28 қыркүйек күні сағат 19:00-де Ақмола облыстық филармониясында    музыкант, аранжировщик Арман Ищановты еске алу кеші өтті.

         Арман ұзақ жылдар бойы бар өмірін өнер жолына арнады, студенттік кезінен бастап музыка жазып,   кейіннен кейбір шығармалардың сөзін жазып, әрдайым ізденіс үстінде жүрді. Өзін ақын ретінде де көрсете білді.

         Республикалық байқаулардың лауреаты Арман Ищанов «Айналайын» балалар шығармашылық байқауының әнұранын жазды. Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры мен Көкшетау қаласының орыс драма театрының спектакльдеріне, сонымен қатар  Ақмола облыстық филармониясының қойылымдары мен солистері үшін музыка жазып, аранжировка жасады.

         Табиғи талант иесі, мейірімді жан танымал Көкшетаулық ақындармен және үлкенді-кішілі әншілермен, қаламыздың көптеген музыканттарымен, өнер иелерімен адал достық қарым-қатынаста болып, бірнеше шығармашылық жобаларды дүниеге әкелуге себепші болды.

Ақмола облыстық филармониясының  қабырғасында өткен  еске алу кешіне Арманмен өнер жолында, өмір жолында дәмдес болған, бірге жүрген барлық туыстары, дос-жарандары, әріптестері және де өз ісіне адал, жарқын музыканттың шығармашылығына қызығушылық танытқан  көпшілік жиналды.

Арман біз сені ұмытпаймыз, өлмес туындыларыңыз - сіздің әніңіз бізбен мәңгі қалады!

Онлайн кім

Қазір 137 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр