14 маусым күні сағат 19.00-де Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының концерт залында ел еркесі Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Іңкәр дүние» концерті өтті.  Филармонияның  мерейтойлық 75-концерттік маусымының жабылуы аясында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен филармония әншілері опера және эстрада жұлдызы Роза Бағланованың репертуарынан көпшілікке танымал әндерін жаңғыртып, өз көрермендеріне тарту етті.

Концерттік бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, «Мәдениет қайраткерлері» Гүлжан Ахметова, Жанат Есов, «Мәдениет саласының үздігі» Валерия Болиева сондай-ақ Аякөз Қалмағанбетова, Фархат Сағымбай, Мирзат Молдаханов, Эльмира Нысанбаева  қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан, ерекше сазды әншілік мектебінің қалыптасуына ықпал еткен Роза апамыздың «Ах, Самара городок», «Әдемі-ау», «Іңкәрім-ай», «Ақ тамақ», «Ақ маңдайлым», «Қараторғай» және тағы басқа да әндері орындалды.

Аты аңызға айналған әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жж. Халықаралық атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеу ресми түрде 1 наурызда астанамыз Нұр-Сұлтан қ. бастау алды.

Онлайн кім

Қазір 525 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр