2021 жылғы 27  сәуір күні  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында  Халықаралық би күніне арналған  «Гәкку» би ансамблі әртістерінің  жеке орындауында керемет концерт өтті.

Халықаралық би күні 1982 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның шешімімен заманауи балеттің негізін қалаушы, хореографиялық өнердің реформаторы және теоретигі, балетмейстер Жан-Жорж Новердің туған күні   29 сәуірде атап өтіледі.

Міне осы ғажап мерекеге орай филармонияның бетке ұстар, кәсіби би ұжымы, халықаралық және республикалық  байқаулардың лауреаты «Гәкку» би ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. Бұл  концерт «Гәкку» би ансамблінің жыл сайын беріп  жүрген есептік концертінен өзгеше мазмұнда, бүгін ансамбльдің құрамында мың бұралып, өнер көрсетіп жүрген әр биші жеке өз нөмірін көрсетті.  Бұл   әр әртістің болмысын, жан-дүниесін, өзіндік қолтаңбасын, шыңдалған шеберлігін ашып көрсетуге мүмкіндік берді. «Бидің де өзі үні, өз тілі бар»  - дегендей,   би де талғамды қажет етеді. Сондықтан да ансамбль мүшелеріне жүрек қалаулары бойынша би таңдау, оны әрлеп, сомдау, музыкасына сай қою құқығы өздеріне берілді. Осы сәтте әртістер  жаңа қырынан ашылып, қоюшы хореограф ретінде көзге түсті.  

«Гәкку» би ансамблінің дәрежесінің өсіп, еліміздің танымал би ұжымдарының қатарынан табылуына жетекшісі Гүлмира Ордабаеваның қосқан үлесі зор. Талантты, ізденімпаз, бастамашы өнер иесі әр нөмірге ерекше мән беріп, ансамбльдің өсіп, өркендеу жолында бел шешпей еңбек етуде.

Бүгінгі концерт талғамы биік, өзіндік қолтаңбасы, стилі бар ұстаз-жетекшіден үйреніп, тәлім алған әртістердің сахна төрінде жеке өнер көрсетіп, жаңа белеске көтерілгендігінің куәсі.

Онлайн кім

Қазір 167 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр