18 мамыр күні филармонияның сахна  төрінде жас әнші Нұргүл Нұриденнің «Padam, padam» атты Франция музыкасына арналған ерекше концерті өтті.

  Шансонье (фр. chansonnier) - француз эстрада әншісі. Шансонье өнеріне өзі шығарған ән-жырды орындаушылар жатады, ол ортағасырлық француз менестрельдерінің шығармашылығынан бастау алады. XIX ғасырдың соңында кәсіби эстрада әртістерін «шансонье» деп атады. Ал Франциядан тыс жерлерде француз тілінде орындаушылардың барлығын жиі шансоньеге  жатқызған. Осы ақпаратқа сүйенсек, Француз шансонының қатарына Ив Монтан, Шарль Азнавур, Сальваторе Адамо және тағы басқалары, тіпті Эдит Пиаф та кіреді. Концерттік бағдарлама  барысында осы танымал тұлғалардың орындаған өлмес туындыларын тыңдауға  мүмкіндік бар.

Эдит Пиаф  «Мен бәрі үшін емес, мен әрқайсысына арнап ән саламын...» деген болатын. Ал Ақмола облыстық филармониясының солисі, француз әндері байқауының лауреаты Нұргүл Нұриден осы қанатты сөзді ұстанғандай, белгілі бір тыңдаушысы үшін емес, барлық тыңдарманы үшін әр орындаған әнін  шынайылықпен шырқады. Жас дарын иесінің   сүйікті ісіне жан-дүниесімен берілуі, оның бейнеге енуі..., өзіндік орындау мәнері..., француз тілін  сауатты меңгеруі мен шеберлігін шыңдау жолындағы тыным таппай ізденісін, өнерге деген адал көзқарасын бағаламау мүмкін емес. Мұның бәрі қошеметке лайықты ерекше нәтиже берді.

Концерттің бірінші бөлімі ерекше форматта өтті, арнайы осы жоба үшін біз жаңа band жинадық, оның құрамында: виолончель, скрипка, акустикалық және бас гитара, рояль, соқпалы аспаптар және француз музыкасы  үшін ерекше  қажетті – баян мен мелодика. Бағдарламаның екінші бөлімі Ерназар Уразалинның  жетекшілік етуімен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің  сүйемелдеуінде жалғасты.

Кешті Татьяна Кирьянова жүргізді.

Онлайн кім

Қазір 50 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр