Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында 12 мамыр күні сағат 11.00-де және 18.00-де С.Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі өтеді. Симфониялық оркестрдің бас дирижері - Берік Сарыбай, қоюшы-режиссер және ертегі айтушы – Татьяна Кирьянова, әртістер – «Гәкку» би ансамблінің солистері (жетекшісі Гүлмира Ордабаева).

Бұл кішкентай көрермендерге арналған қызықты, өте тартымды, жағымды эмоцияға толы және музыкалық мазмұны бай, әсерлі қойылым.

«Петя мен қасқыр» - Сергей Прокофьевтің балаларға арнап 1936 жылы жазған симфониялық ертегісі. Әлемдегі барлық ересектер мен балалар бұл симфониялық ертегіні жақсы біледі және жақсы көреді. Ертегі алғаш рет сол жазылған жылы Мәскеу филармониясында орындалды. Автор өзінің өмірбаянында: «Ертегінің әр кейіпкерінің бір аспапқа сеніп тапсырылған өзіндік лейтмотиві болды: үйректі - гобой, атаны – фагот, құсты - флейта аспабы бейнеледі. Орындау алдында аспаптар балаларға көрсетіліп, оларда тақырыптар ойналады: орындау барысында балалар тақырыптарды бірнеше рет естіп, аспаптардың тембрін тануды үйренеді - бұл ертегінің педагогикалық мәні. Маған ертегінің өзі маңызды емес, балалардың музыканы тыңдауы маңызды болды, ол үшін ертегі тек сылтау болды»- деген еді.

Ертегі айтушының қоңыр даусы симфониялық оркестрдің жанды орындауына ұласып, ертегі желісінде болып жатқан барлық оқиғаларды тілсіз, кейіпкерлерді пластика мен мимика арқылы бейнелеу, сонымен қатар енгізілген балет элементтері ертеден келе жатқан ертегіні жаңа қырынан көрсетеді.

Театрланған қойылымға көңіл көтеретін қызықты және интерактивті ойындар кіргізілген. Қойылым жас көрермендердің дамуына ықпал етіп, мәдени және моральдік тұрғыдан тәрбиелейді, сонымен қатар музыкаға деген құштарлық пен сүйіспеншілік тақырыптарын да қозғайды. Ертегі барысында балалар ата-аналарымен бірге фагот, флейта, гобой сынды музыкалық аспаптардың тембрін танып үйренеді, музыка туралы көптеген пайдалы мағлұматтар алады, ал симфониялық оркестр әр музыкалық аспаптың өзіндік ерекшелігін көрнекі түрде көрсетіп, таныстырады.

Онлайн кім

Қазір 49 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр