25 ақпан күні қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың  90 жылдығына арналған  «Қазақтың жезкиік ақыны» концерті өтті. 

Қазақ поэзиясының Жезкиігі атанған  ақынның  алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Ақыннның    жыр жинақтары орыс тілінде,  қырғыз тілінде,   өзбек тілінде де шығарылды. К.Салықов  көптеген поэмалар да жазды.

Ақынның өлеңдеріне Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сынды композиторлар 500-ден астам ән жазды. Ақынның жанынан шығарған өз әндері де көп. Солардың қатарындағы «Жезкиік», «Сағыныш», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Бір тамаша ән үшін», «Аққу жеткен», «Жылжиды аққу» «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» әндері ел арасында кең тарап кетті. Мемлекеттік қызметте жүрсе де ақындығынан ажырамай, шоқтығы биік  шығармаларды  дүниеге әкелген қаламгердің  жауһар туындылары  кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қалды.

Концерттік  бағдарлама Республикалық  байқаулардың лауреаты Шыңғыс Сәрсенбайдың   орындауында   К.Салықовтың «Аққу жеткен» әнімен ашылды. К.Салықовтың «Көкшетау», «Есіл Көкше», «Сал-Көкше», «Сағындым», «Ауылды аңсау» сынды сағынышқа толы табиғат, махаббат  туралы өлеңдерінде    өлкені суреттеумен қатар, адам сезімі, көңіл-күйі жырланады. Концерт барысында көрермендер осы әндерді  филармония әншілері: Төлеген Аманов, Сәрсенбай Хасеновтың  және Петропавл қаласынан арнайы шақырылған қонақ Жанат Айтбаев пен Еркебұлан Қарыповтың орындауында тыңдай алды.

Сонымен қатар туған өлке сұлулығын оның аққуынан, жезкиігінен, ақ маралынан танып, оларды   әсем сұлулықтың символдарына балаған лирик ақынның «Аққу жеткен» әнін  Еркебұлан Қарыпов,  «Жезкиік»  әнін дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов, «Ақ тырналар» әнін  Эльмира  Төлеубаева орындайды. Ал  Қазақстанның еңбек сіңірген  әртісі Бисара Макенова өнеріне тәнті көрермендеріне   К.Салықовтың «Үш арыс», «Пайғамбарға берген аманат» әндерін  тарту етті. Кеш барысында ақынның тарихта аты қалған танымал тұлғаларға арнап шығарған  «Үш арыс», «Ақан сері», «Жәнібек» туындылары орындалды.

Бағдарламада К.Салықовтың жауһар жырлары да жатқа оқылды.

Концертті дәстүрлі әнші, Арқа әуендерін зерттеуші Сәрсенбай Хасенов  жүргізді.

Онлайн кім

Қазір 369 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр