18 сәуір күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмол облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары Қазақстанның басты қалаларының бірі – Алматы қаласында «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты концертін берді.

Кешегі сал-серілер дүбірлетіп өткен, ән мен жырдың мекені атанған Көкше елінің майталман әртістері мен күміс көмей әншілері Алматылық ән сүйер қауымға туған жерінің сұлулығын суреттейтін, Арқаның әдемі әні мен биінен тұратын қанықты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Кеш шымылдығы ағымдағы жылы 110 жылдығы атап өтіліп отырған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан алынған айтыспен ашылды.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен Халықаралық байқаулардың лауреаты Балуан Беркенов дирижер Жанат Рашиттың жетекшілік етуімен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде орындады.

Көрермендер Қазақстанның көз тоймас көрікті жерлерінің бірі, жер жәннаты Бурабайдың әсем табиғаты суреттелген К.Күмісбековтің «Биші қайың» шығармасын, Н.Бекеновтің «Үкілі Ақжелең» шығармасын, К.Ахмедьяровтың «Қосбасар шығармасына қойылған «Көкше сұлулары» биін оркестр мен «Гәкку» би ансамблінің орындауында тамашалады.

Сонымен қатар филармонияның дәстүрлі әншілері: Хасенов Сәрсенбай, Жанар Сақтағанова Үкілі Ыбырай, Ақан серінің (180 жыл) төл туындыларын көпшілікке тарту етеді.

Серікболсын Бекмолдин, Аякөз Қалмағанбетова К.Күмісбековтің «Менің далам», «Аққулар айдыныңа оралдың ба» әндерін өнер сүйер қауымның назарына ұсынады.

Он саусағынан бал тамған күйшілердің орындауында Құрманғазының, К.Күмісбековтің құлақ құрышын қандыратын күйлері орындалды.
Оркестр мен хордың сүйемелдеуімен «Мәдениет саласының үздігі» Эльмира Төлеубаева мен Аякөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдинның орындауында Е.Үсеновтің «Кенесары ақ семсер» кантатасы көпшіліктің назарына ұсынылды.

Көгілдір Көкшенің әдемі әні мен Сарыарқаның сазды әуені ескен концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шыққаны сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 440 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр