орындаушыларын өздерінің ыстық ықыластарына бөлеп, қошеметтеп, осындай ғажап туындыларды дүниеге әкелуіне әсер етеді. Бүгінгі қойылым да осының куәсі.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/362-operetta-grand-otelini.html#sigProId965e570c95