20 қазанда Ақмола облыстық филармониясы көрермендерін тағы да концерт залына жинады. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған және филармонияның мерейтойлық 70-концерттік маусымының ашылу аясында өткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертіне танымал әнші Нұржамал Үсенбаева қатысты. Опера жұлдызы Көкшетау қаласына алғаш келіп отырған жоқ, ол әрдайым біздің шақыруымызды қабыл алып, табынушыларын әсем әнімен әлдилейді. Бұл жолы Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісімен бірге сахна төрінде «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин, «Астана Опера» солисі Талғат Гаеев, Астаналық қобызшылар квартеті: Олжас Құрманбек, Алмат Сайжан, Әділет Азбаев, Аян Омаров және облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетіп, ақмолалықтарға өз шығармашылықтарын тарту етті.

18 қазанда Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрі мен Алматы қаласының бірлескен оркестрінің сүйемелдеуінде дүниежүзіне танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев тарту еткен классикалық музыка концертінен әлі де айыға қоймаған көкшетаулықтарды бүгін де жарқын, есте қаларлық мерекелік кеш тосып тұрды. Бұл кештің көркін қонағымыз, опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева кіргізді. Ол танымал, көпшілік сүйіп тыңдайтын Үкілі Ыбырайдың «Гәкку», Біржан салдың «Ғашығым», М.Ержановтың «Қуанамын», М.Төлебаевтың «Ақмарал» шығармаларын орындады. Ал концерттің классикалық блогында «Сильва» опереттасынан Сильва ариясы, Легардың «Джудитта» операсынан «Джудитта» әні сахна төрінен төгілді. «Астана Опера» театрының дарынды солисі Талғат Галиевпен бірге Н.Үсенбаева В.Моцарттың Дон Жуан операсынан Дон Жуан мен Церлина дуэтін тамаша орындап шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Талғат Галеев - біздің жерлесіміз, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің түлегі. Ал қазіргі таңда «Астана Опера» опера және балет театрының беделді әншілерінің бірі.

Астана қаласынан арнайы келген халықаралық байқаулардың лауреаты қобызшылар квартеті де халық алдында үлкен табысқа жетті.

Дирижер, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Тұрлыхожа Базаров жетекшілік еткен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен филармония әншілері де көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Оркестр бағдарламаны «Жез киік» шығармасымен (өңдеген Мырзабеков) ашты. Дирижерлік пультта Тұрлыхожа Базаров, Руслан Баймурзин, Әділет Азбаев кезектесе тұрып, кеш бойы оркестрге жетекшілік етті.

Осы 70 жыл ішінде облыстық филармонияның сахнасында талай әншілер өнер көрсетіп, талай дарынды тұлғалар түлеп ұшты. Олар әлем классикасын, отандық, жергілікті композиторлардың шығармаларын орындады. Концерттік ұйым К.Сахай, И.Ильяшев, Е.Баятұлы, Б.Әлімжанов, М.Ементаев, К.Ильясов, Т.Шаменов, Т.Қажыбай сынды жергілікті ақын-композиторлармен көп жылдар бойы достастық және шығармашылық байланыста. Филармония әншілері Гүлжан Ахметова мен Мереке Бекмағамбетов сүйікті Көкшетауымыз туралы әндерден попурри орындады.

Концерттік бағдарлама Н.Үсенбаева мен облыстық филармонияның дарынды жас әншісі Серікболсын Бекмолдинның орындауындағы М.Төлебаевтың операсынан алынған Біржан мен Сара айтысымен аяқталды.

Онлайн кім

Қазір 155 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр