25 қараша күні Ақмола облыстық филармониясының әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева көкшетаулықтарды – өнеріне тәнті табынушыларын «Әнім саған, туған жер» атты жеке концертіне шақырды. Әншінінің шығармашылық есеп беру кеші ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен өзінің сахна төрінде жүрген 30 жылдығына арналды.

Жан-жақты ойластырылып, әртүрлі жанрлық шығармалардан құралған концерттік бағдарлама әншінің сүйікті көрермендеріне тартқан тартуы болды. Осындай іс-шараны өткізу - бұл тек әншінің ғана мерейі емес, сонымен қатар көрермендер мен музыкалық бірлестіктің алдындағы үлкен жауапкершілік.

Әнші 30 жыл бойы қажырлы еңбек етіп, шығармашылық жолында талмай ізденіп, халқының алдындағы жауапкершілігін ақтауда. Шолпан Базарқызы 1988 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын аяқтасымен (Алма Шаймерденовна Қожахметованың класын), жолдамамен Көкшетау мемлекеттік облыстық филармониясына әнші болып келгеннен бастап, көрермендерін әсем әнімен баурап келеді.

Осы жылдар ішінде дарынды әнші тек Көкшетау, Ақмола облысының ғана емес, Қазақстан, Ресей облыстарының және алыс шетел көрермендерінің ыстық ықыласына бөленіп, көзайымына айналды. Қазіргі таңда Шолпан Дүкімбаева Қазақстанның опера театрларымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Қазақстандағы филармониялардың кейбірі ғана опера театры мойындаған әншілерімен мақтана алады.

Бүгінгі концерттік бағдарламада әнші, оның қонақтары мен оқушылары, әріптестері көпшілік сүйіп тыңдайтын, танымал әндерді орындады, ал оларды Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.

Шымылдық ашылысымен сахнаға көптеген көкшетаулықтардың сүйікті әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева шықты. Әншінің орындауында Біржан салдың «Ғашығым», Ш.Қалдаяқовтың «Қайықта», И.Жақановтың «Ағады Жайық», А.Зацепинның «Мама», орыс халық әні «Травушка-муравушка», И.Кальманның «Сильва» опереттасынан Сильва ариясы, Л.Делибтың «Испанское болеро» т.б. шығармалары сахна төрінен төгілді.

Бұл концертте әншінің оқушысы, қазіргі таңда Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Салтанат Әбдірахманова ұстазымен бірге өнер көрсетті, ол Л.Хамидидің «Қазақ вальсін» орындады.

Концерт үшін Көкшетау қаласына арнайы келген қонақтар да көрермендердің алдында өз өнерлерін ортаға салады. Олар – Жамбыл қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Хамит Отарбаев пен Алматы қ. Ұлттық академиялық опера және балет театрының солисі Әсем Әубәкірова.

Бүгінгі салтанатты кештің иесі Легардың «Страна улыбок» опереттасын Хамит Отарбаевпен бірге дуэт болып тамылжыта орындады. Одан кейін Әсем Әубәкірова мен Салтанат Әбдірахманова да қосыла ән салды.

Концерт Шолпан Дүкімбаева мен барлық әншілердің қосыла орындауындағы Дж.Вердидің «Травиата» операсынан алынған «Застольной» әнімен аяқталды

Онлайн кім

Қазір 28 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр