15 наурыз күні   филармонияның  концерт залында Арқаның сал-серілік, әншілік дәстүрінің іргетасын қалаушылардың бірі, халық композиторы, суырып салма ақын Үкілі Ыбырайдың өлмес мұрасын жаңғырту, насихаттау мақсатында  Республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Шыңғыс Сәрсенбайдың  «Қалдырған әнім аманат» атты концерті өтті.

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданына қарасты Өскен ауылында дүниеге  келген. Жастайынан өлең-жырға құмар, Шөже, Біржан сал, Ақан серілерден үлгі-өнеге алып, шығармашылығымен сусындап өскен Ыбырай өз заманының еркесі болып, ән-жырымен кең даланы тербеткен.

Оның  атақты  «Гәкку» әнінің бір  өзі ғана қазақ ән өнерінің баға жетпес інжу-маржанына айналды. 1936 жылы Москвада өткен қазақ өнерінің алғашқы онкүндігінде қазақтың бұлбұл қызы Күләш Байсейітова орындауындағы «Гәкку» әні бүкіл Москваның аса талғампаз қауымын ғажайып сұлу сазымен таңқалдырған еді. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Қыз Жібектің ариясына айналған осы «Гәкку» әні бірнеше вариантты жауһар туынды. Үкілі Ыбырай шығармашылығының шыңы атанған «Гәкку» әні - ақынның сүйген қызы Кәкимаға арнап шығарған әні.

Концерттік бағдарлама барысында көрермендер Шыңғыс Сәрсенбай мен Сәрсенбай Хасеновтың  орындауында «Гәкку» әнінің 2 түрін тыңдауға мүмкіндік алды.  Ал концерттің шымылдығы Үкілі Ыбырайдың Біржан салға арнап шығарған  «Шалқыма» әнімен ашылды.

Кеш барысында Ыбырайдың жастық шақтың жалыны мен махаббат сезіміне толы әндері «Сүйгенім кете бардың қасыма еріп», «Қарақат көз», «Қызыл асық», «Толқын», «Жиырма бес» көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен  қатар Төлеген Аманов, Ақниет Серғазина да өз өнерлерін ортаға салды.

Кеш әділетсіздік пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған,  елі еркелетіп «Үкілі Ыбырай» атандырған, қазақ халқының өнер тарихында өшпес із қалдырған асқан дарын иесінің   «Қалдырған» әнімен қорытындыланды.

Концертті дәстүрлі әнші, Арқаның сал-серілері, ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Сәрсенбай Хасенов жүргізді.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр