21 сәуір күні «ЭКСПО-2017» қарсаңында және облыстық филармонияның 70 жылдығы аясында өткен «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалінің алғашқы күні өз көрермендерін жинап, ақмолалықтар үшін тағы бір есте қаларлық сый болды. «Астана Опера» театры мен Ақмола облыстық филармониясының дирижері Руслан Баймурзин көкшетаулықтарды өзінің шығармашылық кешіне жинады. Бұл кеш музыканттар мен көрермендердің рухани кездесуі ғана емес, жас та болса талантымен халықты таң қалдырған, өнерімен елді дүр сілкіндірген дарын иелері - еліміздің белгілі кәсіби дирижерларының бас қосқан буырқанған кеші еді. Олар кезектесіп сахна төріне шығып, облыстық филармонияның камералық, симфониялық, қазақ халық аспаптар оркестрлерімен бірге өнерге көрсетті. Халық әндері мен классикалық музыкадан ләззат алған көрермендер дирижерлік пультта бірін-бірі алмастырған дирижерлар мен филармония әншілерін ыстық ықыластарына бөлеп, сахна төрінен қошеметпен шығарып салып жатты.
Бағдарламаны камералық музыка ансамблі Абылай ханның «Қара жорға» және Б.Қыдырбектің «Балғын» шығармаларымен ашты, ал дирижерлік пультта – музыкант, он саусағынан бал тамған домбырашы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Ақмола облыстық филармониясының дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзин тұрды.
Фестивальге Русланның әріптестері дирижер-музыканттар да келді. И.Бахтың фортепиано мен оркестрге арналған шығармасы орындалған кезде дирижерлік пультта Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері, пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Ернар Нұртазин тұрды.
Қазіргі таңда Руслан Баймурзин «Астана Опера» театрының қабырғасында еңбек етіп жүрсе де, жан-дүниесімен туған жері Көкшетауда, облыстық филармонияның ұжымдарымен жұмыс істеуге көп уақыты мен күш-жігерін жұмсауда. Дегенмен оның сүйікті аспабы – қазақтың қара домбырасы. Ол музыка әлеміне алғаш қадам басқан музыка мектебін ұмытпай, домбыра аспабында ойнауды үйреткен тәлімгері Серік Сәрсенбаевты жиі есіне алады. Бүгінгі кешке Русланның тағы бір ұстазы өнертанушы, майталман домбырашы, зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Айтжан Тоқтаған ағамыз жұбайы Гүлперизат Ұлтараховамен бірге келіп, кештің қадірменді қонағы болып, шәкіртінің жеткен жетістігіне сүйсінді.
Руслан Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Махамбеттің «Қайран, Нарын» шығармаларын домбырада шебер орыдап, көрермендерін тәнті етті.
Талантты музыканттың өсіп-жетілу жолында ата-анасы үлкен роль атқарғаны баршаға аян. Баласының жеткен жетістігіне риза болып, көзін ақ жаулығымен сүртіп отырған анасына дирижер Р.Баймурзин оркестрдің сүйемелдеуінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаеваның орындауында А.Зацепиннің «Мама» әнін тарту етті және әннің соңында залда отырған анасына ризалығын білдіріп, гүл шоғын тарту етті.
Әрі музыкант, әрі дирижер мамандығын қатар алып жүрген дарын иесінің шығармашылық қоржынында отандық және шетелдік композиторлардың шығармалары бар. Оркестрдің орындауында Арман Жайымның «Әз Тәуке» М.Тіналинның «Классикалық вальс» шығармалары төгілді, ал дирижерлік пультта Русланның әріптесі республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Азбаев өнер көрсетті. Оркестрдің сүйемелдеуімен солист Серікболсын Бекмолдин көрермендерге классикалық шығарманы тарту етті.
Сонымен қатар сахна төріне Русланның досы, әріптесі Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Жүдебаев шықты. Дирижердың жетекшілігімен оркестр Құрманғазының «Серпер», И.Штраустың «Марш Радецкого» сиқырлы әуендерін құбылта ойнады. Оркестрдің сүйемелдеуінде облфилармонияның әншісі Махаббат Мұхамеджанова И.Штраустың «Летучая мышь» опереттасынан Адель куплеттерін шырқады. Одан соң дирижер Ернар Нұртазинның жетекшілік етуімен оркестр И.Брамстың №1 Венгер биін орындады.
Концерттік бағдарлама Әсет Бейсеуовтің «Ән шашу» және «Күй шашу» шығармаларымен аяқталды. Оркестр бар күшіне мініп төгілсе, төрт дирижер аспаптарының құлағында ойнап, шеберліктерін көрсетті.
Руслан Баймурзинның бұл шығармашылық кешін дирижерлар шеру деп те атауға болады. Дарынды төрт дирижер бірінен-бірі асыра сахна төрінде өнер көрсеткен кеш - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов көркемдік жетекшісі болып табылатын «Көкшетау – тал бесігім» ІV музыкалық фестивалінің аясында өтті.