Қазақта лирикалық сезімге тұнып тұрған халық әндері қаншама? Соның бірі - бәрімізге белгілі «Япурай» әні. Бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың жүз әні» атты телехабарда қазақтың «Япурай» әніне қатысты әр түрлі ой-пікірлер айтылды.

Хабар барысында әлдекім бұл әнді Затаевич Бөкей ордасында естіп нотаға түсіріпті десе, әнші Құдайберген Бекішев өткен ғасырдың 80 жылдары Алматыға келген моңғол оркестрі осы әннің әуенін моңғолдікі деп орындағанын және соған күні бүгінге дейін таңғалатынын жеткізді. Белгілі музыка зерттеушілер мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар деп те қалды. «Япурай» әнін біз халық әні деп келсек, кейінгі кезде оны біреулер Мағжан Жұмабаевқа теліді. Ал Мағжанды көзі көргендердің жазуынша, ұлы ақынымыз қолына домбыра ұстамаған, ән салмаған екен. 

«Александр Викторович Затаевич Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Біріншісін Құлсүйіндік деген ауылда әкесі қазақ, шешесі қалмақ - Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екіншісін берген әнші - Ғалымжан Шынғалиев. Соңғы әнші жөнінде Затаевич: «Песню эту, по словам сообщившего ее Г. Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920-21 годах против бандитских шаек в Уральской губернии», - деп қызықты дерек қалдырды. 

«Япурай» - қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге тұнған тіл байлар інжу-маржаны! 

Оның сол іңкәрлігіне қызыққан Сергей Рахманинов өзінің ең соңғы шырайлы шығармаларының бірі - «Симфониялық билеріне» (1940) «Япурай» әнін өте әсерлі етіп қолданыпты.

«Япурайды» виолончельде балбыратқанда Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдағандай бір ғажайып әлемге енемін», - дейді қазақ әнінің археологы И. Жақанов. «Япурай» әні қазір қазақ тыңдармандарының зор сұранысына ие. Оны Бекболат Тілеухан, Өмірқұл Айниязов, Шәба Әденқұлқызы кемеріне жеткізіп орындап жүр. 

Халқымыздың ән саласындағы бір інжу-маржаны ретінде есептелінетін бұл ән сияқты классикалық дүниенің барлығын мақтаныш еткеніміз жөн.

Онлайн кім

Қазір 54 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр