22 қаңтар күні филармония төрінде оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері «Мәдениет саласының үздігі» Руслан Қойшыбаевтың және дирижер Жанат Рашиттың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Сағыныш сазы» атты концерті өтті.

Ерекше форматта өткен концерттік бағдарламада уақыт сынынан өткен әуендер мен аты аңызға айналған хит әндерден бастап қазіргі таңда орындалып жүрген танымал әндер оркестрдің сүйемелдеуінде филармония солистерінің орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды.

Кеш барысында өнер сүйер қауым Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, С.Сейфуллин сынды хас шеберлердің қаламынан туған жауһар туындыларды тыңдап, өткен күндерді еске алып, жастық шақтың жүрекке жылы тиетін сазды әндерін әншілермен бірге қосыла шырқап, рухани ләззат алды. Сонымен қатар еліміздің жаңа дәуірге аяқ басқанда тамашалаған «Перекресток» әні Тамерлан Қадралиевтың орындауында, Қ.Шілдебаевтың «Сағым дүние» әні Алан Бектемірдің орындауында, «Күйім» әні Аманғали Жұматаевтың орындауында тыңдармандарға ұсынылды.

Көрерменді сағыныш пен сырға толы әуен әлеміне жетелеп, рухани ләззат сыйлаған бағдарламада «Мәдениет саласының үздігі» Ләззат Едрисова, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісі мен «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, «Шапағат» мемлекеттік наградасының иегері Аякөз Қалмағанбетова, Республикалық байқаулардың лауреаты Серікболсын Бекмолдин, Алтынбек Бектемиров және «Гәкку» би ансамблі өнер көрсетті.

Концертті Жекебатыр Кәмен жүргізді.

Онлайн кім

Қазір 45 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр