15 маусым күні «Көкшетау» МС-да денсаулық сақтау саласының өкілдері төл мерекелерін атап өтті, құрметті қонақтар қатарында осы салада адал қызмет еткен ардагерлер болды. Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиналысқа облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысты. Әкім өз сөзінде облысымызда 1857 дәрігер мен 6446 арнаулы орта білімді медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетіп жүргенін, сонымен қатар  облысымызда  дүниеге келген сәбилердің саны 2,3% артқанын, бұл  өңіріміздің республика бойынша бірінші орынға шығуына мүмкіндік бергенін атап өтті. Марапаттау рәсімінде көпшілік тұрғын үйге зәру медицина қызметкерлеріне 20 қызметтік пәтердің кілті табысталғанының куәсі болды. Сонымен қатар Мәлік Мырзалин денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлкен үлестері мен кәсіби қызмет барысында жеткен жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Ал  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әртістері мен әншілері іс-шараның мерекелік  концерттік бағдарламасын дайындады. Іс-шара филармонияның  «Гәкку» би ансамблінің (жетекшісі  Гүлмира Ордабаева) орындауындағы  әсем, кербез «Саз сыры» биімен ашылды. Филармония әншілері  Марина Зяблинцева мен Алдияр Ерғали  А.Райымқұловтың  нәзік, сырлы «Астана – махаббатым»  композициясын  орындады. Филармония әншілері  «Мәдениет қайраткері»   Жанат Есов, Батыржан  Бағдат және Фархат  Сағымбай денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің  баға жетпес еңбегі туралы Э.Колмановский мен Л.Ошанинның «Люди в белых  халатах» әнін орындады. «Muz band» вокалдық тобы «Гәкку» би ансамблінің сүйемелдеуінде  Шәмші  Қалдаяқов пен  Г.Қайырбековтің  «Сен сұлу» әнін көпшіліктің назарына ұсынды. Эльмира Камарницкая мен  Дмитрий Петюль  (саксофон) К.А. Брейтбург пен К.А. Кавелерянның «Лунную мелодию»  шығармасын орындады, бұл дуэт сондай әдемі, сазды да сырлы, құштарлықты оятатындай болып шықты.  Ал  халықаралық байқаулардың лауреаты Бейбарыс Айтмұхамбетов «Ямайка» әнімен ортаға шықты.

«Гәкку» би ансамблі жалынды, ғажап «Гюзалик» өзбек биін көрермендеріне тарту етті. «Мәдениет қайраткері» Жанат Есов перзентхана туралы О.Митяевтың «Волшебный дом» атты сезімге толы, нәзік әнін әдемі орындап шықты. Филармонияның әншілері Данияр Жолбарысов пен Арнұр Нұрғалиев  И. Кальман мен А. Кортневтың жалынды, көңілді «Без врачей жить нельзя» әнін шарықтата шырқады.  Республикалық байқаулардың лауреаты  Джулия Төлеухан  М. Қабылов  пен Б. Қасымовтың «Өмір шіркін» әнін, ал   «Реверанс» спортттық  бал биі клубының бишілері керемет «Джайф» биін орындады.

Концерт соңында барлық әншілер қосыла  А. Розенбаумның «Не болейте, доктор» әнін орындады.

Онлайн кім

Қазір 95 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр