26 қазан күні Ақмола облыстық филармониясының концерт залында өткен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің концерті мерейтойлық 70-концерттік маусымның ашылуына орайластырылған бірқатар музыкалық кездесулерді әдемі қорытындылап шықты. Бүгінгі кешке де халық көп жиналды, көрермендер залы өнер сүйер қауымға лық толы болды. Осы жылдар ішінде филармония көптеген шығармашылық ұжымдарды, әншілерді, музыканттарды, дирижерларды өсіріп шығарды. Олардың бірі - «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Ерназар Уразалин жетекшілік еткен эстрадалық –үрмелі аспаптар оркестрі.

Бүгінгі концерттік бағдарламамыздың сәнін астаналық қонақтар - халықаралық байқаулар мен джаз фестивальдерінің лауреаты Татьяна Ким мен «Арай» жас орындаушылар байқауының гран-при иегері, «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының көрермендер сүйіктісі сыйлығының иегері, Азия дауысы» фестивалінде гран-при алған алғашқы қазақ әншісі Бауыржан Исаев кіргізді.

Бағдарлама эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің орындауында Joey Carland «In the Mood» шығармасымен ашылды. Бұл ұжым Петропавл қаласында өткен дәстүрлі «Весна», «Ақтөбе –Jazz -2009» джаз музыкасының халықаралық фестиваліне, Қостанай қ. «Jazz Bomond» фестивальдеріне қатысуының және жиі гастрольдік іссапарларға шығуының арқасында Көкшетауда ғана емес, басқа жерлерде де танымал, өнерлерін сүйіп тыңдайтын өздерінің тыңдармандары да бар. Ұжым Ақтау қаласында өткен «Каспий – море дружбы» фестивалінің 1 сыйлық иегері және т.б. да фестивальдердің лауреаты атанып жүр.

Голливудта өткен музыкалық өнер фестивалінде «Латино» номинациясы бойынша алтын медальді жеңіп алған, «Золотой голос Кокшетау» титулының иегері атанған оркестр әншісі Эльмира Камарницкая Раймонд Паулстің «Любовь настала» әнін орындап көрермендердің назарын өзіне аударды. Әншілер, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегерлері Жанат Есов пен Айнаш Мүсипова Мәлік Ақүрпековтың «Сол бір сезім» әнін көрермендер назарына ұсынды.

Марина Зяблинцева «It had better tonight» әнін, ал Алдияр Ерғали мен Эльмира Нысанбаева Н.Пахмутова мен Н.Добронравовтың «Эхо любви» әнін көрермендерге сыйға тартты.

Ләззат Едрисова Сейдолла Бәйтерековтың «Күнге табыну» әнін, ал Арнұр Нұрғалиев, Санжар Балташ, Батыр Бағдат сынды өнерлі тұлғалардан құралған трио М.Литвиннің «Я буду помнить» әнін орындап, көпшілікті 80-жылдардағы әндермен баурап алды. Бұл трио - облыстық филармонияның жаңа ұжымы, олар алда да көрермендерін тамаша әндерімен қуантатыны сөзсіз. Биылғы мерейтойлық маусымда Елена Новак жетекшілік еткен жаңа вокалдық топ та көрермендердің назарына өз шығармашылығын ұсынады. Топ бүгінгі кеште алғаш рет Владимир Евзеровтің «Ветер знает» шығармасымен сахнаға шығып тұр. Әнші Данияр Жолбарысов M.Buble «Feeling Good» композициясын орындады.

Келесі кезек қонақтарға да келіп жетті. Репертуары джаз композицияларына бай жерлесіміз, Көкшетау қаласының тумасы, әнші Татьяна Ким Даяна Шурдың репертуарынан «Caught A Touch Of Your Love» Freddie Green, «It Don,t Mean Thing» Duke Ellington, «Deedle,s Blues» әндерін орындап, көрермендердің таңдайын қақтырды, ал эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің тамаша гитарашысы Виталий Яныков гитарада шебер өнер көрсетті.

Теңдессіз әнші Бауыржан Исаев көпшілік сүйіп тыңдайтын Т.Мұхамеджанов пен Ш.Сариевтың «Аяулым», А.Зацепин мен Л.Дербеневтің «Разговор со счастьем», «А.Варламов пен Д.Глебовтың «Вдоль по улице», Э.Капуаның ғажап туындысы «O sole mio» әндерін орындады. Концерттік бағдарламаны қорытындылап Ж.Тұяқбаевтың «Атамекен» шығармасын филармония әншісі Ләззат Едрисовамен қосыла шырқады. Бүгінгі кештен ләззат алып, бой жазған көрермендер әншілер мен музыканттарды қошемет астына алды. Өз кезегінде сахна төрінен көрермендерге ықылыстарын білдірген, жалынды тілектер төгілді: «Қадірлі көрермендер, Сіздердің махаббаттарыңыз бен ықыластарыңыз үшін алғысымыз шексіз! Сіздердің арқаларыңызда біз шабыттанып, қайраттанамыз,шығармашылық асуларды бағындыруға ұмтыламыз. Өнерді бағалаушы жаны нәзік көрермендеріміз- Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңыздың амандығын тілейміз! Келесі кездескенше сау болыңыздар!».

Онлайн кім

Қазір 127 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр