28 мамырда  сағат 19.00-де Щучье қаласының мәдениет үйінде  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілерінің қатысуымен дирижер Әділет Азбаевтың жетекшілік етуімен  К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің  «Күй мен  классика әлемі» атты  концерті өтті. Концерт  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығы аясында  тарихи-мәдени  мұраларымызды  сақтап, дәріптеп, дамыту мақсатында көпшіліктің назарына ұсынылды.

Концерттік бағдарлама барысында халық композиторларының күйлері ойналып, заманауи Қазақстан  композиторларының  төл шығармалары мен әндері, танымал  әлем классикалық шығармалары орындалды.

Концерт оркестрдің тамылжыта орындауындағы К.Күмісбековтің  «Биші қайың» шығармасымен басталды. «Мәдениет қайраткері»  Мереке Бекмағамбетов  оркестрдің  сүйемелдеуінде әні мен сөзі үйлесім тапқан, құлақтан кіріп, бойға таралатын Қ.Деріпсалдинның  «Айнакөл жағасында» композициясын шарықтата шырқады.  Ал  «Мәдениет қайраткері»  Жанат   Есов  А.Қоразбаевтың сазды да сырлы «Шашбаулым» әні мен  «Тройка» атты орыстың  халық әнін нақышына жеткізе орындап шықты. Филармонияның жетекші әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева  Л.Хамидидің  «Бұлбұл» әнін  құйқылжыта шырқаса,  Сәкен Біржанов С.Мұхамеджановтың «Айсұлу»  операсынан Серке  каватинасын керемет орындап, көрермендеріне тарту етті.

Оркестрдің   санқырлығы және әртүрлі жанрларды бағындырып жүрген шеберлігі әр концертте тайға таңба басқандай боп көрініп тұрады және бұл жолғы концерт те осыны дәлелдеді.  Оркестр  қазақ және шетел  композиторларының  шығармаларын керемет орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Түркештің «Көңіл ашар» шығармасы тыңдармандарын баурап алса,  Ә.Бейсеуовтің  әндерінен құралған попурри мен  А.Жайымовтың қазақ әндерінен фантазиясы концертті  ажарландыра түсті. Н.Тілендиевтің шығармашылығы оркестрдің репертуарынан өз орнын ойып алып, ерекше орында тұр. Көрермендер керемет концерт барысында  ұлы композитордың өлмес туындыларының бірі – «Қош керуен»  шығармасын ынтыға тыңдады.

Оркестр  әлем музыкасына да ерекше көңіл бөліп, репертуарын бұл қазына түрімен де толықтырып келеді. Оркестр британдық  композитор әрі дирижер К.Дженкинстың  әсерлі де жүректі бұлқындыратын «Паладио» шығармасын, аустриялық  композитор Й.Штраустың жалынды, ойнақы  «Полька  на охоте» шығармасын,  американдық композитор Д.Уильямстың «Виктория» композициясын асқан шеберлікпен жоғары кәсіби деңгейде орындап, тыңдармандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерт оркестрдің орындауында күй атасы  Құрманғазының «Адай» күйімен аяқталды.  Отандық және шетелдік  ұлы композиторлардың  шығармаларын қаныға тыңдап, ләззат алған көпшіліктің жадында бұл кеш көпке дейін қалары сөзсіз.

Онлайн кім

Қазір 50 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр