Үкілі Ыбырай атындағы  Ақмола облыстық филармониясының  77-концерттік маусымының ашылуы аясында 19 қыркүйек күні ұлы ақын, композитор, философ Абай Құнанбайұлының  шығармашылығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концерті өтті.

Оркестрдің бас дирижері Жанат Рашит, дирижері Руслан Қойшыбаев.

 Абайдың музыка саласындағы  жауһар туындылары сахна төрінен төгіліп, өз көрерменін тапты.  Концерттік бағдарламада Ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» және тағы басқа да жарқын туындылары филармонияның жезтаңдай әншілері: «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ерұлан Камел, Бекұлан Ерболат, Республикалық байқаулардың лауреаттары Серікболсын Бекмолдин мен Аякөз Қалмағанбетованың орындауында көпшіліктің назарына ұсынылды.

 Дәстүрлі әншілер Сәрсенбай Хасенов пен  Жанар Сақтағанова Абайдың «Сегіз аяқ» және Ж.Ысқақтың «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Өзгеге көңілім тоярсың» шығармаларын орындады.

 Сонымен қатар  өнер сүйер қауым А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастарды» Серікболсын Бекмолдин мен Аякөз Қалмағанбетованың орындауында, Ажардың ариясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Жарқымбаеваның,  Айдардың ариясын Ерұлан Камелдің, Абай ариясын  Бекұлан Ерболаттың орындауында тамашалады.

Бағдарламаға «Мәдениет саласының үздігі» Галина Колесникова жетекшілік еткен  камералық хор да қатысты.

Кешті дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов жүргізіп, әр орындалатын  әннің ерекшелігіне тоқталып, көркемсөзбен әрледі.

Онлайн кім

Қазір 128 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр