Кірістерді декларациялау - сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді құралдарының бірі - азаматтардың кірістері мен шығыстарын жалпыға бірдей декларациялау,              ҚР-да кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау алдымен мемлекеттік қызметшілер үшін, содан кейін экономиканың мемлекеттік секторының қызметкерлері үшін, содан кейін барлық азаматтар үшін енгізу көзделді.

Жария лауазымды тұлғалардың табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды жүргізу Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясында (8-бап), Дүниежүзілік банктің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және басқа да халықаралық институттардың бірқатар құжаттарында бекітілген.

Декларация жүйесі әлемнің көптеген елдерінде бар, бірақ бірыңғай стандарт жоқ және әр елде жүйенің өзіндік ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, барлық жүйелер екі негізгі мақсаттың айналасында құрылады: заңсыз баюдың алдын алу немесе мүдделер қақтығысын шешу.

БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының 20-бабында айтылғандай, заңсыз баю дегеніміз "жария лауазымды тұлғаның активтері  оның заңды кірістеріне қарағанда едәуір өсуі, ал ол ақылға қонымды негізде оны түсіндіре алмауы". Осы бапқа сәйкес заңсыз баю қылмыстық жаза қолданылатын әрекет болып танылады.

Конвенция лауазымды тұлғаның кінәсіздік презумпциясына қатысты шектеулер қоятындығын ерекше атап өткен жөн, себебі онда мүліктің пайда болуының заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін декларацияны пайдаланудың маңызы - бұл норма жосықсыз адамдарды жауапқа тартуды жеңілдетеді. Пара алу немесе басқа пайда алу фактісін дәлелдеу кейде қиын болуы мүмкін. Декларацияда белгілі бір мүлікті немесе белгілі бір коммерциялық қызығушылықты жасыру фактісін дәлелдеу әлдеқайда оңай. Сондай-ақ, кірістер мен мүліктер туралы декларация жүйесі елден тыс шығарылған активтерді қайтару кезінде қолданылады. Қазіргі әлемде шенеулік шетелде жылжымайтын мүлік сатып алып, отанында проблемалар туындаған жағдайда елден кететін жағдайлар жиі кездеседі. Егер декларация жүйесі тиімді жұмыс істесе, онда мүліктің заңсыз  пайда болғанын дәлелдеу оңайырақ болады. Мысалы, егер мүлік декларацияда көрсетілмесе, онда оның заңсыз екендігі туралы мәселе көтеруге болады.

Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі салық салуды нақты және сауатты басқару болып табылады, себебі бұл процестің ұйымдастырылу деңгейіне елдің салық саясатының тиімділігі байланысты.  Салық салу -мемлекеттің ең көне функциясы және экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы қоғам дамуының негізгі шарттарының бірі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатында жеке тұлғалардың табыстарына салық салуды толық көлемде әкімшілендіру міндетін шешудің маңызды шарты халықтың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау болып табылады.

Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады. Жалпыға бірдей декларациялауға көшуді қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттер:

- жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің әдіснамалық негіздерін әзірлеу және оларды заң жүзінде  қамтамасыз ету;

- мемлекеттік органдарды жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдауға және өңдеуге дайындау бойынша іс-шаралар өткізу;

- табыс пен мүлікті декларациялаудың халыққа барынша қолайлы рәсімін жасау;

- жалпыға бірдей декларациялауға көшу мәселелері бойынша халықты кеңінен ақпараттандыру;

- декларацияны жасау және ұсыну бойынша мемлекет тарапынан халыққа әдістемелік көмек көрсету;

- жеке тұлғалардың декларацияларын камералдық бақылаудың тиімді жүйесін құру.

Кірістерді декларациялауды іске асыру ықпал етеді:

  • көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл;
  • мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету;
  • салық базасын кеңейту және жеке табыс салығы бюджетіне түсетін түсімдерді ұлғайту;
  • Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің салық мәдениетін арттыру.

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 121-VI ҚРЗ Заңының 45-1-бабының негізінде Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде жүргізіледі.

1 кезең - 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары;
  • мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайлары;
  • мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары;
  • "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар.

Жоғарыда аталған адамдардың ұғымдары "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген. Бұдан басқа, мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімі "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 150 Жарлығымен бекітілген.

2 кезең - 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары.

3 кезең - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары;
  • жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

4 кезең - 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • азаматтардың қалған санаттары.

Жалпыға бірдей декларациялау кезінде жеке тұлғалар декларациялардың қандай нысандарын тапсыруы тиіс?

Декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады (250.00-нысан).

Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын болады (270.00-нысан).

Декларацияларды тапсыру мерзімдері

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тұрғылықты (мекендеген) жері бойынша ұсынылады:

1.      қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда - декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындағанда ағымдағы жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей;

2.      электрондық түрде ұсынылған жағдайда - декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындағанда ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей.

Декларацияны тапсырудың осы мерзімдері келесі декларация  тапсырушыларға:

  • "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сайланбалы лауазымға үміткерлерге;
  • мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға үміткерлер мен олардың жұбайларына;
  • "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы болғысы келетін тұлғаларға және олардың жұбайларына қолданылмайды.

Сайланбалы лауазымдарға үміткерлер мен олардың жұбайлары декларацияны үміткер  ретінде тіркелгенге дейін ұсынады. Мәліметтер ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күнінде көрсетіледі.

Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға үміткерлер және олардың жұбайлары лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін декларацияны табыс етеді. Мәліметтер декларация табыс етілген айдың бірінші күнінде көрсетіледі.

Онлайн кім

Қазір 88 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр