23 ақпан  күні 18.30-да филармония төрінде қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кенжебек Күмісбековтің 95 жылдығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Аяулы менің мекенім» концерті өтті. 

Дирижері «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаров, көркемдік  жетекшісі және бас дирижері  Жанат  Рашит.

Сонымен қатар концерттің алдында сағат 17.00-де арнайы шақырылған қонақтар мен облысымыздың зиялы қауымының қатысуымен пресс-конференция өтті.

К.Күмісбековке киелі өнер ана сүтімен, әке қанымен бойына дарыған. Әкесі сол өңірде әншілігімен, домбыраның құлағында ойнайтын шебер орындаушылығымен танылған адам. Кенжебектің алғаш рет өнер ортасына  келуіне себепкер болған  жан - қазақ мәдениетінің тарихына енген, табиғатынан тума дарын иесі  болған өзінің жақын ағайыны, күйші Ілияс Әубәкіров. Ал кәсіби музыкалық білім алуға Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди кеңес берді. Композитордың табиғи талантын әрі қарай  дамытқан профессор, ұстазы Евгений Брусиловскиий болды.            

Арқа жерінде дүниеге келіп,  осы өңірдің бай музыкалық дәстүрін бойына сіңіріп өскен композитордың артына қалдырған мұрасы да біршама және ұлттық бояуының қанықтығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар ол қазақтың музыка мәдениетіне, ұлт аспаптар оркестріне бұрын - соңды болмаған ұлттық гармониялық үн – саз, ырғақтың жаңа түрін әкелді.

Мәселен, бүгін оркестрдің орындауында тамашалайтын «Дала сыры» дастанында ол өз шығармашылығын халық музыкасымен, халық композиторлары туындыларымен ұштастырған. Дастанды мұқият тыңдаған адамның құлағына ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің сазы анық естіледі. Жалпы  Кенжебек Күмісбеков – Абай өлеңдерін өнерінің өзегіне айналдырған композиторлардың бірегейі.

Сонымен қатар  2007 жылы   шоқтығы биік композитордың есімі берілген К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында көпшіліктің назарына «Аманат», «Мерекелік Ақжелең», «Кербезім» күйлері ұсынылады. Концерттік бағдарлама барысында  «Мәдениет  қайраткері» Мереке Бекмағамбетов  пен Мирзат Молдаханов «Көкшетау дархан думан жер»,  Эльмира Нысанбаева  «Жас өмір»,  Аякөз Қалмағанбетова «Аққуым айдыныңа  оралдың ба?» әндері орындалды. Бүгінгі кешке композитор, дирижер, музыкатанушы, өнер қайраткері Әліби Әбдінұров пен Нұр-Сұлтан қаласы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымынан арнайы келген қонақтар: Жанғали Жүзбай мен Дінисламбек Жайлаубай да қатысып, өз өнерін ортаға салды.

Концерт барлық әншілердің орындауындағы «Аяулы менің мекенім» әнімен қорытындыланды.

Концертті Алтынай Искакова мен Тоқтарбек Қалдырбаев  жүргізді.

Онлайн кім

Қазір 96 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр