28 мамыр күні  филармония төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаеваның «Дала бұлбұлы» атты шығармашылық кеші өтті. Классикалық музыка мен ұлттық өнердің үндестігін айшықтаған бұл кеш көрермен қауымға ерекше рухани әсер сыйлады.

Бұлбұл үнді әнші тыңдарманын жүрекке жетер әнімен, сахнадағы табиғи болмысымен,  орындаушылық шеберлігімен  баурап алды. Оның орындауындағы әрбір туынды сезім мен сырға толы музыкалық әлемге айналып, көрермен жанын тербеді. Әнші классикалық вокалдың күрделі иірімдерін шебер меңгере отырып, әр туындының мазмұнын нәзік сезіммен жеткізе білді.

Кеш барысында Жамиля Жарқымбаева К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде қазақстандық және шетелдік композиторлардың таңдаулы арияларын, сыршыл романстары мен халық әндерін ерекше шабытпен орындады.  

Бағдарламада өнер жолында бірге жүрген үзеңгілес әріптестері — Серікболсын Бекмолдин және  Мадиар Абай (баян) өнер көрсетті. Әріптестерінің ыстық ықыласы мен шығармашылық қолдауы кешті шырайландыра түсті.

«Ән — жүректің үні, ал шынайы орындау — жанның сыры» демекші, жезтаңдай әншінің жүректен толқып шыққан сазды әні көрермен жүрегінен орын тауып, рухани нәр берді. 

Жамиля Жарқымбаеваның «Дала бұлбұлы» атты шығармашылық кеші көрермен көңілінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 23 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр