17 қазан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында 72-концерттік маусымның ашылу аясында дирижерлар Ерназар Уразалин (Көкшетау қ.) мен Артур Оренбургскийдің (Алматы қ.). жетекшілік етуімен эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрінің концерті өтті. Саксофонның романтикаға толы үніне барабан қағысы қосылып, ол контрабас пен сыбызғының ғажап үнімен үндесіп залды әдемі күйге бөледі.
Бұл кеште оркестрдің сүйемелдеуімен танымал әндерді шарықтата шырқаған әншілерге қосыла көрермендер де ән салды. Музыканттардың өнеріне тәнті болған халық түрегеп тұрып қошемет астына алды. Ал сахна төрінде өнер көрсетіп тұрған әртістер үшін бұл ерекше құрмет, көрермендердің ыстық ықыласына, көрсеткен құрметіне риза болған олар бар өнерлерін ортаға салды. Өнерлерін бағалаушы, музыканың қадірін білетін ортада әртістер түрленіп, шабыттары шарықтап кететіні кімге болса да аян. Міне, бұл кеш те осындай керемет ерекше атмосферада өтті.
Филармония өз көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани дамып, бір сергіп демалулары үшін әрдайым жағдай жасайды. Келіңіздер, көріңіздер, әдемі музыкалық кештеріміздің қадірлі көрермендері болыңыздар!