2021 жылғы 17 наурыз күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында жаңару мен жасампаздықтың бастауы «Әз Наурыз - ән Наурыз!» мейрамына арналған іс-шара өтті.

Бұл театрландырылған мерекелік қойылым солистердің қатысуымен филармония ғимаратының алдындағы алаңда орнатылған  киіз үй мен алтыбақанның қасында басталды. Алтыбақан тебуге жиналған  жастар, күліп-ойнап, әсем әндерімен даланы жаңғыртты. Ақан серінің «Ләйлім шырақ», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әндеріне қоса, «Сәулем-ай», «Аққурай», «Әдемі қыз» сынды  халық әндері де шарықтата шырқалды.

Мейрамға келген сыйлы қонақтар - филармония ардагерлерін  киіз үйде  қарсы алып, халқымыздың «бата – бастан, су –аяқтан» деген қағидасы ұсталынып,   «қолға су құю» рәсімі көрсетілді. Бір қолына құман, екінші қолына шылапшын, мойнына сүлгі асылған жас бала қадірлі қонақтардың қолына оң жақтан бастап аралай су құйып, батасын алды. Үлкендердің бірі осы қолға су құю дәстүрі Сүлеймен пайғамбардан қалған деп, отыз ұлынан айрылған Дәуіт пайғамбар туралы аңызды әңгімелейді, балалар жағы ұйып тыңдады. Қонақтар арнайы жайылған мерекелік  дастарханнан дәм татып, дәстүрлі дәм - наурыз көже  ішіп, ас қайырып, бата берді.

Сыртта өткізілген іс-шара филармония фойесінде жалғасын тауып,   көпшіліктің назарына «Алас» рәсімі  ұсынылды. «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Гүлжан Ахметова «Алас, алас, алас, Шаттыққа толы  шаңырағымнан алас, Кең керілген керегемнен алас, Ырысым кірген босағамнан алас, Отымды жаққан ошағымнан алас, Ұрпағымнан алас, Ұлтымнан алас, Сүттей ұйыған ұлысымнан алас, Желмен алас, Сумен алас, Отпен алас» - деп ел аумағын, мал-жанды   кесір-кесапаттан сақтау үшін киелі отпен аластады.

Қандай той ән-жырсыз, әдемі бисіз өтпек?! Мың құбылған «Гәкку» би ансамблінің биші қыздары көздің жауын алатын   «Қонақжай құрбылар» биімен  мерекені жандандырып, сәнін кіргізе түсті.

Шара көрермендер залындағы  К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің концертімен аяқталды. Бағдарламада Құрманғазының, Н.Тілендиевтің, К.Күмісбековтің шығармалары мен т.б. танымал туындылар  орындалды.

Ал балалар үшін «Мюзикл» театралдық студиясымен ұлттық ойын элементтері бар ойын-сауық бағдарламасы өткізілді.

Онлайн кім

Қазір 64 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр