13 қазанда сағат 15.00-де облыстық филармонияның концерт залында Ақмола облыстық филармониясының 70-мерейтойлық концерттік маусымының ашылу аясында «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» өңіраралық фестивалінің бірінші кезеңі өтті. Халқымыздың аяулы ақын ұлдары, ұлы композиторлар Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың шығармаларын нақышына жеткізе орындайтын үздік орындаушыларды анықтап, еліміздің әр өңірінен жинаған бұл фестиваль - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

Фестивальдің алғашқы күнінің бағдарламасын мерейтой иелері филармония әртістері ашты. ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде Е.Ибрагимов пен Б.Саукеновтың «Көкшетау кестелері» шығармасын орындады. Одан әрі Мереке Бекмағамбетовтың орындауындағы «Балуан ата», Ғазиза Жұмекенованың орындауындағы Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Айнакөл» фольклорлық және «Гәкку» би ансамбльдерінің «Жылқұсы» шығармалары қонақтар мен қатысушыларға арнаған ән шашу болды.

Фестивальге қатысушыларды сахнаға жеребе тарту үшін шақырар алдында жүргізуші қазылар алқасын таныстырып өтті. Қазылар алқасының құрамында жыршы Жұмабай Исекеев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, ақын, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баятұлы, ҚР еңбек сіңірген әртістері Бисара Макенова, Ғазиза Жұмекенова, облыстық филармонияның директоры Нұргүл Шайкенова, әнші Сәрсенбай Хасенов болды.

Көкшетауға еліміздің басқа өңірлерінен 11 қатысушы келді. Астана қаласынан - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, Шығыс Қазақстан облысынан – халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Қайрат Қабышев, «Мәдениет саласының үздігі» атағының иегері Берік Омаров, Қарағандыдан - халықаралық байқаулардың лауреаты Ержан Базарбеков, Алматыдан - халықаралық байқаулардың лауреаты Төлеутай Серіков және де Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан танымал орындаушылар келді. Ақмола облысының атынан бес әнші қатысады.

Фестивальдің шарты бойынша қатысушылар Сарыарқаның айтулы әнші-ақындары Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың шығармаларына қоса, өз өңірінің бір шығармасын (барлығы 5 шығарма) орындаулары қажет болатын. Ұлы дала композиторларының халық сүйіп тыңдайтын, дауыстың кеңдігімен, әуезділігімен, мазмұнының тереңдігімен және күрделі құрылымымен ерекшеленетін Ақан серінің «Балқадиша», Біржан салдың «Он саусақ», Балуан Шолақтың «Ғалия», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» және т.б. әндері сахна төрінен төгілді. Бұл дарынды тұлғалар сал-серілердің әндерін насихаттап қана қоймай, қазақ халқының ән өнерін кәсіби деңгейде жоғары өреге көтерді.

Сал-серілердің әндерін халық сүйіп тыңдайды, олардың өмірі мен шығармашылығы жастар мен жас орындаушылардың қызығушылығын тудырады. Фестивальдің алғашқы күні осының куәсі іспетті. Қасиетті Сарыарқа жерінің ұлы композиторларының әндерін үздік орындаушы атағы үшін 14 қазан күні фестивальдің екінші кезеңі – гала-концертте орындаушылар бақ сынасады.

Онлайн кім

Қазір 177 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр