4-5 мамыр күндері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында көпшіліктің сұранысына ие болған «FOLK SHOW» жобасы өтті. Қазақстан бойынша 20000-нан астам тыңдарманның ықыласына бөленген бұл бірегей жоба ұлттық өнердің жаңа тынысын танытқан тағылымды бастама ретінде ерекшеленеді.
Жобаның авторы әрі дирижері, «Мәдениет саласының үздігі» Әділет Азбаевтың жетекшілігімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі дәстүрлі әуен мен заманауи музыкалық бағыттарды үйлестіріп, тың мазмұндағы шығармашылық өрнек ұсынды. Оркестр орындауындағы әрбір туынды ұлттық бояумен көмкеріліп, жаңа музыкалық сипатқа ие болды.
Бағдарлама аясында орындалған саундтректер, әлемдік хиттер, рок бағытындағы шығармалар, халық күйлері мен кең тынысты әндер көрерменге ерекше әсер сыйлап, рухани ләззатқа бөледі.
Концертте республикалық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин, Инара Мукушева, Саида Сағди, Аманғали Жұматаев, Алан Бектеміров, Арай Букаева, әртіс-аспапшылар: Саида Рашит, Саят Бабаев, Дмитрий Петюль, Ольга Гергель сондай-ақ «Гәкку» би ансамблі, камералық хор өнер көрсетіп, кештің мазмұнын байыта түсті.
https://fil-akmol.kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/47-top-stories/zha-aly-tar/1239-folk-show-2.html#sigProIdf532e2ff2a

