Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында 14 қараша күні сағат 1500-де ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында филармонияның 75 жылдық мерейтойына арналған «Гәкку» би ансамблінің мерекелік концерті  өтті.

Тек филармонияның  ғана емес, сонымен қатар  барлық  Ақмола өңірінің бетке ұстар  «інжу-маржаны» атанған  «Гәкку» би ансамблі қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы  жалғыз  кәсіби  хореографиялық ұжым  болып табылады. Республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі «Мәдениет саласының үздігі»   Гүлмира Ордабаеваның жетекшілік етуімен талай асуларды бағындырып, өнер саласында өз орнын ойып алды. Ансамбльдің репертуары өте бай, қазақ халық  билерінен бастап, басқа халықтардың биі мен заманауи би үлгілері де бар.

Мерекелік концерттік бағдарлама барысында  «Гәкку» би ансамблі көпшіліктің назарына «Тәуелсіздік қыраны», «Аққу», «Қонақжай құрбылар», «Анашым», «Ана жүрегі», «Салтанатты би», «Тума», «Той думан» және тағы басқа да төл туындыларын ұсынды. Ансамбльдің алдыңғы қатарлы жетекші  әртістерінің бірі Жүкен Айдана «Жезтырнақ» биін орындап, мифтік  кейіпкер «жезтырнақ» бейнесін сомдады. Ал «Гәкку» би ансамблінің ізбасарлары «Аманат» би студиясының кіші және  ортаншы топтары «Балғын шақ», «Балбырауын» шығармаларын тарту етті. Филармония әншілері Фархат Сағымбай, Серікболсын  Бекмолдин мен Аягөз Қалмағамбетова да ән шашуларымен концертті ажарландыра түсті.

 

Онлайн кім

Қазір 20 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр